Руханият

Тарих қойнауынан жеткен мұра

2020 жылдан бері өңірде 600-ден астам құнды әрі сирек кездесетін жәдігер табылған. Бүгінде оның кейбірі зертханада. Ал, қалыпқа келтірілгендері облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылды. Құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылып, шағын көрме ұйымдастырылды.

Жалпы, археологиялық қазба жұмыс­тары кезінде табылған жәдігерлер әуелі зертханаға тапсырылады. Мұнда мамандар заманауи құрылғылардың көмегімен жәдігерді қалыпқа келтіреді. Ал, зерттеу жұмыстарына бірнеше жылдың жүзі керек. Сондықтан, археологтар тапқан жәдігерлерін музей қорына үш жылда бір мәрте тапсырады екен. Негізі, алғашқы табылған жәдігерлер 2021 жылы қор мұрағатына берілуі керек-тін. Алайда, пандемияның салдарынан кейінге шегерілген. Биыл бес жылдық жұмыс қорытындыланып, жәдігерлер қорға тапсырылды.

– Бізде зертхана тапшы. Жалпы, ел бойынша емес, ТМД елдерінде де жоқ. Сондықтан, тапқан жәдігерлерімізді шетел асырамыз. Сол жақта зерттеліп, құжаттары әзірленеді. Көрмеге қойылған жәдігерлер әр өңірден табылған. Биылдың өзінде сегіз жерде қазба жұмыстары жүріп жатыр. Талды тарихи археология­лық паркі ашылғаннан кейін осы аумақта зерттеу жұмыстарын көп жүргіздік. Бесжылдықта табылған құнды жәдігердің бірі – байырғы заман адамдарының бас сүйегі. Үш бас сүйекті тауып алған бойда антропологтарға, зертханашыларға жолдадық. Олар компьютердің көмегімен бас сүйектің графикалық суретін әзірлеп, пластик үлгісін жасап шығарды. Ал, бас сүйектің түп нұсқасы – музейде. Зерттеу барысында қола, сақ және орта ғасырда өмір сүрген адамдар екені анықталды, – деді тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы басшысының орынбасары Жанболат Мажитов.

Одан бөлек, сақ дәуірінде қолданылған үш аяқты қоладан жасалған қазан да бар. Жәдігер 2023 жылы «Қызыл жартас» қорғанынан 100 метр қашықтықтан табылған. Мұндай жәдігер тек Оңтүстік Қазақстан өңірінде ғана кездеседі екен. Бірақ, бүтін қалпында Қарағандыда, тіпті, Қазақстанда табылған ең бірінші қазан көрінеді. Одан бөлек, қазанның ішінен сол дәуірге тиесілі қанжар және басқа да дүниелер табылған. Қалпына келтірушілердің көмегімен ішіндегілері жеке алыныпты. Екі жылдан бері толық зерттеліп, биыл ғана музей қорына тапсырылуда. Нұраталды қорымынан табылған қоладан жасалған құмыра құрамының 70%-ы – мыс, 30%-ы – қола екен. Ал, «Беғазы-Тасмола» ЖШС директоры, археолог Арман Бейсенов: «Қарқаралыдан бүтін күйінде табылған Ғұн дәуіріндегі бір жүзді семсер – үлкен олжа», – дейді.

– Бұған дейін Қазақстанның әр өңірінде дәл осы семсердің сынықтары табылған еді. Бірақ, бүтіндей сақталғаны – осы ғана. Одан бөлек, сақ дәуіріндегі балта табылды. Бұл балта да ел аумағында табылған жалғыз сақ балтасы. Бұған дейін балта табылмаған. Қазақстан аумағында алғаш рет темір ыдыстың ернеуі табылды. Диаметрі – 18 см, түбі – 12 см. Қолға түскен бар дерек осы ғана. Бірақ, анализдердің қорытындысына байланыс­ты неден және қалай жасағанын білдік. Қалыңдығы 2 мм темірді иіп, екі бөлек жасаған. Кейін екеуін дәнекерлеген. Ернеуінің астынан екі құрсау жіберген, – деді археолог.

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы осыдан бес жыл бұрын Ә.Ермековтің қыстауын толық зерттеуді арнайы мамандарға жүктеген. Қазба жұмыстарының нәтижесінде қыстаудан кесе сынықтары мен темір бөліктері табылған. Кесе Кузнецов фабрикасынан шыққан. Ал, фабрика XIX ғасырға тән. Одан бөлек, сол жерден табылған ұршық, түрлі-түсті шыны табақтарының сынықтары да музей қорына тапсырылды. Ал, әлгіндей шыны табақтар сол уақытта тек байдың үйінде ғана болған екен.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген автор

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button