Руханият

Талаптың мініп тұлпарын…

«Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми практикалық орталығы және Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің ұйымдастыруымен «Көркем еңбек» пәні бойынша «Жас шебер» облыстық байқауы өтті. Оған облыстың барлық қала-ауданынан бес-жеті сынып оқитын талапты деген жүзге жуық бала қатысты. Олар «Графика», «Кескіндеме», «Ағаш өңдеу», «Металл өңдеу», «Киіз басу» және «Кесте тоқу» бағыттары бойынша бақ сынасты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Шараның ашылуында сөз алған оқу ор­ны директоры Есжан Әміров кейінгі кез­дегі көркем еңбек пәніне оқушылардың қызығушылығы артып келе жатқанын айтты.

– 2018 жылдан мектептегі технология мен бейнелеу өнері пәндері біріктірілгеннен кейін көркем еңбек мамандығы ашылды. Алғашқы жылы 15 орынның өзі толмайтын. Кейінгі жылдары бұған келушілер қатары көбейіп келеді. Екі тілде оқытамыз, – деді Есжан Әміров.

Ол екі пәнді біріктіруге қатысты тиісті министрлікке, Премьер-Министрге хат жазғанын айтты.

– Бір мұғалім бір сабақ аясындағы ас дайындау, металл, ағашпен жұмыс істеу, кескіндеме және басқа да бағыттарды меңгертіп шыға алмайды. Барлығыңыз мектепте істейсіздер, пәннің сағаты аз екенін білесіздер. Біздің қоғамға жұмысшы мамандықтар аса қажет. Технология еңбекке баулиды. Сондықтан, ол керек. Біз бұл қолдаудың нәтижесін де көріп отырмыз. Қазір бастауыш сыныптарды екі бөліп оқытып жатыр. Орта білім де сондай қолдауға ие болады деп сенеміз. Бұл мамандықтың болашағы зор, – деді Есжан Әміров.

Көркем еңбек пәнінен мұғалімі Жаңагүл Смағұлова Шет ауданынан келген.

– Ақсу негізгі орта мектебінен келдік. Мен киіз басу бағытында оқушы әкелдім. Мектепте кесте, сурет салуға балаларды баулимын, – дейді ол.

Ұстаздар шараның облыстық деңгейде өткеніне қуанышты.

– Бұған дейін байқау қалалық деңгейде болатын. Біздің дәрежеміз – зерттеуші. Оған облыстық және республикалық деңгейдегі жетістіктер керек. Байқау деңгейінің өсуі оның маңыздылығын білдіреді, – дейді С.Саттаров атындағы мектеп-лицейінің көркем еңбек пәні мұғалімі Тілеу­жан Жакупов. Ұстаздың оқушысы байқаудың «Ағаш өңдеу» бағытына қатысты.

Оқушылардың талабы мен талантын қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының мүшесі, колледждің кескіндеме және композиция пәні мұғалімі Дәулет Ізбасаров шығарма оқушының өз туындысы болуы басты шарт екенін атайды.

– Байқаудың тақырыбы – көктем. Мен «Кескіндеме» бағыты бойынша жауаптымын. Мұнда балаларға қойылар басты талап – көктем атмосферасын бере білу. Басқа біреудің шығармасын қайталамауы керек, оқушылар өз ойындағысын жеткізуі тиіс. Олар осында отырып, берілген 4 сағат ішінде жұмыстарын ұсынды. Қазылар алқасында басқа оқу орындарының, облыстық білім басқармасының өкілдері бар, – деді ол.

Түстен кейін байқау қорытындысы жарияланды. Әр бағыт бойынша үш же­ңім­паздан анықталды. Олар арнайы диплом­дармен марапатталды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button