"Білгенге маржан"

Талғат

1973 жылы жас Тоқтар Әу­бәкіров қос мәрте Совет Одағының Батыры Талғат Бигелдиновті Алматыға іздеп келген. «Көмек бер, қолдап жібер, жоғары жаққа айтыңыз», деген пенделікпен келмеген. Әлемдегі ең мықты әскери  ұшқыштармен қатар тұрған қазақтың һас батырынан бата алуға келген. «Батамен ер көгерді». Тоқтар да Совет Одағының Батыры атанды. Айырмашылығы – бейбіт күнде.

2007 жылы Тоқтар ағамыз алпысын тойлады. Талғат Бигелдинов арнайы келді. Қарқаралыда да болды. Сондағы жас Батыр Тоқтардың һас Батыр Талғат ағасына інілік ілтипатын, кішілік кісілігін, құрметін көріп, қатты сүйсінген едім.

– Мен бейбіт заманда Батыр болдым. Талғат ағатайым жер мен көктен жаңбыр­дай жауған ажал оғының астында жүріп ерлік жасады. Нағыз Батыр –Талғат ағатайым, – деген еді Тоқтар өзін қошаметтеушілерге. Талғат ағамыз 304 рет жау шебіне ұшып барып, жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындаған. 20 жасында әуеге сегінші рет көтерілгенде ИЛ-2 штурмовигімен жаудың ең шебер тісқаққан (неміс ұшқышы 108 әскери ұшақты атып түсірген екен) истребитель мінген ұшқышын атып түсіріп, авиация қолбасшыларының бірі Каманиннен орден алады. Тұтқынға түскен неміс ұшқышы өзін атып түсірген жиырма жастағы сарауыз балапандай Талғатты көргенде жылап жіберіпті.

Талғат ағамыз Днепрді кешіп өтердегі ерлігі үшін, Праганы азат еткендегі ерліктері үшін екі мәрте Совет Одағы Батыры атағын алған. Берлинге бомба тастап, тұң­ғыш сурет түсіріп әкелген де Талғат ағамыз.

Алтын Орда дәуірінен бүгінге дейін жалғасып келе жатқан қазақ халқының батыр ұлдары осылай тегіне, қанына тартпай қоймайды.

Маржан терген Мағауия СЛАНБЕКҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button