Тұлға

ТАҒЫЛЫНЫҢ СОҢҒЫ ҚҰЛЖАСЫ

Шағын ғана Қызылту ауылы Тағылыны жалмаған қалың өрттен бөлімше басқарушысы Тілеутай Смағұлов бастаған ауыл азаматтары мен кеңшардың орталығынан келген жігіттердің жанкешті қимылдарының арқасында әупірімдеп аман қалды. Жан алып, жан беріскен осынау жанталаста аудан орталығынан келген өрт сөндірушілердің бір машинасы жанып та кетті. Қаншама күн алапат өртпен арпалысқандардың тізе бүккені әлгінде ғана. Әбден қалжыраған жігіттер тарыдай шашылып әр жерде жатыр. Алыстан тықырлаған дыбыс шығып, сәлден соң Қызылбиіктің иығынан өзі де көрінді, тікұшақ екен. Үй орнындай тақырда асық ойнап жатқан бір топ бала елең етісті. Ойын балалары өртеңнің күлін бұрқ еткізіп, жүгіре жөнелді. «Өзі де осында келеді ғой» деді Төкең шаршаңқы оймен айтуға да ерініп. «Қасымбек аға ғой, ол кісіде де неше күннен бері маза жоқ» деп ойлап үлгергенше темір инелік те жерге қонып, бір топ адам сау ете түсті. Шаршағандары енді ғана білінген жігіттер құр сүлдерін сүйреп алдарынан шықты. «Е, өңі өрт сөндіргендей деген сөз осыдан шыққан екен ғой» деп ойлады Қаскең онсыз да қара жігіттің түрін көріп.

– Тілеутай, елің аман болсын, бәрі орнына келер, – деп ауатком төрағасы үстім былғанар демей қапсыра құшақтады.

– Аға, орманды қорғап қала алмадық. Тағылыда тұлдыр қалмады, – деп жыламсыраған жігітке басу айта алмай, арқасынан қаға берді.

Келесі жылдың көктемі дымды болды. Өртеңге шыққан шөп қандай! Алапат өрттен аман қалған қайың, теректің түбінен балапан талдар бүршік жарды. Ала қыстай ішкені ірің, жегені желім болып шыққан Тілеутай сүйіншілеп ауаткомға қоңырау шалған.

– Сүйіншің бізден, Тілеутай, басқа шаруашылығың қалай?

– Бәрі дұрыс, Қасымбек Меди-ұлы. Егін бітік шықты, тек қана… – деп күмілжіді.

– Тағы не? – деді ауатком төрағасы тіксініп.

– Өзіңіз білесіз ғой, бөлімшеге жол жоқ, халық қыстай қиналып бітеді.

– Бөлімше тұрмақ, біздің кейбір кеңшарлардың орталығына да жол жоқ. Олардың барлығына бірдей қаражат қайда?

– Біз қаражат сұрап тұрғанымыз жоқ, сүйіншіге бергеніңіз сол болсын, өз күшімізбен салуға рұқсат берсеңіз…

– Ай, ол мүмкін емес шығар, –деді аудан мүмкіндігін жақсы білетін басшы, – техникаң жетпейді ғой, көр енді.

Қой деуге өжет жігіттің көңілін қимаған. Әрі-беріден соң, жоспарға кірмеген құрылыс – Кеңес өкіметінің заңына қайшы. Нартәуекел деген.

Сол жылы егін бітік шығып, бөлімшенің қамбасы астыққа толды. Аудан орталығындағы жол бөлімінің басшысы Иманжан Жекебаев қолұшын беріп, Қызылтуға жол тартылды. Мал басы көбейіп, бөлімше облыс бойынша алдыңғы қатарға шыққан. Оймақтай ауылдың жетістіктеріне ырза болған аудан басшысы сол жолы Тілеутайдың меншігіне заманының тұлпары УАЗ көлігін сұрап Министрлер кабинетінің төрағасы Байкен Әшім-ұлының алдынан бір-ақ шыққан.

– Қаскен, – деген Төраға, – ағалық мейіріммен көңілің қатты кеткен екен. Уаз жекеменшікке берілмейді ғой. Дегенмен, тәуекел!

Қаскең құдды өзі мінетіндей қуанған. Облатком төрағасы Хамза Бижанұлы да бел шеше кірісіп, өз қолымен кілтін тапсырып еді. Енді, міне, сол Хамзекең сол Тілеутай үшін Колбиннен сөз естіп келеді.

– Я не понимаю, – деп тепсінген Колбин, – как, какой-то управляющий может противостоять решению партии и правительства. Как он не отдаст земли? Немеделенно выезжайте и разберитесь…

Облыс, аудан басшыларын Тілеутай өзі күтіп алған. Басала басына шығарып:

– Қараңыздаршы! Қандай әсем табиғат! Тұнып тұр. Ертең қала саламыз деп.

Құрылысшылар Тағылының қойнауын түгел қопарар, сонда түгі қалмас, келер ұрпақ мынаның бірін көрмес. Керекудің тяжстройының мұжықтары өзімен бірге шайтансуын ала келер. Қайтсе от жағады, кәуеп қақтайды, шылым шегеді. Өрт кетті деген сол. Қасиетті Тәбияның көңін доңыз таптаса не болдық, ағалар?!

Жұмыс десе жанып түсетін, бірбеткей, қайсар мінезді осынау қараторы жігіттің жаны мұнша нәзік болар ма?!

– Қасымбек, қайтайық, – деген Хамза Бижанұлы.

Облыс басшысының бұлар пішкен шешіміне тоқтағанын бәрі де түсінген.

Сәлден соң Уаз көлігі Ақадырды бетке алып зуылдап бара жатты. Тағылының киесіндей болып Басаланың биігінен мінсіз құлжа қарап тұрған.

– Арқарды қараңыз, – дей жаздап барып тоқтаған Қаскең.

Ол шынымен арқар еді, адамның арқары Тілеутай (Төтәй) еді…

Сол жолы Хамза Бижанұлы Колбиннен сөгіс естіп қайтқан. Есесіне Тағылыны алып қалған…

Тілеутай аға ешқашан мен солай істедім деп айтқан емес. Асыл ағамыздың бұл ерлігін алғаш рет марқұмның қонағасында Арқаның атпал азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Қасымбек Медиұлы айтқан еді.

Батыр, аңқау, ақкөңіл, көлкөсірім,

Жақсылықпен танылды елге

есімің.

Табиғатты аялап жүруші едің.

Жайлы болсын, жан аға, жер

бесігің.

Тағылының басы бұлт, сайы

мұңды,

Қанатынан һас қыран

қайырылды.

Бір ұлынан көз жазды Қызылбиік,

Бір ұлынан Басала айырылды.

Табиғат та лақтырып тосын

қылық,

Дауыл соқты көрсетіп

басымдылық.

Еңіреді, егілді көк теректер,

Аққайыңдар теңселді шашын

жұлып.

Тағылының киесі кеткендей ме,

Бұл өмірден Төтәй де өткендей

ме?

Қатпар-қатпар Қатпардың

әжімдері,

Бір-ақ күнде тереңдеп кеткендей

ме?

Тағылының тұр тұнып сайында

мұң,

Бас қосыпты қайғыға қайың

қалың.

Жанашыры, жан ұлы

қайтқандығын,

Туған жер де сезді-ау деп

пайымдадым.

Мұрат ЖАДАЕВ,

Қазақстанның Құрметті жолшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button