Бас тақырып

Байырғы қазақ киімі қандай болған?

Өткен ғасырларда қазақ арасындағы әлеуметтік теңсіздік сыртқы киімнен көрініс тапқан. Киімінен адамның әлеуметтік дәрежесі, кәсібі, тұрмыс-тіршілігі аңғарылған. Мәселен, сұлтандар мен хандар мұрақ бас киімін, сал-серілер жарғақ шалбар, шәйі көйлек кисе, аңшыларды шекпен-күләпарасынан, батырды қаттамасынан ажыратқан екен.

Ресейдің Санкт-Петербургіндегі Кунсткамера аталатын мұражайында ежелгі қазақ таспаланған фотолар мен тұтынған заттары тұр. Тұрмысы жақсы қазақтар мен қарапайым халықтың киім киісі қандай болғанын ескі суреттер дәлелдей түседі. Мұны XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында И.Поляков, Де-Лазари Константин, С.Дудин, Ф.Туполев секілді орыс этнографтары таспаға басқан.

Ұлттық киім киген еркек пен әйелдің портреті. И.С. Поляков. 1879 жыл. Семей облысы

Табиғат төсінде өскен, еркін ғұмыр кешкен қазақтың киім киісі өзге ұлттармен салыстырғанда өзіндік ерекшелікке ие. Қазақ киген киімнен-ақ адамның кім екені, яғни, оның жасы, қоғамдағы орны, отбасылық жағдайы, қызметі, шыққан тегі т.б. аңғарылатын болған. Қазақ халқының күнделікті және сән-салтанатта киген киімдері – бір төбе.

Б.Хинаят, А.Сужикова құрастырған «Қазақ халқының ұлттық киімдері» кітабында көшпендiлер адамзат тарихында атқа отыруға қолайлы болу үшiн ойлап тапқан кең шалбар мен екi өңiрi ашық, қаусырылатын кеуде киiмi – шапанды адамзат өркениетiне қосқаны айтылады. Әрине, қазіргі қазақтың ұлттық киімдері ертедегі көшпенділер киімінің үлгісін еске түсіреді. Тіпті, күнделікті киіп жүрген біраз киiм үлгiлерi сақ дәуiрінен бастау алады. «Қазақтардың киiмдi солға қаусыратыны сақ киiмдерiнде, орта ғасырларда түрiктерде кездеседi. Көшпендiлердiң киiм үлгiлерiнiң тiгiлу мен пiшiлу тәсiлiнде сабақтастық сақталған», – делінген кітапта.

Қазақ отбасының портреті. Қазақстан, Жетісу губерниясы (Жетісу обл. Лепсі уезі) Де-Лазари Константин Николаевич. 1898 жыл.

Қазақ халқының күнделікті және сән-салтанатта киген киімдері де бөлек. Киімінен кім екені білінгенін де айттық. Ертеде қазақ даласында хан-сұлтанды кездестірген қарапайым шаруа атынан түсіп, оң аяқ тізесін бүгіп, сәлем берген екен. Қарапайым шаруа алдынан шыққан адамының ақсүйек екенін қайдан білген десеңіз, VІІІ және ХХ ғасырлардың басында қазақ билеушілері қара-қоңыр түлкі терісімен қапталған конус тәрізді ақ немесе қызыл түсті бас киім кигенін айтуға болады.

Ауқатты адамдарға жібек, атлас, барқыттан киім тігілген. Костюмдері алтын және күміс кестелермен толықтырылды, моншақ, маржандармен, асыл тастармен безендірілді. Қарапайым адамдардың киімі арзан матадан тігілген.

Той көйлек пен сәукеле киген қазақ қызы (ортадағы). Қазақстан, Жетісу губерниясы (Жетісу обл. Лепсі уезі). Де-Лазари Константин Николаевич. 1898 жыл.

Әлеуметттік дәрежені ажыратуда киімдердің түсі басты рөл атқарған. Билеуші тап өкілдерінің шапандары көбінесе, қызыл, алқызыл, қоңыр қызғылт, қызыкүрең барқыт, қырмызы маталардан тігілген екен. ХVІІІ ғасырда ақсүйектер осы түстес шапандар киген, бірақ, кейін мұндай киім түрін түрлі-түсті қамқадан тігілген киімдер ығыстыра бастаған. Алайда, қарапайым көшпендінің мұндай киімді сатып алуға ақшасы да, дәл ақсүйектердікіндей киім кию құқығы да болған жоқ. Сондықтан, олар жүннен немесе мақтадан жасалған астары бар көрпе сырт киімдерін киді.

Бұрынғы кезеңдегі киімдер сәндік элементтер мен әшекейлердің алуан түрлілігімен ерекшеленген. Шеберлер кесте мен өрнектерді белсенді қолданды, өйткені, олар зұлым күштерден қорғайды деп сенді.

Ал, ХІХ ғасырдың басына дейін киімнің көп бөлігі жүннен, былғарыдан және киізден тігілген. Қазақ хандығының Ресей аумағына қосылуынан тауарлар Орта Азия мен Қашқардан әкелінген маталарды ығыстыра бастады.

Географ Алексей Левшин «XIX ғасырдың басында кедей қазақтар жергілікті тоқылған мата мен киізден киім киіп, XIX ғасырдың ортасынан бастап импорттық маталарды қолдана бастады», – деп жазды.

Бай мен кедей балаларының киім киісі бөлек болған. Мәселен, қазақ байларының қыздары тұрмысқа шыққанда киген сәукелесі алтын және күміспен, інжу-маржандармен, асыл тастармен безендірілген. Ұзатылатын кезде сәукелені бай қыздары алдын ала жасатқан. Кімнің сәукелесі биік болса, қыздың мәртебесі де соншалықты биік деп есептелген. Бұл туралы этнограф Ғалия Қайдауылқызы «Киелі кимешек» кітабында былай дейді:

«Сәукеле – кимешектің бастамасы, басты бастықтыратын байыпты баспалдақтай бойжеткеннің әйелдік кезеңге мойынұсынғандығының белгісі. Сәукеленің сұлбасы көк әлеміне шаншыла үшкілденген оттың алауына ұқсайды. Бұл шаңырақтың иесі – отағасы болса, ошақтың иесі – отанасы деген ишара. …Сәукеле неғұрлым биік болған сайын салтанаты арта түседі. Шамамен екі қолды төбеден асыра созып, саусақтарының ұшын түйістіргендей ұзындықта болған. Астыңғы тиянағы қозының жүнінен талдырып, басып қарпылған жұқа ақ киізден қиылып тігіледі».

Тойдың сырт киімі мен сәукеле киген қыз. Қазақстан. Семей облысы. С.М.Дудин. 1899 жыл.

Қарапайым қыздардың сәукелесі тиындармен, моншақтармен, бисермен, мата қиындыларымен безендірілген. Қалыңдық отбасының сәукелеге қаражаты болмаса, онда қалыңдық сәукелесіз, қарапайым орамалмен ұзатыла берген екен.

Бай қалыңдықтарға зерлі матадан маңлық (алтын және күміспен қоса тігілген қытай жібегі) тігіп, терімен астарлаған. Қыздардың жеке қысқы киімдері тек бай отбасыларда болған, дегенмен, тон қыз жасауының негізгі бір бөлігі болды. Кедей отбасынан шыққан қазақ қыздары сырмалы шапан немесе күйеуінің тонын киген.

Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігіндегі Кіші жүз аумағында өмір сүрген бай қыздар алтынмен кестеленген жарқын барқыт бас киімдерін киген. Қазақстанның оңтүстігінде өзбек шеберлерінің, солтүстігі мен батысында татарлардың қолынан тігілген киімдер болған.

Сұлтан Есім Бөкеев екі әйелімен. Қазақстан. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы. Ф.Туполев.

Тұрмысқа шыққанға дейін қазақ қыздары басына орамал тақпаған. Белгілі жазушы Зейнеп Ахметова былай дейді:

– Қазақ қыздары бұрын тұрмыс құрғанға дейiн орамал салмаған. «Басына орамал түстi» деген «ақ некелi әйел болды» деген ұғымды бiлдiрген. Күйеуге шықпай тұ­рып, орамал салу Кеңес өкiме­тiнiң келуiмен, комсомолмен бiрге келген. Қазақ қыздары оған дейiн кәмшат бөрiк, үкiлi тақия, моншақты сораба, шашақты қасаба, жырға секiлдi керемет сәндi бас киiмдердi киген. «Қыздың көркi – шаш» деп шаш күтiмiне ерекше мән берген­дiктен «шашын он күн тарап, бес күн өрген» деп әнге қосып әсiре­леген. «Қолаң шаш», «сүмбiл шаш», «қара шаш», «алтын шаш» деген қазақ қыздарының шаш бiтiмiне орай берiлген әдемi теңеулер де бар. Ендi осындай шашқа тағатын шолпы, шашбау, шаштеңге сияқты әшекей бұйым­дарды қосыңыз, – дейді.

Күнделікті өмірде қыздар бүркіт қауырсынымен тақия киіп, шашбау тағып, тұмар ретінде қызмет ететін күміс зергерлік бұйымдарды таққан. Қыздар өсіп келе жатқанда, көйлектің етегіне қосымша қабаттар тігіліп, ұзартылған.

Әрине, қазақ халқының өткені, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық киімдері, зергерлік бұйымдары жыр-аңыздарда, эпостарда жырланады. Оны оқырман оқи отырып, көз алдына елестетеді. Музейде сақталған фотолардан ежелгі қазақтың кейпін көріп, тірі суреттердің сөйлеп тұрғанын байқайсыз.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button