Руханият

Таланттардың таңы атты

Облыстық «Таланттар таңы» фестивалі осымен жиырмасыншы рет мүгедектігі бар адамдардың шығармашылық және спорттық әлеуетін ашуда. Әлеуметтік шара мүмкіндігі шектеулі жандарды рухани дамыту және олардың қоғаммен байланысын нығайту мақсатын көздейді.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Фестиваль 12 қарашада басталып, жұма күні мәресіне жетті. Бірінші күннен-ақ қатысушылар түрлі бағыт бойынша жеңіске деген талпынысын көрсетті. Фестивальдің алғашқы күні «Жастар» спорт кешенінде өтті. Мұнда қатысушылар спорттық сайыстарға қатысты. Атап айтқанда, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлерінен сайысты, «Көңілді стартқа» қатысты. Екінші күнінде шығармашылық сайыстар ұйымдастырылды. Ән мен би орындап, көркемсөз оқу, музыкалық аспаптарда ойнау машығын жиналғандарға паш етті. Бейнелеу өнері мен сандық қолданбалы өнер туындыларын көріп, оны мүгедектігі бар адамдар жасады деп ойламайсыз. Бірнеше күнге созылған шараның марапаттау салтанаты жұма күні №2 Оқушылар сарайында өтті.

Шараға мұрындық болған мүгедек балаларға және олардың отбасыларына көмек көрсететін «Үміт сәулесі» қоғамдық қайырымдылық қорының басшысы Татьяна Кравченко фестивальдің ауқымы жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтты.

– Біз бұл фестивальді ұйымдастыруды бастағанда, оған қатысқысы келетіндер аз болатын. Алғашқыда 135 адам қатысқан еді. Қазір қатысушылар саны мыңнан асады. Облыстың барлық өңірлерін қамтыдық. Балаларды ғана емес, ересектермен де жұмыс істеп жүрміз қазір. Алғашқы жылдары ата-аналар ерекше балаларын қоғамға көрсетуден қысылатын. Қазір балаларымыз көп. Олардың жас кезден қоғамнан оқшауланбай, өздерін көрсетіп, дамыта білгеніне қуанамын, – деді ол.

Фестивальға жан-жақтан білім беру және арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орындарының, коррекциялық мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі ұйымдардың ұжымдары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Ең жас қатысушы – 5 жастағы Илья. Ол ән айтты. Фестиваль қатысушыларын қолдап келген туыстары олардың өнері мен талантына куә болып, жетістігіне бірге қуанды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button