Талдының тамырына қан жүгірткен
Әдетте, ауыл әкімдігіне экономист, мұғалім, заңгер, агроном секілді мамандар сайлауға түседі. Ал, журналистен әкім шыға ма? Шығады екен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі саяси реформалар аясында аудан, ауыл әкімдерін сайлау жөнінде пәрмен берген еді. Халық қалаған әкімін өзі сайлап алады. Осыдан он ай бұрын Шет ауданы, Талды ауылында әкім сайлауы өтті. Оған «Қазақстан» Ұлттық арнасының Қарағанды қосынына он бес жыл бойы жетекшілік еткен кәсіби журналист Нұрлан Әбжанов өз кандидатурасын ұсынды. Өзі осы өңірдің топырағында туып-өскендіктен халық қолдап, 251 дауыс жинап, әкім болып сайланады. Журналист-әкім бүгінде ауылды өркендету жолында жүр. Осы жолда қаншалықты қажыр-қайрат жұмсап жатыр. Бізге де қызық…
Журналистен әкім қалай шықты?
Ұлттық арнада ұзақ жыл қызмет ете жүріп, аймақтың көптеген күрмеулі мәселесінің шешімін табуға ықпал еткен Нұрлан Аманұлының ендігі ғұмырын туған ауылын түлетуге жұмсаймын деген ой көктен түскен жоқ. Қаладан да, ауданнан да аса алыс жатпаса да, тұрмысы жүдеу тартқан ауылының ахуалы жанын жегідей жесе керек.
Журналист кезінде ауылының маңызды деген мәселелерін телеарнада ашық көтереді. Мәселен, тозығы әбден жеткен ауыл мектебіне 2003 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға атсалысады. Сол жылы аңқасы кепкен ауылына сапалы ауызсу тартып беруге де күшін салады. Құмкөл ауылына көпір керек деп те билік назарын аудартады. Тізе берсек, жалғаса береді. Журналистикадағы осы бір еңбектері елеусіз емес. Облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығын «Алтын микрофон» аталымы бойынша жеңіп алады. Микрофоны арқылы ауылға қызмет қылған журналист-әкім ақыры ауылына қайтуға белді бекем буған екен.
Нұрлан Аманұлы телеарнадағы қызметінен соң Қарағанды облысы бойынша «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы болып екі жыл қызмет жасады. Одан соң облыстық прокуратураның бас маманы ретінде тағы екі жыл еңбек етеді. Кейіннен «БиАта» шаруа қожалығын құрып, асыл тұқымды сиыр өсіреді. Әкімнің өзі: «Әр қызметімнен түрлі тәжірибе жинадым. Әсіресе, журналистикадан жан-жақты болуды үйрендік. Заң саласында жүріп, заңдылықтарды меңгердік. Кәсіпкерлік палатадан кәсіппен айналысуды, қаражат тартудың түрлі тетіктерін түйсіндік. Осының бәрі ендігі жаңа қызметіме септігі тиеді деп ойлаймын», – дейді.
Он айдағы оң игі іс
Талды ауылының кіреберісінен жақында ғана Сеңкібай би бабамызға арналған алаң салыныпты. Би атаның мазарына қыс пен көктемде көлік жете алмайды екен. Соны ескерген ауыл әкімі Сеңкібай бидің киесіне айналған сұңқарды тұғырға қондырып, тақтаға бидің аталы сөзін жазып, арнайы орындық қойыпты. Бұл – ауылға бөлінген түрлі жобалардан үнемделген қаржыға салынған. «Қыран kz» ЖШС конкурс арқылы ұтып алып, сапалы орындап берген. Қазір ауылға келіп кеткеннің барлығы аялдап тоқтайтын қасиетті орынға айналған. Бұл – әкімнің бала күнгі арманы.
Талды археологиялық паркіне осы ауыл арқылы өтеді. Былтыр да, биыл да туристер легі көп. Франциядан, Германиядан келетіндер саны артқан. Осыны ойлаған әкім кіреберістен келушілерді қарсы алатын ауылдың төлқұжатын билбордқа орнатып қойыпты. «Қаражартас» қорымының суреті бар. Төбесіне жарықшамы да қойылған. Мұның алдында тұрған ескі белгіні сүріп тастаған. Мұнымен қоса, ауыл ішіне тағы үш бірдей билборд тұрғызған. Оған ауыл өнерпаздары, ауылдан шыққан танымал тұлғалар мен еңбек адамдарының суреттері ілінген. Бұл жұмысқа 7,5 млн. теңге қаражат бөлініпті. Бұл сомаға әкімшіліктің алдына жаңа тутұғыр орнатқан. Соның өзінде әкім 2,5 млн. теңге қаражатты үнемдеп қалған.
Осы уақытқа дейін ауыл әкімшілігі мәдениет үйінің аядай ғана екі бөлмесінде жұмыс істеп келген. Нұрлан Аманұлы қараусыз қалған тойхана ғимаратын 7 млн. теңгеге сатып алып, аудан әкімшілігінен құрылыс жұмыстарына да қаржы сұраған. 15 млн. теңге қаражатқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кеңсе жиһаздары мен компьютерлер сатып алған. Жаңа әкімшілік ғимараты салтанатты түрде әлі ашылмапты. Әкім келесі аптада ауылдағы ағайынмен бірге лентасын қимақшы.
Біз әкімді іздеп, ауылға барған күні фельдшерлік-акушерлік пункт іргетасының қадасы қағылып жатты. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша бой көтеріп жатқан жаңа нысанда бас мердігер «Агропромремстрой» ЖШС жұмысын қыркүйек-қазан айына дейін аяқтайды. 200 млн. теңгеден астам қаражатқа салынып жатыр. Қазір құрылыс материалдарының жартысы жеткізілді. Ауыл басшысының өтінішімен мердігер ауыл тұрғындарын жұмысқа алған.
– Негізі, қалада жұмыс істеп жүргенмін. Ауылдан ФАП салынады деп әкім хабарласып, жұмысқа шақырды. Әке-шешем осында ғой. Отбасыммен сол кісілердің қасына келейік, ауылдың бір кірпішін болсын қаласайық деп шештік. Міне, бүгін – жұмысқа шыққан бірінші күнім. Жалақысы да көңілге қонымды. Қазір әртүрлі жұмыс істеп жүрміз. Құрылыс басталысымен қалаушы боласың деді. Қолымыздан келеді, – дейді ауыл азаматы Дархан Әбілтайұлы.
Ауыл мектебінде де күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қырық жыл бойы есігі мен терезесі мүлдем ауыспаған. Әбден шіруге айналған. Қызметке қыркүйек айында кіріскен әкімнің ең басты міндеті – келер жылы бюджеттен қаражат бөлгізіп, осыны жүзеге асыру болыпты. Балалар ескірген есік пен терезенің жақтауынан соққан суықта отырып, білім алуға тура келген. Әсіресе, қыстың суығы шыдас бермей кетеді екен. Соның кесірінен көмірді екі есе жағып келген. 29 млн. теңге қаражат бөлінген жұмыс мамыр айының орта шенінде басталды, тамызға дейін толық тәмамдайды. Мұнда да ауылдың алты азаматы еңбек етіп жүр.
– Мектептің үш қабатындағы барлық кабинеттің есігін ауыстырып біттік. Қазір терезелерді ауыстырып жатырмыз. Жұмыстың жартысын өндірдік. Есік-терезенің барлығы шіріп кеткен. Басымызды шайқадық. Ауыл азаматтары болып, өзіміз ауыстырып жатырмыз. Сапалы істейміз. Өйткені, өзіміздің балаларымыз, немерелеріміз оқиды ғой. Бастысы, балалар биыл қыста алаңсыз сабақ оқитын болады. Соған қуаныштымыз, – дейді ауыл тұрғыны Мейрам Ибраев.
Ауыл әкімі мектептегі қызу жұмысты қадағалап болған соң жаңа әкімшілікке алып барды. Жиын өтетін конференция залы, жас мамандар мен ауылдағы учаскелік инспектордың жеке кабинеті бар.
Ауыл халқы әкіміне риза
Әкімшілікті аралап жүргенімізде ауыл ақсақалы Мұхтар Түсіп әкімнен көмек сұрай келді. Жұрт болып жұмылып, ауылдың іргесіндегі қорымды қоршап жатыр екен. Соның материалдары қаладан жетіпті. Жүкті түсірісетін екі-үш жігіт сұрай келген екен.
– Жаңа әкіміміз ауылды көгертіп жатыр. Істеген ісін халық көріп отыр. Ауылды көтеремін деген үлкен құлшыныспен келген азаматқа ауыл болып қолдау көрсетеміз. Жылда таудан ағатын су ауылды екіге қақ бөліп басатын еді. Биыл судан аман-есен өттік. Күзде жарты шақырым бөгет тұрғызды. Ауданнан техника алдырып. Көпірдің астындағы құмды тазалап, үш арна жасатты. Өзен ағатын. Сол көп көмек болды, – деп батасын жаудырды Мұхтар ақсақал.
Ауыл ақсақалдары өздері сайлап алған әкімге биыл тоңның қалың болатынын, судың мөлшері жылдағыдан көп келетінін ескерткен. Ол аудан әкімшілігінен осы бағыттағы шаруаға 1 млн. теңге қаражат сұрап, соған тендер жариялаған. Техника тізгіндеген жігіттің жанын қоймай, сол қаражатқа таудан келетін тасқынға бөгет те соқтырып алған.
«Азаматтар қолдауы айрықша»
Нұрлан Аманұлы ауыл азаматтарының қолдауы айрықша екенін айтады. «Онсыз жұмысымыз өнбес еді» дейді. «Туған ауылымның ұйымшылдығы – негізгі күшім» деп отыр.
– Расымен, ауыл азаматтарының ауызбіршілігінің арқасында көп шаруа жүзеге асып отыр. Мәселен, жігіттермен ақылдасып, жылқы қоршауын салайық деп шештік. Азаматтар аз-маз ақша жинадық та, қаладан қажетті сымды, тор қоршау мен трубалар алып келдік. Екі күннің ішінде тұрғыздық. Осы жерге жылқысын қамайды, таңбалайды, сататынын осы жерден құрық салып ұстап, артып жібереді, – дейді әкім.
Осыдан бес-алты жыл бұрын ауылға өрт сөндіру көлігі сатып алынған екен. Алайда, тұрақ болмағандықтан, штат берілмей келген көрінеді. Мәдениет үйінің сыртындағы отыз жыл бойы қаңырап бос тұрған ғимаратты таңдап алған. Қыстың ішінде жігіттерді жинап, бір қабырғасын құлатып, қақпа қылған.
– Тұрақ дайындауымыз бір шаруа болса, «Газ-66» көлігін жөндеу екінші бір шаруа болды. Көлік жүргізушісі Айбек Жұмабектің еңбегін атап өтуіміз керек. Моторын жаңалап шықты. Төрт бірдей жаңа дөңгелек салдық. Мотопомпа сатып алдық. Ақылдасып автоматты су сепкішті орнатуды жөн санадық. Өйткені, 2 тонна бөшке су дала өртін сөндіруге аздық етеді. Мұнымен қоса, 60 өрт сөндіру шыпыртқысын дайындадық. Ауылдың алты жігітін штатқа қабылдадық. Керек-жарағымызбен қамтамасыз етті. Енді рацияға тапсырыс бердік. Екінші жалақымызды алып үлгердік, – дейді өрт сөндіру бекетінің капитаны Бауыржан Махметов.
«Жер, жер және жер!»
Әкім Талды ауылына тиесілі 15 мың гектар жер белгісіз біреудің қолында дейді. Сол себепті, жер мәселесі өткір тұрғанын айтады.
– Ауылдағы жер мәселесі қазір даулы әрі шешімі күрделі проблемаға айналды. Кезінде жерді иеленгендер бүгінде не мемлекетке өткізбей, не өздері пайдаланбай, жайылым мен шабындықты «ел қонбаған жер жетім» дегізіп отыр. Талды ауылдық округі бойынша барлығы 124 мың гектар жер болса, соның 15 мың гектары белгісіз біреулердің қолында. Осы жер телімдерін қайтарса, жерсіз отырған шаруалар кәдеге жарататын еді. Осы мәселе бойынша барымды салып, жұмыс істеп жатырмын. Өйткені, ел-жұртқа обал. Биыл қыста шаруалардың шөбі аздық етіп, қаншама малынан айырылды. Одан кейінгі мәселе – жылқы мен сиыр табыны. Қазір бақташы таппай отырмыз. 325 мың теңге айлық төлейміз десек те, ешкімнің құлқы жоқ. Осылайша, бағын мәселесі баяу. Мал шығыны бар дедік қой. Сондықтан, күн құрғатпай іске асыратын тағы бір үлкен шаруа бар. Ауыл әкімдіктерін техникамен қамтамасыз ету керек. Бір-бір тракторды тіркемесімен берсе, санитарлық тазалық, қыста ауыларалық жолдың қарын аршу, жазда өрт қауіпсіздігі үшін жер жырту, күзде тұрмысы төмен отбасыларға шөп түсіріп беру, көктемгі тасқынның алдын алуға бөгеттер тұрғызу секілді шаруалар шешілер еді. Қысқасы, бір ауылдың бар мәселесі осы 20 млн. теңгеге тіреліп тұр. Ауылды қолдау жөнінде ойланғанда, осындай мәселелер ескерілсе екен дейміз, – деген бүкпесіз ойын жеткізді журналист-әкім.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz