Руханият

Талант пен талап ұштасқанда…

Қазіргі таңда фотоаппа­раттың түймесін басып үй­ренсе болды, «Фотограф­пын» дейтіндер көп. Әлбетте, біз оларға мін тағып, еңбегін жоққа шығармаймыз. Бірақ, өлі дүниеге жан бітіріп, су­реттерді сөйлете білетін жандардың қатары сирек. Бір сөзбен айтқанда, әлемге объективпен қарап, шедевр жасай білу – таланттың ғана қолынан келетіні даусыз. Ал, жас фотограф Жангелді Әбдіғалымның әр туындысына қарап шеберлігін кө­ріп, талантын да тануға болады. Жас фотографтың есімін облыстық газеттің әр санынан оқып жүрген бо­ларсыз. Бірақ, фотографтың еркін суреттерін көріп, жан дүниесіне үңіліп көргеніңіз жоқ. Осы мақсатта «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков пен «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің қолдауымен жас фотографтың алғашқы фотокөрмесі өтті. 20-дан астам таңдаулы туындысы «Жанарымдағы жарқын сәт» атауымен облыстық бейнелеу өнері музейінің төріне қойылды.

Суреттерді түсірген Төлеген Базылов

Көрмеге облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама бас­қармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов арнайы келіп, ағалық жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, Журналистер одағы Қарағанды облыстық филиалы директорының кеңесшісі Әшімхан Жан­пейісов те қатысып, жас фотографқа Журналистер одағының мүшелігіне қабылданғанын растайтын куәлікті тапсырды.

– Осындай дүниені қолға алып, фотокөрме ұйымдастырып жатқан жастар өсе берсін. Біздің тараптан қашанда қолдау бар. Осындай жастарымыздың арқасында фотоөнер дамиды. Осы іс-шара барысында «Неге бір үйірме ашпасқа» деген ой туындап отыр?! Біз осындай жастарымызға қолдау көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Еркебұлан Қайроллаұлы.

Жангелді Бекболатұлының облыстық газетте фототілші болып қызмет істеп жүргеніне екі жылдың жүзі болды. Жангелдіні ел газет арқылы жақсы біледі. Түсірген әрбір дүниесі газет бетінде тұр. Әрбір барған іс-шарасынан, сапарынан ерекше бір туынды түсіруді әдетке айналдырған. Бүгінде сондай суреттерінен іріктеп, көпшілік назарына ұсынды. Әрі суреттері біріне бірі ұқсамайды.

– Фотожурналистика – журналистика жанрларының ішіндегі ең күрделісі. Фототілші, фотожурналист болу үшін, бойдағы қабілетті ұштау үшін көп ізденіс керек. Жангелдіні газет арқылы ел біледі. Бірақ, біз қоғамдық сая­си басылым болғандықтан рес­ми жиын мен іс-шараларда көп жү­реміз. Салдарынан Жангелдіге ер­кіндік жетіспей жатады. Соған қарамастан «Менің сондай суреттерім бар» деген соң басшылық құрам қолдау көрсеттік. Көрмеге қойылған суреттерінен өңірдің тынысы-тіршілігін, шынайылық­ты көре аласыздар. Алдағы уақытта осындай суреттердің қатарын кеңейту үшін Жангелдіге табиғат аясына немесе керемет құбылыс­тарға куә болатын ортаға жиі бару үшін еркіндік берсек пе деп отырмыз, – деді газеттің бас редакторы Ерсін Мұсабеков.

Көрмеге қойылған суреттердің қақ ортасында әкесінің суретін құшақтап, жылап тұрған қаршадай қыздың фотосы тұр. Тамашалауға келгендердің бәрі осы бір суретке ұзақ қарап, күбірлеп қояды. Бұл сурет Костенко шахтасындағы апаттан қайтыс болған 46 кеншінің құрметіне қойылған монументтің ашылу салтанатында түсірілген. Апаттан қайтыс болған әкесіне деген қаршадай қыздың сағынышы жүрегіңді елжіретеді екен. Жанарынан моншақтай үзілген бір тамшы жасты қас-қағымда түсіріп алғаны – шеберлігі деп білдік. Суретті сөйлетуі үшін қаршадай қыздың қимыл-қозғалысын бағып, екінші планда тұрған көрініспен ұштастыра білгені – таланты деп түйдік.

– Фотоөнер – кенжелеп қалған өнердің бір түрі. Қарағандыда осы өнерді насихаттап жүрген фотографтар жоқ емес. Бірақ, түсірен суретіне жан бітіріп, сөйлететін қазақтілді фотографтар жоқтың қасы. Елдің дамуына фотоөнердің әкелетін үлесі зор. Сондықтан Жан­гелдіні ерекше сәттерді суретке түсіру арқылы елдің дамуына үлес қосады деген сенімдемін. Қарағандыда қазақтың жан дүниесін суретке түсіру арқылы тарихты жазатын қазақтілді фотограф пайда болсын деп ойлап жүрген едім. Бүгін міне, сондай жан өз арамыздан шығып, көрініп жатқанына қуаныштымын, – деді ақын, мәдениет саласының қызметкері Эльмира Сайлауқызы.

Ауыл өмірін бейнелейтін мы­на бір суреті де жаныңа ерекше бір жылулық сыйлайды екен. Қозы-лағын қорасына айдап бара жатқан кішкентай қыздың суреті. Велосипедіне мініп, өрістен келе жатқан малдың алдынан шығып, бөлектеп алған. Ал, артындағы көріністе – ауыл бейнесі. Ақ шатырлы ақ үй, одан әріректе тұрған трактордың кабинасы. Тіпті, әр жақтағы таудың бейнесі еріксіз ауыл өмірін сағындырады…

– Мемлекет басшысы «2025 жыл – жұмысшы мамандықтары жылы» деп бекіткен болатын. Келесі көрмемді еңбек адамына арнаймын ба деген жоспарым бар, – деді жас фотограф.

Айта кетейік, күні кеше ғана «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы Жангелдіні бірлестік мүшелігіне қабылдайтынын айтып, сүйіншіледі. Ал, бұл жаңалықты біз жас фотографқа берілген үлкен мүмкіндік деп түсіндік. Талантты жанның шеберлігін шыңдауға берілген мүмкіндік деп ұқтық…

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button