Поэзия

Таныстық

Тек-есімім – Мамыр да, Базар – атым,

Өнерім бар өлеңді жаза алатын.

(Қалам тартқан қашаннан қазақ ақын)

Күндізгі Айдай елеусіз көптің бірі –

Арман қуған мен де бір азаматың.

Бір құрбыңмен саз беріп, наз алысқан,

Бақ тілеген баршаға базары ұшқан.

Күз бен қысы, көктеммен жазы ауысқан,

Туған жерім – қасиетті Қазақстан.

Құртып бітпей Жердегі жауын Жердің,

Космосқа көз салған дәуірденмін.

Құрметтеген құрлықты қауымды елдің

Қамын жеген қауіпті заманда осы,

Бейбітшілік сапында жауынгермін.

Құдіреті Құдайдай пір, тәңірім,

Адамдардың адал бір ұрпағымын.

Сұлтаны да, Отанның ұлтанымын.

Шырмауықтай шырмалған жауыздықтың,

Шауып өтсем деп едім қыл-тамырын.

Құлағым бар қалт еткен қамысқа елең,

Жасыным бар жанымда намыс деген.

Суым да бар, уым бар әлі ішпеген,

Мақал бар ғой ежелден елімізде

«Бір – біліс, екі көрген – таныс» деген.

Туысымдай таныс де тағы да бір,

Табыстырса маған тән Дауыспенен.

Базар МАМЫР.

Басқа материалдар

Back to top button