Талғат ТЕМЕНОВ: «Тілдің сақталатын жері – театр»
Шыңғыс АЙТМАТОВ – әлемдік деңгейдегі сөз зергері. Шығармалары жаныңызды еріксіз елітеді. Ертең С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында жазушының «Шынарым менің, шырайлым менің» повестінің желісімен дайындалған «Арманым – Әселім» лирикалық драмасының премьерасы өтеді. Жаңаша ықшамдалған қойылымның қоюшы режиссері, театр һәм кино режиссері, Қазақстанның халық әртісі – Талғат ТЕМЕНОВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Талғат Досымғалиұлы, «Адамзаттың Айтматовының» бұл шығармасын көрерменге қай қырынан ұсынбақшысыз?
– Осы қойылыммен театрдың бұрынғы басшысы, марқұм Сансызбай Бекболат досым шақырған еді. Сәті енді түсті. Қазір сол премьераға дайындық қызу жүруде.
Бұл – Айтматовтың ұлы шығармасының бірі. «Махаббат гимні, махаббат сазы» деуге болады. Өйткені, Шыңғыс Айтматов әлемдік әдебиет шыңына көтерілген философ. Оның әр шығармасында адам жүрегіндегі достық, махаббат, жоғалту, қимастық сынды адамзатқа ортақ қағидалардың бәрі бар. Періштедей бейкүнә Әсел мен бозбала Ілиястың тағдыры, махаббаты, қолда бар бақыттан айырылудың не екенін көрсететін шаһқар туынды. Көрермен қойылымнан өздерін көретіндей етіп, диалогтарын ықшамдап, музыкасын түрлі әлемдік классиктердің әуенімен әрледік. Бір ерекшелігі кино стилі бар мұнда. Яғни, көрермен жалықпайды, сахна, саз, қойылым бәрі жаңаша үйлестірілген.
– «Арқаның Ақсарайы» атанған театр актерлерімен тіл табыса алдыңыз ба?
– Театрда кәсіби һәм жоғары білімі жоқ актерлер де бар. Десек те, қазір барлығы қатаң дайындықта. Мен олармен тек қана спектакль болмаса, Айтматов шығармасы туралы ғана емес, өнердің, әдебиеттің рөлі жайлы, ұлы шығармалардан үзінді келтіре отырып, әңгімелесемін. Бұл шығармада музыка үйлесімділігі зор мәнге ие. Уақыттың тапшылығына қарамай, актерлер күн ұзағына театрда.
– Кәсібилік жайлы айттыңыз. Жалпы, актер қалай шыңдалады?
– Актердің өсетін, шыңдалатын жері – тынымсыз дайындық алаңы. Қарындашты ұштайтын ұштағыш болса, актерді биікке көтеретін, қарапайым актерден философ әртіске айналдыратын – дайындық. Тәжірибесі аз актерлер дайындықта көп нәрсе үйренеді, рухани толысады. Меніңше, қазір театр актерлері бір соқпаққа түскен секілді. Қойылымға сақадай сай. Бір жағынан бөтен ұжыммен жұмыс істеу оларға да, маған да қызықты. Себебі, мен режиссер ғана емес, әрі ұстазбын. Шәкірттерге білгенімді үйретіп, бағыт-бағдар беріп келемін. «Шабыт» өнер университетінде кинорежиссер мамандарын дайындап жатырмын.
– Жас һәм кәсіби актерлермен жұмыс істеу қиын емес пе?
– Қашан да жас актерлермен жұмыс істеу, өнерде өз жолын қалыптастырғандарға қарағанда әлдеқайда жеңіл. Өйткені, жастар айтқаныңның бәріне көнеді, барын салады. Ал, қиындығы кәсіби емес маманға екпінге дейін қойып беруге тура келеді. Бұл спектакль көрерменнің іздеп жүріп көретін туындысына айналары анық. Театрға сыймай, билет алуға кезекте тұрады әлі. Себебі, Айтматовтың шығармаларында адамды тартатын бір құдірет болса, екіншісі музыкамен көркемдеу. Бұл – үлкен жұмыс. Мұнда түрлі музыка бар. Қырғыз композиторы Бек Борбиевтің, тәжіктің халық әні «Сорбон» және шетелдік Том Джонс, Луи Армстронг сынды шеберлердің музыкалық композициялары бар. Шығармада кішкентай қырғыздың болмаса қазақтың ауылындағы қарапайым дүниеден әлемдік биікке көтеріліп отырамыз. Өйткені, музыка соған жетелейді, жол сілтейді. Бұл лирикалық драманың ерекшелігі – осы.
– Ал, «драматургия бүгінгі күнмен үндес болу керек» дегенге не айтасыз?
– Махаббат тақырыбы – кез келген шығарманың өзегі, күретамыры. Әлемде көркем шығарма қозғайтын махаббат, достық сынды 7 тақырып бар. Осыларды шығармадан көре алады көрермен. Сосын бұл шығарма қай кезеңде де өзекті. Осы Ілияс пен Әселдің басындағы оқиғалар кез келген ауылда, қалада болуы мүмкін. Өйткені, адам бар жерде адасу, достық, сатқындық, күйзеліс, күйініш пен сүйініш бар. Сондықтан, махаббат жасқа қарамайды, махаббат ештеңеге бағынбайды. Бұл – адамға Алланың берген ұлы сыйы. Махаббат арқылы Айтматовтың шығармасы бүгінгі күнмен үйлесіп тұр.
– Бір сұхбатыңызда «Театрға келу – мәдениеттің алды» дейсіз…
– Ғабит Мүсірепов: «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» дейді. Мұнда көрермен актерлермен бірге күйініп, бірге жылап шықса, театрдың өз миссиясын орындағаны. Сонымен бірге, театр – әр елдің баба тілінің тал бесігі. Қазір «Қазақ тілін қалай үйренеміз?» деген бағдарламалар бар. Тілдің сақталатын жері – театр. Қара сөздің қадірін, поэзияның құдіретін ұққысы келген адам театрға келсін. Өйткені, мұнда ұлы М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сынды сөз алыптардың еңбегі жатыр. Солардың тілін, қазақ тілін аз қолданып, орысша қосып жүрген кезде оны театрдан іздеу, тыңдау керек. Театр барда қазақ тілі ешқашан жоғалмайды. Ол үшін көрермен театрға көп келуі керек.
– Бізде театр бар, көрермен аз. Неге?
– Көрермен болу үшін алдымен карантиннен шығу керек. Екіншіден, жақсы спектакльге өрелі көрермен және әр қойылымға жарнама, жаңашылдық керек. Өйткені, көрермен бала секілді жақсылыққа, жаңалыққа әуес болады. Бұдан бөлек, науқаншылдықтан арылған жөн. Әрине, Абайды қашан да қоямыз. Абай – қазақтың ары, ұлы философы. Сондықтан, Абайды мерейтойда ғана емес, үнемі қою керек. Абай кезек күттірмейтін және қашан да қойылатын үлкен дүние, ауқымды философия.
– Сөз арасында актерлер құрамына тоқтала өтсеңіз…
– Ілиясты – Ахай Жұмамұратов, Әсел образын – Амира Омарова, Қадишаны – Дина Заитова, Байтемір бейнесін – Заңғар Ақаев сомдайды. Қойылымда Ілиястың ұлы Саматтың бүлдіршін кезін Бекарыс Талғатұлы ойнайды. Сахнаға тәй-тәй басқан кішкентай актеріміздің өнерін аталмыш премьерадан тамашалай аласыздар.
– Кино туралы бір ауыз сөз, «Махаббат бекеті» неге жалғаспай қалды?
– Әр шығармамның ұлы туынды болып қалғанын қалаймын. Оған автор ретінде қайтып келгенді жөн санамаймын. Мысалы, «Қыз жібекті» ешкім қайталаған жоқ қой. Қайталау – ол ақша жинап, хайп жасау…
– Махаббатқа негізделген классикалық кино «Махаббат бекеті» мен «Қыз жібектен» кейін ұйықтап кеткен сияқты…
– Кино халықтың көңілінен шығу үшін режиссер философ болуы керек. Көрерменнің жүрегіне дөп тиюі тиіп, сезімін оятуы тиіс. Қазір елдің уақыты жоқ, сол үшін көрермен еріксіз, іздеп көретіндей шығарма жарық көруі қажет. Әр сөзде мән-мағына жатуы ләзім. Қазір режиссер көп. Саны бар, сапасы жоқ. Көрерменге шал мен кемпірді, елдің әжесі мен атасын мазақ қылып, сахнаға шығаратын режиссерді мен мойындамаймын. Кім жаман? Келін жаман. Ал, келінді жаман көрсетуді құптамаймын. Халық баладай пәк. Оған жөн сілтеп, зейінін ашып, жарыққа жетелеу керек. Өйткені, халықты тәрбиелейтін өнер мен әдебиет!
– Сіздің жарыққа шықпай қалған Томирис қай Томирис?
– Менікі терең ауқымды философиясы бар, сақ заманындағы жауынгер, батыр қыздардың тазалығы, ерлігі. Мен үшін мәңгі солай болып қалады. Әр адамның өз Абайы болғаны секілді, менің Томирисім басқа… Мәселен, осы қойылымдағы менің Әселім мен Ілиясым да жұрттыкінен өзге. Драмада ойда-жоқта кездесуден басталған таныстық үлкен махаббатқа ұласады. Шың басындағы шынарға ұқсатқан, ақ жүрегінің құрбаны болуға даяр Әселінен Ілиясты алыстатқан нендей сиқыр, нендей құдірет? Өмірде жасалған бір ғана ағаттықтың бағасы қандай болмақ? Бұған қойылымға келіп, жауап табу керек. Сосын «премьераға дайындықпен келу қажет» деп жатады. Менің премьерама дайындықсыз-ақ келіп, ләззат алуға, рухани демалуға болады. Өйткені, біз жұмылып, көрерменге жұтылып кетердей етіп дайындап жатырмыз драманы. Келген адам өкінбесі анық…
– Уақыт тауып, тұщымды әңгіме өрбіткеніңізге рахмет!
Әңгімелескен Жәлел ШАЛҚАР.