Жаңалықтар

Тарих тұнған өлке

    Астана қаласында ұсынылған Қазақстанның 100 киелі орнының тізіміне Қарағанды облысының да тарихи жерлері енгізілді.

«Қазақпарат» хабарлағандай, бұл туралы ҚР Ұлттық мұражайындағы «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми-сараптама кеңесі отырысында белгілі болған.

Кездесудің басты мақсаты – Қазақстанның 100 киелі нысанын анықтап, олардың тізімін құру. Отырысқа Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған, профессор Зейнолла Самашев, профессор Өмірзақ Озғанбаев, профессор Жамбыл Артықбаев және басқалар қатысты.

Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев жасалған жұмыстар туралы мәлімдеді.

– Егер, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының аясында жасалған жұмыстар туралы айтатын болсақ, қалаларда жұмыс топтары құрылған. Олардың құрамына өлкетанушы ғалымдар кірді. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы киелі жерлерді анықтау үшін арнайы әдістемелік құралдар құрастырған, соның негізінде аймақтық жұмыс топтарына ұсыныстар жіберілді. Осыған орай, іріктелетін киелі жерлер екі топқа бөлінген – макрокиелі және микрокиелі. Қасиетті орындар келесі критерийлер бойынша бөлінген: табиғи-ландшафтілі, археологиялық және сәулет ескерткіштері, қасиетті діни қажылық орындар, сондай-ақ, тарихи тұлғалармен, саяси оқиғалармен байланысты жерлер, – деп мәлімдеді ол. Орталық жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы атап өткендей, жоба бес жылға шақталған.

– Биылғы жылы халық арасында кең танымал 100 нысанды анықтау бойынша жұмыстар атқарылды. Бұл тізім екі-үш ай аралығында Ұлттық комиссияның сараптамасынан соң бекітілетін болады, – деді Берік Әбдіғали­ұлы.

Шара барысында ұлттық дәрежеде анықталған 100 нысанның тізімі нұсқасының тұсаукесері болды. Бұл тізімге Қарағанды облысында орналасқан киелі жерлер де енгізілді. Олар –  Ақмешіт тауы (Ұлытау), Бектауата тауы мен үңгірі, Теректі әулие, Алаша хан кесенесі, Жошы хан кесенесі, Домбауыл кесенесі, Бұқар жырау кесенесі, Құнанбай қажы мешіті, Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің Тарихи-мәдени орталығы, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы.

 

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button