Табиғаттың тасы – алтын, суы – күміс
Биыл «Уылдырық шашу» және «Таза су айдындары» атты табиғатты қорғауға арналған атаулы акциялар аясындағы бірлескен күш-жігердің нәтижесінде өңірдегі су көлемінің едәуір тазарғанын айғақтайтын игі көрсеткіштерге қол жетті. Бұл қос бастама сандаған ерікті мен экологты бір арна басында біріктіре алды. Ал, олар алтын уақытын сарп етті. Осындай көңіл көншітерлік жұмыс арқасында су нысандары біршама тұнықталып, балық өсіміне мол мүмкіндік ашты. Бұл турасында кеңірек Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңына арнайы ат басын тіреген «Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Бекзат Махажанов пен «Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жедел тобының жетекшісі Батыр Корикбаев тоқталды.
Тыйымда да тәлім мол
«Нұра-Сарысу» бассейні аумағында жергілікті маңызы бар 202 балық шаруашылығы су айдыны мен республикалық маңызы бар екі су айдыны бар. Оның ішінде 95 жануарлар дүниесін пайдаланушыларға жергілікті маңызы бар 122 су айдыны бекітілген. Республикалық маңызы бар 9 учаскесі – табиғат пайдаланушылар иелігінде. Жергілікті маңызы бар 80 су айдыны әрі республикалық маңызы бар 7 учаскесі резервтік қорды құрайды. Балық шаруашылығы комитетінің бұйрығына сәйкес, балық пен басқа да су жануарларының алуан түрлілігін сақтау, сондай-ақ, уылдырық шашу балық қорының табиғи өсімін молайту үшін қажетті жағдайды қамтамасыз ету мақсатында 15 сәуірден бастап 30 маусымға дейін «Нұра-Сарысу» бассейні аумағында кезекті рет «Уылдырық шашу» атты табиғатты қорғау акциясы өтті. Яғни, 15 сәуірден 30 мамырға дейін бекітілген балық шаруашылығы учаскелерінде торта, табан, алабұға, мөңке және шортан сынды балық түрлерін әуесқойлық, спорттық балық аулау түрлерін қоспағанда барлық су тораптарын қоса алғанда, Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың ұзына бойында балық аулауға тыйым салынды.
– Сонымен қатар, Қарағанды, Ұлытау облыстарында жергілікті маңызы бар су айдындарында балық қоры мен басқа да су жануарларына уылдырық шашу кезеңінде барынша қолайлы жағдай қамтамасыз ету үшін көксерке балығын 20 сәуірден бастап 20 мамырға дейін, сазан, тұқы балығын 1 мамырдан бастап 30 маусымға дейін аулауға тыйым салынды. Осы кезеңде барлық балық шаруашылығы су айдындарында кез келген балық аулау құралымен жоғарыда аты аталған балық түрлерін аулауға, сондай-ақ, уылдырық шашатын өзен-көлде қозғалтқышты, моторлы, жүзбелі қайықтардың су бетінде болуы шектелді, – деді Бекзат Болатұлы.
Шектеу шаралары
Тәртіпке бағынбаған азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 383 бабында көзделген балық аулау, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Табиғатты қорғау заңнамасын елемеудің жолын кесу мақсатында салалық инспекция өкілдері әр жыл сайын мемлекеттік органдармен бірлескен іс-шаралар жоспары бекітіледі. Құжат шеңберінде жергілікті полиция департаментімен, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорнымен бірлесіп «Уылдырық шашу», «Броконьер» атты жедел профилактикалық іс-шаралары өтіп тұрады. Басты мақсаты – табиғатты қорғау тәртібін бұзу жайттарының жолын кесу.
– Осы жылы уылдырық шашу кезеңінде инспекция бақылауындағы аумақта табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 81 фактісі анықталған. Оның ішінде 14 іс құжаты сотқа жолданды. 1 млн. 200 мыңнан астам теңге сомасына айыппұл салынды. 21 бірлік заңсыз қолданылатын балық аулау құралы мен 1 жүзу құралы тәркіленді. Заң бұзушылардан 110 келі балық тәркіленді. Сондай-ақ, уылдырық шашу кезеңінде балықтың уылдырық шашуына қолайлы жағдай жасау мақсатында су көлемінің қозғалысы шектелді. Уылдырық шашу кезеңінде заң бұзушылардан балық аулауға тыйым салынған аулау құралдары мен ұзындығы 70 метрлік 4 тор, 1 үрлемелі қайық, жалпы салмағы 107 келі мөңке, алабұға, көксерке түріндегі балық тәркіленді. Жануарлар әлеміне келтірілген залал 396 мың теңгені құрады, – деді спикерлер.
Су салғырттықты сүймейді
Осы арада уылдырық шашу кезеңі облыс аумағында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясымен сәйкес келгенін атап өткен ләзім. Аталған науқанның негізгі мақсаты – балық шаруашылығы су айдындарын, иесіз қалған аумақтарды тазарту және жағалау аумақтарын тұрмыстық қатты қалдықтардан арылту. Қарағанды, Ұлытау облыстарының аумағында «Таза су айдындары» қорғау акциясы ағымдағы жылы 15 сәуірден бастап 30 мамыр аралығында өткен болатын. Облыстың балық шаруашылығы су айдындарында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясына еріктілер, жоғарғы оқу орындарының студенттері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылды. Акция кезеңінде балық шаруашылығы су айдындарын тазарту алдымен иесіз қалған тордан арылту, жағалау аумақтарын тұрмыстық қоқыстан және қатты қалдықтардан тазарту амалдары іске асты. Табиғатты қорғау акциясының қорытындысы бойынша Қарағанды және Ұлытау облыстарының су айдындарынан 285-тен астам иесіз тор, 137 ілмекті құрал табылған. 70 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл акцияға 640 адам қатысып, 239 техника бірлігі жұмылдырылды. «Нұра-Сарысу» облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері азаматтарды жалпы қоршаған ортаға оның ішінде жануарлар әлеміне, сондай-ақ, балық аулау қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.
Уылдырық шашу кезеңінде «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жедел тобының инспекторлары мүдделі органдармен бірлескен 22 рейд жүргізіп, оның барысында табиғатты қорғау заңнамасының бұзылғаны турасындағы 50 жайт анықталды. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 335 бабы, 1 бөлігі мен балық ресурстарын, жануарлар немесе өсімдікті заңсыз өндіру бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 383 бабы, 3 бөлігі бойынша 4 әкімшілік хаттама толтырылған. Жалпы сомасы 1 млн. 406652 теңгеге айыппұл салынып, оның ішінде 793787 теңге өндірілді. Қарағанды облысының балық шаруашылығы қорының жалпы ауданы 82 мың гектарды құрайды. Бірлескен рейдке 6 техника, 2 қайық, 18 жедел топ жұмылдырылған.
– Жыл сайын арнаулы ғылыми мекемелер зерттеу жұмысын жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша біздер тиісті шешім қабылдап, амал етіп жатамыз. Сосын, тағы бір ескеретін жайт бар. Уылдырық шашу кезеңі өтісімен балықшы атаулы қармағын қолына алып, су тоғанына барып аулау амалдарына көше бастайды. Бұл да сауатты қадам емес дер едік. Өйткені, уылдырық маусымынан кейін су жәндігі ептеп өз өзіне келуіне де біршама уақыт қажет болады. Мұны бірқатар кәнігі балықшылар да жете біледі, – деп түсіндірді Батыр Қалиұлы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz