АймақОсакаров

Тарихқа тағзым еткен рәсім

Осакаров ауданында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған жиын өтті. Шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, ерлігіне тағзым етуге арналды.

Өткен ғасырдың бірінші жартысындағы саяси қуғын-сүргін сан тағдырды тәлкек етті. Нақақтан жер аударылған, әділетсіз сотталған, көрсетіндімен өлім жазасына кесілген мыңдаған адам қуғын-сүргінге ұшырап, зобалаңға душар болды. Қуғын-сүргін кезеңінде Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Бұл санның артында сүргіннен зардап шеккен миллиондаған отбасылардың тақсіреті жатыр. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген. Сол жылдары жазықсыз жазаланғандардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, өзге де ұлт зиялылары болды.

Бұл есімдер исі қазақ елі қасі­ретінің жаңғырығындай. Ұлы даланың қыран ұлдары ұлт идеясы үшін күресіп, басын бәйгеге тікті. Қылтасынан қиылған сом тұлғалар тарих бедерінде алтын әріппен жазылды. Өйткені, олардың үміті мен арманы шындыққа айналды. Кейінгі жас буын егемен мемлекеттің аумағында асқан әрі еркін өмір сүруде.

Тоталитаризмнен зардап шеккен ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналды. Ата-бабадан дарыған қайсарлық пен төзімділіктің арқасында қатаң сыннан абыроймен өтіп, біртұтас ұлт ретінде бірігуге мүмкіндік туды.

Бүгінде елдің бірқатар өңірлерінде, оның ішінде Осакаров ауданында да монументтер мен ескерткіш тақталар орнатылған. Бұл – қазақ жұртының дархан көңілі мен даналығына деген шексіз ризашылықтың белгісі.

Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов пен аудандық мәслихат төрағасы Қанат Саққұлақов естелік белгіге гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Саяси қуғын-сүргін және жантүршігерлік ашаршылық жылдарында қаза тапқандарды еске алу және қайғыру белгісі ретінде бір минут үнсіздік жарияланды.

Сарыарқаның сайын даласы – ең қымбат Отаны мен үйінен айырылған қоныс аударушылар үшін баспана болды. Оның ішінде Осакаров ауданы сүргінге ұшыраған отбасыларының жартысынан көбін қабылдады. 13 нөмірлі арнайы кент құрылды. Еділ, Пенза, Тамбов, Курск және басқа облыстардан қуғындалып келгендер мәжбүрлі түрде жат жерге қоныстандырылды.

Айта кетерлігі, ескерткіш белгінің маңына Осакаров ауданының барлық 13 нөмірлі кентінің өкілдері жиналды. Әр түрлі халықтардың біздің өңірге қоныс аударуына қатыгез саясат себеп болғанына қарамастан, депортацияланғандардың ұрпағы Қазақстан жерінде жаңа өмір бастай алды.

Барлық қатысушылар естелік белгіге гүл шоқтарын қойып, тәжім етті. Зобалаң жылдарды бастан кешкен әр арыстың айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен «тар жол тайғақ кешуі» бүгінгі ұрпақтың есінде.

Қазақтың маңдайына біткен марқасқалары 1937-1939 жылдары азап шекті. Тәуелсіздік жылдары 146 мыңға жуық күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аты жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнама шеңберінде 340 мыңнан астам жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталды.
Тағылымы мол рәсім қатысушылары жиын соңында естелік фотосуретке түсті.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Осакаров ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button