ТАҒЗЫМ МЕН ТАҒЫЛЫМ: Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановтың қос кітабы жарыққа шықты
Кеше Достық үйінде «Қазақтың Қонаевы» және «Отыз жылдың ой толғауы» кітаптарының тұсауы кесілді. Қос бірдей еңбектің авторы – Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов. Кітапта автор өзі куә болған естеліктерді баяндап, кеңестік тұстағы әділетсіздіктер мен қайшылықтар туралы ойларымен бөліскен. Шараға зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, журналистер мен оқырмандар қатысты.
Сөз алған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірге ат басын бұрған Қуаныш Сұлтанұлына алғысын білдіріп, бүгін ерекше күн екенін жеткізді.
– Күні кеше қос кітаптың тұсаукесері елордада өтті, енді біздің облыста да өтуде. Екі шығарма да оқырман үшін құнды деп ойлаймын. Олар тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму тарихын қаузайды. Сіз өңірдің экономикасы мен әлеуметтік дамуына зор үлес қосып, оның тарихында өшпес із қалдырдыңыз. Елдің саяси өміріне белсенді қатысып, маңызды шешімдерді қабылдауға атсалыстыңыз. Сізге шығармашылық табыс тілеймін, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Қуаныш Сұлтанұлы сөз басында осыдан шамамен 40 жыл бұрын қоғамдағы әділетсіздіктерден жапа шеккенде осы Қарағанды жеріне келгеніне шүкіршілік айтатын тілге тиек етті.
– Маған «Қарағандыға барасың ба?» деген кезде, ойланбастан «барамын» дедім. Мұнда 1987 жылы 23 қаңтарда келдім. Сол сәттен бастап жанымды салып еңбек еттім. Сонда ағаларымыздың бірде-бірі «Сен қайдан келдің?» деген жоқ, қолдады. Мен осында келіп, көп үйрендім, көзім ашылды. Қарағандыдан елімді, жұртымды таптым. Білімім, іскерлігім артты. Үш жарым жылдан кейін Алматыға барғанда осындағы көрген-білгенімнің арқасында ондағы қатарластарымнан көп жағдайда рухани, мәдени, біліктілік жағынан артықшылығым болды. Маған журналистер «Менің Қарағандым» деп неге айта бересіз? Сіз Қарағандыныкі емессіз ғой», – дейді. Қарағанды – қазақтыкі. Арқадан қаншама бабаларымыз шыққан. Елдің саяси, өндірістік әрі мәдени тірегі, – деді Қуаныш Сұлтанұлы.
Қуаныш Сұлтановтың қайраткерлік болмысы мен қызметі еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бастап айқындала түсті. Тұңғыш Үкімет құрамында Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі қызметіне тағайындалды. Ал, 1993 жылы Премьер-Министрдің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. 1995 жылы Қазақстанның Қытай, Моңғолия, Вьетнам және Солтүстік Кореядағы Төтенше және өкілетті елшісі болып, ел мен ел арасын елдестіруге де барын салды. Мемлекеттік қызметте жүрсе де, шығармашылықтан қол үзген емес. Бірқатар кітаптар мен монографиялар, жүздеген мақалалардың авторы ретінде танылды.
Тұсаукесері ұйымдастырылған екі туынды да көзі қарақты оқырманның қызығушылығын тудырып, ел тарихындағы елеулі кезеңдерінен, көпшілік біле бермейтін жайттардан сыр шертеді.
«Қазақтың Қонаевы» кітабы ұлтымыздың ұлы перзенті Дінмұхамед Қонаевтың ұзақ жылдар ұлт мүддесінде атқарған қайраткерлік еңбегіне арналады. Автор естеліктерінде өзі куә болған кейбір оқиғалар мен сәттерді баяндайды. Одақтық үстемдік жағдайындағы әділетсіздіктер мен қайшылықтар да сарапталып, жеңіл, қарапайым тілмен оқушы назарына ұсынылады. Қуаныш Сұлтанов кітабында Дінмұхамед Ахметұлымен қызметтес болғандықтан, адами тұрғыдан, бейресми қарым-қатынастарды көрсетуге тырысқанын жеткізді. Өмірлік ұстазы – Дінмұхамед Қонаев екенін де атап өтті.
«Отыз жылдың ой толғауы» кітабында тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы қиындықтар, қабылданған батыл шешімдер, жалпы тәуелсіздік деген қастерлі ұғымның мәні айтылады.
Жиналғандар қос еңбек жайлы, жалпы, Қуаныш Сұлтановтың елдің дамуына қосқан сүбелі үлесі жайлы пікірлерімен бөлісті.
Белгілі мемлекеттік қайраткер Серік Ахметов, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Қарағанды экономика университетінің ректоры, профессор Ерқара Аймағамбетов, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы ел мүддесін бәрінен биік қойған Қуаныш Сұлтановтың ерен еңбегін, азаматтық болмысы мен қайраткерлігін сөз етті. Жиналған жастар да кітап авторына түрлі сұрақтарын қойып, автордың азаматтық парасаты пен пайымы тұрғысынан жауап алды.
Сонымен қатар, мемлекет қайраткерінің ұлттық мұра мен құндылықтарды қалпына келтіруде сіңірген еңбегі де айтылды. Қуаныш Сұлтанов Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітін, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың Ақтеректегі алғашқы мектебін қалпына келтіруге бастама көтеріп, басы-қасында болған. Сондай-ақ, Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары оркестрін құрудағы орасан еңбегі туралы айтылды.
Келушілер назарына облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі құжаттар мен экспонаттар ұсынылды. Музей қызметкері Нарша Ілгеннің айтуынша, музейде Қуаныш Сұлтановтың жеке құжаттары, атап айтқанда 1987 жылғы Қуаныш Сұлтановқа берілген мінездеме, ОКП жанындағы Қазақ ғылым академиясын бітіргені туралы құжат және өз қолымен жазылған бірнеше құжат сақталған.
Шараның мазмұнды бөлігінен кейін шақырылған қонақтар қос кітаптың тұсауын кесті. Қуаныш Сұлтанов бұл еңбектерін Қарағанды қаласының кітапханаларына табыстады. Оқырман кітаптарды Абай, Н.Гоголь, Ж.Бектұров және М.Әуезов атындағы кітапханалардан тауып, оқи алады.
Түстен кейін Қазақстанның қоғам қайраткері, депутат әрі академик Қуаныш Сұлтанов Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде болды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова қатысты. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков сөз алып, қайраткердің Қарағандымен байланысты өмірбаянына тоқталды. Кездесуде Қуаныш Сұлтанов Евней Арыстанұлының 100 жылдығы аясында Қарағанды университетінің оқытушыларының және студенттерінің сұрақтарына жауап берді.
Қоғам қайраткері Президенттің ғалымдарға айтқан ойларын негізге ала отырып, жаңашылдықтармен бөлісті.
– Студенттер, жас ғалымдар – сіздермен жүздесу мүмкіндігі туғанына қуаныштымын. Евней Бөкетовпен тікелей кездеспесем де, жас кезде еңбектерін оқып, өмір жолына қызығып қараған ұрпақтың өкілімін. Евней Арыстанұлы оқу орнының гүлденуіне еңбек етті. Сол кездегі студенттер бүгінде үлкен азаматтар. Сіздерді де көптеген мемлекеттік қызметтер күтіп тұр. Қазір қоғам қарыштап дамуда. Жастардың дамуы үшін барлық жағдай жасалған, – деп атап өтті Қуаныш Сұлтанов.
Жансая ОМАРБЕК,
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО