АймақБас тақырыпҚарқаралы

Тамсандырған Қарқаралы қымызы

Жылқы – мінсең көлігің, жесең – азығың, шөлдесең – сусының. Кең-байтақ ата жұртымызды көз алартқан жаудан сақтаған баһадүр бабалардың қанаты болған да осы – жылқы. Кейінгі жылдары еліміз осы жылқы малының қадір-қасиетін арттыруға ден қойып келеді. Елімізде тұңғыш рет ұлттық сусын – қымыз ұлықталған «BaiQymyz – бапталған қымыз» атты гастрофестивалінің өтуі – сөзімізге дәлел. Фестивальге еліміздің түпкір-түпкірінен қатысушылар келіп, «Ең үздік қымыз» байқауына қатысты. Ел назары елордада болды. 70 мыңнан астам халық қатысқан фестивальде Қарқаралы ауданынан барған «Қарқаралы қымызы» екінші орын алып, 15 млн теңге қаржылай сыйақы еншіледі.

Сурет ұйымдастырушылардан

Қазақстандықтарды ғана емес, шетелдік туристерді де қызықтырған гастрофестиваль Астананың іргесіндегі «Қазанат» ипподромында өтті. Ұйымдастырушылардың дерегіне сүйенсек, алғашқы күні шараға 40 мыңнан астам мейман келіпті. Фестивальге қатысушылар тарапынан жалпы саны 16 тонна қымыз әкелінген.

«Ең үздік қымыз» байқауында тағамтану мамандарынан құралған қазылар ең дәмді, бабымен ұсталған қымызды анықтады. Ең бастысы – халықтың таңдауына басымдық берілді. Фестивальге келген жұрт дауыс беру арқылы ең дәмді қымызды анықтады.

Аймағымыздан Қарқаралы ауданына қарасты Тегісшілдік ауылдық округіндегі «Қарыншы» шаруа қожалығы барған еді. Қожалық иесі – Төлеген Қайырбекұлы. Көшті әулеттің әкесі 79 жастағы Қайырбек Қыдыралин ақсақал бастаған. Фестивальге 900 литр қымыз апарыпты. «Қарқаралы қымызын» халықтың ұнатқаны соншалық, 1 литр де қымыз қалмапты. Қымыздан бөлек, «халық дәм татсын!» деп жылқы мен қойдың етін асқан. Бауырсақ, сарымай мен балқаймақ та дастарханға қойылған. Ақсақалдың сөзінше, фестиваль кезінде қымызын қайта айналып келіп ішкендердің қарасы көп болыпты. Тіпті, сат деп жалынғандар да табылған. Қазылар алқасы да бір ауыздан ұнатып, жоғары баға беріпті. Ал, сайлау нәтижесі бойынша «Қарқаралы қымызы» 2 090 дауыс жинаған.

Қайырбек Қыдыралин қымыз баптауға жан-тәнімізді саламыз деп отыр. «Өйткені, қымыз – кең-байтақты жайлаған көшпелі жұртты небір дерттен сақтаған, бойға қуат, ойға шуақ берген қастерлі де қасиетті сусын» дейді.

– Жылқы – қазақтың жаны. Жеріміз де жылқының арқасында сақталды. Ең бір маңызды қасиетінің бірі – қымызы. Қымыз – мың да бір дертке ем. Жылқының сүтінде денге қуат болатын барлық дәрумен бар. Мәселен, күбіге тобылғыны ұстайды. Тобылғының майын баланың жазылмайтын жарасына жақсаң, келесі күні жазылып кетеді. Әлгі майдың емдік қасиеті өте керемет. Қазақ соны әуелден білген. Сол майды қымызға сіңіреді. Тобылғыға бабымен ұсталған қымызды ішсеңіз, ағзадағы вирустарды өлтіреді. Асқазандағы жараға да таптырмас ем. Қымызды ішкен қазақ көп ауырмаған. Денсаулығы мықты болғаны сонша, әр үйде 10-15 бала болған. Жалпы айтқанда, қымызбен күшейген денсаулықтың арқасында ауырмай-сырқамай, ұрпақты көбейтіп, қазақ өзінің ұлысын сақтап қалған, – деді Қайырбек Қыдыралин.

Шаруа қожалығы 1997 жылы құрылған. Бұл күнде қожалық иелігінде 1 500 жылқы бар. Соның 30-ға жуығы сауын бие. Күніне 150-200 литр сүт алады екен.

Аудан орталығы Қарқаралыда «Қарыншы» шаруа қожалығының 2 дүкені бар. Екеуінде де қымыз сатылады. Қайырбек Қыдыралиннің сөзінше, қымызды Қарқаралы тұрғындарынан бөлек, табиғаты сұлу өлкеге келген туристер де іздеп жүріп сатып алады.

«Ең үздік қымыз» байқауында бірінші орынды Абай облысынан келген Саржал ауылы, үшінші орынды Ақмола облысы иеленді. Бірінші орынға 20 млн теңге, ал, үшінші орынға 10 млн теңге берілді.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button