Жаңалықтар

Талаптылар топ жарды

Кеншілер мәдениет сарайында ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза ОҢҒАРСЫНОВА оқулары өтті. Ақынның 80 жылдығына байланысты 5-8 сынып оқушылары арасындағы мәнерлеп оқу сайысы «Өлең, мен сені аялап өтем…» деп айдарланыпты.

Қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау арқылы оқушылардың рухын көтеру көзделген шараға қала мектептерінен 47 оқушы қатысты. Байқауға қатысушылар «Мен жалындап өтемін» кезеңінде ақынның бір шығармасын мәнерлеп жатқа оқыса, екінші кезеңде оның өмірі мен шығармашылығы жайлы сұрақтарға жауап берді. Ұйымдастырушы тарап – Кеншілер мәдениет сарайының ұжымы байқау тақырыбын, кезеңдерінің атауын Ф.Оңғарсынованың өз өлеңдерінен алып қойыпты. Жыр оқып, қанатын қомдаған талапты оқушылар аз болмады. Олардың өнерін Сәттібай Жүнісов, Салтанат Кеңесбекова сынды ақындар бағалап, қазылық етті.

Байқау нәтижесі бойынша жүлделі үшінші орын №101 мектеп-лицей оқушысы Анеля Мәмбеталиева және М.Жұмабаев атындағы №39 гимназия оқушысы Айым Жұмажановаға бұйырды, екінші орын №92 гимназия оқушысы Дидар Балмағанбетке табысталды. Ал, бірінші орынды №101 мектеп-лицей оқушысы Балауса Хамит жеңіп алды. «Үкілі үміт» ынталандыру сыйлығы – №101 мектеп-лицей оқушысы Нұрай Қалқаманда.

Үздік деп танылған қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан тиісті дәрежедегі дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button