Тағылымы биік тұлға
Біздің орта – Ақтоғай төңірегінен алғаш рет кітаптары баспа бетін көрген тұңғыш жазушымыз Әбдіраш Көпбаев ағаны еске алу мақсатында төмендегі деректер хатқа түсті. Мен 1962 жылы Алматы қаласына жоғарғы оқу орнына түспекші болып барған жолы үйінде бір ай жатып, ағаның ішкі-сыртқы әлемімен танысқандай болдым. Сол жылғы тамыз айында келіншегі Роза жеңгеміз екі баланы алып, Шымкенттегі төркін жұртына демалуға кеткен екен. Келіншегі үйінде болмаса да, ол мені жатсынбай бауыр тұтып, бар ықыласымен қарсы алған еді. Үйі Никольск шіркеуінің солтүстік-батыс жағында Космановт көшесі №61 үй болатын. Түскі асты сол жердегі асханалардан ішетінбіз. Сол жолы мені Қараменде бабамыздың әлеміне енгізіп, Нарманбет жайлы мол мағлұматтар берген. Кейіннен нарманбеттанушы атануыма із салған бастамашы болған еді. Осы жазбада келтірілген айғақтардың көбі Әбдіраш ағаның өз аузымен айтылған деректер. Қысқаша өмір жолы төменде.
Ол 1928 жылы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Қараменде бидің алтыншы ұрпағы. «Ақ әже» атанған Аққыз – Мүгілсімнің Көпбайдан туған екінші баласы. Атасы Серік дәулетті болған. Осы ортаның атақты байы, дәулеті шашылып жатқан Құбылтайының Ахмет баймен құда болуы да «Екі бай құда болса – араларына жорға қатысады» дейтін емеуріннің шындығына орай мың жылдық құда атанған…
Ол қиыншылық жылдары (1928, 1932, 1937 және 1941-1945 жылдар) ел басына түскен ауыртпалықтардың нағашы жұрты мен өз ағайындарына әкелген лаңын күйіне отырып баяндайтын. Сондай-ақ, студенттік кезіндегі жоқшылық, тапшылықтарды да жиі еске алатын.
Аға алғашқы жылдары сірә, соғыс жылдары өз ауылы «Чапаевта» есепші міндетін атқарған. Соғыс аяқталған соң Алматыдағы Коммунистік журналистика институтын (кейіннен ҚазМУ-дың филология факультеті, журналистика бөлімін) ерекше дипломмен аяқтап «Қазақстан» баспасына жауапты» редакторлық қызметке тағайындалады. Студенттік шағынан жазу өнеріне бейімделе бастайды. Шығармашылық жолына бет бұруына тікелей ықпал жасаған университетте өздеріне дәріс оқыған ұстазы Мұхтар Әуезов болғанын айтып, Ұлы жазушының жария етіле қоймаған өмірлік деректерінен де детальдар келтіретін. Білігі оны өздеріне дәріс оқыған Мұхтар Әуезовтің ілтипатына іліктіреді. Сенімді шәкірті ретінде Мұхаң Әбдірашты бір-екі рет Мәскеу сапарына көмекші ретінде ерте барыпты. «Қазақстан» баспасында жауапты редактор болған жылдары көптеген шет ел, орыс жазушыларының шығармаларын аударып жария етеді. Солардың есімде қалғаны жаңылмасам, Г.Адамовтың «Екі мұхиттың сыры» романы. Мұның сыртында көпшілікке арналған саяси-бұқаралық тақырыптарды сөз ететін шағын дүниелер мен повесттерді ақын Ғафу Қайырбеков және тағы басқа жас жазушы ақындармен бірлесе аударып жария етеді.
Қаламы төселген соң өз ауылының 1930-1940 жылдардағы тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін нақты деректерге құрылған «Шалдуар», «Күзгі гүл», «Мақтаныш», «Жомарт жаз» атты көлемді әңгімелері және Ұлы Отан соғысы Батырлары ерлік өмірбаяны жайлы патриоттық тақырыптарға арналған бірнеше шағын жинақтар шығарады. Соның бірі – 1966 жылы «Жазушы» баспасынан «Ұлы Отан соғысының Батырлары» сериясымен шыққан Кеңестер Одағының батыры Ізғұтты Айтықовтың ерлік өміріне арналған туындысы. Әбдіраш ағамыздың жоғарыдағы «Шалдуар» повесі екі-үш жыл бұрын көз жұмған қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің алғашқы шығармаларымен қатар аталып, сол кездегі сыншылар мен әдебиет ақсақалдарының назарына іліне бастаған еді. Бұдан кейінгі өмір жолында кезіккен бөгесін ағаның шығармашылық жолына кедергі келтірді. Әбдіраштың жоғарыда аты аталған еңбектерін 2011-2015 жылдары Алматыға барған сапарымда А.Пушкин атындағы кітапхана қорынан алып, Ақтоғайдағы кітапханаға өткіздім. Оқысам деген азаматтар болса, осы кітапханадан алуына болады.
1956 жыл «Қазақ әдебиеті» газетінің (25.11.1956 жыл) 49 санында жарияланған «Нарманбет ақын» атты зерттеу мақаласы өзіне сор болып жабысады. Оның әдеби, мәдени, рухани өміріне тосқауыл түсіріп, қол-аяғын матап тастайды. Тотаритарлық жүйенің қыспағына іліккен Нарманбетті жоқтаймын деп, өзі де осы бұғаудың қармағына ілініп, КГБ-ның бақылауына түседі. Баспадағы жауапты редакторлық жұмысынан шығарылады. Өле-өлгенше Нарманбет шығармаларын шығаруды армандаған аяулы жанның соңғы 12 жылғы өмірі күйінішпен өтті. Бір-екі жылдай Жазушылар одағында кеңесші міндетін атқарады. 1958-1987 жылдар аралығында кезінде өзі сияқты идеология қырына іліккен атақты жазушы Ілияс Есенберлинмен бірге (аға Ілиястың Күләшқа арнаған поэмасы мен «Адамгершілік туралы жыр» деген кітабы барын айтқан болатын) «Қазақфильм» киностудиясында аға редактор болып жүріп , небәрі 40 жыл ғұмыр кешіп, Алматыда көз жұмды. Тіршілігінде тағылған жоғарыдағы айыптар ол дүниеден өтсе де кешірілмеді. Қыспақтың күштілігі соншалық мүрдесін елге әкеп жерлеуге рұқсат етілмеді.
Көзінің ағы мен қарасындай болған қос құлыны Қасымы 12-де, Рүстемі 10 жасында әкеден айырылды.
Бұл жайлы нақты дерек Зияда Аманбайұлы ағамыздың 2001 жылы Балқаш қалалық баспаханасынан шыққан «Әулет аралық естелік» деп аталатын еңбегінің 29-30 беттерінде былайша беріліпті: 1968 жылдың қараша айы болса керек. Алматы қаласында көптен қалған бір жалғыз, жақсының арты, асылдың сынығы Әбдіраш дүниеден өтті. Ойдағы-қырдағы ағайын жиналып қалдық. Әбекең (Әбдіғали) бастаған Балқаштағы туыстар бізден бұрын келген екен. Біз Ақтоғайдан Жомарттың Адамбайы, Ақжолтайдың Ақмағанбеті, Құсайынның Қалтайы, сол кезде Шет аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Мұқанның Ыбрайханы болып, Қарағандыдан ұштық. Аққыз (Мүгілсім) қайғыға қанша бүгіліп, іші-бауыры езіліп отырса да, жаратылысындағы тектілік пен парасаттылыққа сайып, мауқын басқаннан кейін аз уақыт үнсіздіктен соң ауыр деммен бір күрсініп алып, құлаққа жылы қоңыр үнмен:
– Балалар, бәріңе ортақ бауырларың иманды болсын! Артының Алла қайырын берсін! – деп Әбдіғалиге ой тастай қарады. Аққызды түсіне қойған Әбекең дереу:
– Жігіттер, ойланатын ештеңе жоқ, Әбдіраштың сүйегін Алматыда қалдырмаймыз, елге алып жүреміз. Туған топырағына жерлейміз! – деп бұйыра, кесіп айтты. Керек десе, жол шығыны, қаражатын да өзі көтеретінін ескертіп өтті. Ешкім Әбекеңнің тұжырымына қарсы болған жоқ. Жазушылар одағынан азаға қатысып жүрген Қалмұқан Исабаев, Бердібек Соқпақбаев тағы басқа бірқатар қаламдас достары да қарсы болмады-ау деймін. Әбекең ұсынысы бекіп, жол көлігі ұйымдастырылып жатты.
Барған күннің ертеңіне бұрыннан Алматыда тұратын Аққыз шешеміздің туған ағасы, Құбылтайдың Ахметінің Өмірбегі елден келген барлық ағайынды үйіне шақырды. Ортамызда Жоғарғы партия мектебінде оқып жатқан біздің Бұғыбай басшымыз Ғалым да бар.
Өмекең ақсақал барлықты да байлықты да бастан кешкен, әкесін тәркілеген, 1928 жылдан бастап қуғындаудың құрығына да іліккен. Өмірді терең түсінген ойы шалқар, ескіше әрі жаңаша көзқарастағы көңілі бұлақ жан екен.
Өмекең ақсақал киелі дастархан басында тосыннан бір әңгіменің шетін шығарды.
– Жігіттер, сендер ағайындықтың өнегесін көрсетіп, Бабаң ауылының азаматы екендеріңді байқатып, кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай іс бастап отырсыңдар. Бәрімізге де ой салатын, тәлімі бар бастау. Бірақ, мен кешеден бері көп ойланып, шешіп сендерге ештеңе дей алмадым. Себебі, Әбдіраш жазушы, жазушы болғанда қаны бар, намысы жоғары еді. Қаламының ұшында, сөзінің әуенінде, ойының түкпірінде Тобықты исі аңқып тұратын. Студент күнінен Мұхтаршыл болды. Қарекең бабасы мен Нарманбетті іздеп, шарқ ұрғанын біздер жақсы білеміз. Сол үшін де Әбдіраш жоғарғылардың қатаң бақылауына алынған. Сол бақылау, сол құрықтан марқұм құтылмаған қалпы, мойнында «Ұлтшылдықтың» бұғалығымен көз жұмды. Мен кешеден жоғарғы жақты жағалап жүрген әркімдермен сөйлесіп білдім, ақылдастым да. Түйіні, тиісті орыннан рұқсат алу керек екен, – деп ойын қысқа қорытты. Өмекең пірадар. Келесі күні Әбдіғали мен Өмекең екеуі тиісті орындарға жолығып келіп, Әбдірашқа топырақ Алматының Кеңсайынан бұйырып тұрғанын айтып, марқұмды соңғы сапарға шығарып салу қамына кірістік…» Тағыда бірде Зияда: «…Әбдіраштың еш жерде жарық көрмеген ел тағдырына арналған трагедиялық көріністі баян ететін поэмасы бар», – деп барып, бір-екі шумағын сабақтай жөнелгені есіме түсіп отыр.
Әбдіраштың нағашысы осы Өмірбек жайлы жазушы Сапарғали Бегалиннің: «…Ахметтің Өмірбегі мен Мықан баласы Смақан ақсақалдар Алматыда зор бедел иеленген жандар. Тіпті, есімдерін тура атамай Өмкең, Смекең деп атайтын. Екеуі де жаңа ортаға ел тарихын өте терең білетін зерделілігімен танылды ғой. Мұхаң (Әуезов), Әлекеңдер (Марғұлан) тағы басқалармен тығыз араласып, сыйластықта болатын» деген әңгімесін 1971 жылы естіп едім.
Әбдіраштың үлкені Қасым 1955 жылы Қасым Аманжолов қайтыс болған соң туғандықтан соның құрметіне нәрестесінің атын осылай қойыпты. Ал, екінші ұлы Рүстем, оның атын да Фердаусидің «Шахнамасының» кейіпкері Рүстемнің есімімен атаған екен. Өзі бұл жайлы: «Жақсыларға еліктеп өссін деген үмітпен екі баламның атын да осылай қойдым», – дейтін.
Жақсы аға қолы босаған демалыс күндері мені ертіп алып, Алматының сәулетті жерлерін, «Қазақфильм» студиясын, Орталық зиратты (Централная кладбище) аралататын. Зираттың оңтүстік -шығыс жағындағы Иса Байзақов пен Қасым Аманжоловтың және кіреберістегі Мұхтар мен Күләштің басына дұға қайыратын. Қасымның қабірі басына қойылған құлпытастағы :
«Ризамын туғаныма адам болып,
Өкінбен қаламын деп бір күн солып.
Адамзат сапарының мейманымыз
Бір мезгіл жер бетіне кетер соғып…
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп.
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып толғанамын,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп», – деген шумақты қайта-қайта оқып, ауыр күрсінуші еді.
Туысы Көпбайдың інісі Нұрланнан туған Тоқтардікіне еріп барып таныстырған еді. Тоқтардың ата-анасы ауыр жылдары Қырғызстанның астанасы Фрунзені (Бішкек) паналағанын жыр қылып айтатын. Тоқтардың отбасымен таныстығым туыстай болып кетті. Осы қатынас оқуым аяқталғанша үзілмеді. Өйткені, жеңгеміз Алматы әуежайында кассир болып істеді. Қарағандыға қайтар мезілде тоқтаусыз ұшуыма көп көмегі тиді. Ағаның бауырмалдығының бірі – сол жылдарда Алматыда оқыған туыстары Қоянбайдың Қайырын, Маймыштың Аманкелдісін, өзіне інісі Тілеужанды (Аққыздың екінші ері Иген баласы) үнемі іздестіре тосып, кешігіп келгендеріне кейіс білдіретін. «Бәріміз сыртта жүрміз, жиі қатынасып аман-саулығымызды біліп тұрмасақ арамыз суып кетеді ғой», – деп оларға үнемі ескерту жасайтын.
Ағаның үйінде жатқанымда КГБ қызметкерлерінің Қазақстан Орталық Партия Комитеті мен Жоғарғы Кеңестің Сессиясында жасалатын баяндамаларын күні бұрын Әбдіраш ағаға аудартып алушы еді. Өйткені, орысша жазылған баяндаманың қазақша мәтіні қазақ газеттерінде мезгілінде жарық көруі керек. Өңірде чекистер ертең келетінін хабарлайды. Осы хабарды естігенде аға «О, ақша табатын болдым ғой», – деп қуанып қалатын. Ертесіне менің үйден ертерек кетуімді, асықпай келуімді ескертетін. Өйткені үндеместердің келгенін ешкім білмеуі керек екен. «Аударманы машинкаға баса ма? Оған бір күн жете ме?», – деген сұрағыма: «Екі стеногафист әйел келеді. Мен орысша жазылған баяндаманы оқи отырып, қазақшаға аударып, ауызша айтып отырамын. Олар жазып үлгереді. Күзетші есебінде 2 чекист ере келеді. Бірі ішке кіріп, екіншісі сыртта қалып, үйге ешкімді кіргізбейді», – деп айтатын.
Мен 1971 жылы Нарманбетке арналған дипломдық жұмыстың тақырыбын алған кезімде Әбекеңнің жары жеңгеміз Розадан ағамыздан қалған жазба деректерді сұрағанымда:
– Бар қолжазбасын әріптесі Амантай Байтанаев сұрап алып кеткен, – деген жауап алдым. Кейіннен Алматыға барып-келіп жүргенімде А.Байтанаевпен жолығу мүмкін болмады.
Шығармашылық жолы енді-енді бастау алып келе жатқан кезінде қыспаққа түскен жерлесіміздің беймәлім мұралары табылып, халқының рухани қажетін өтеуге ілігер ме екен деген үміттің баршамыздың көкірек көзімізден үзілмейтіні де шындық. Амантай Байтанаев қолындағы жәдігерлікті мүмкін архивке тапсырған болар. Соңына түсу, іздестіруді кейінгі жас буын жалғастыра алса екен деген ескірмес тілек бар.
Әбдіраш ағаны еске алғанда оның туған апасы Нәсжанның ұлы Болат Тәкішевті атамай кету үлкен күнә болып саналар еді. Болат нағашы жұрты Ақсақ пен Шаха әулетіне Қарағандыда ас берді. Әжесі Аққыздың мерейлі тойларын өзі бас болып, ұйымдастырып өткізді. 2007 жылы 21 шілдесінде Ақ әжеге арналған күй сайысына Ақселеу төрағалық етіп, абыроймен аяқтады. Астана, Алматы, Қарағанды тағы басқа да жерлерден қонақтар келді. Болат жас болса да тектілігін танытты. Өзі Аққыз әжесінің күйшілік өнері дарыған майталман күйші…
«Ақ әженің» 110 жылдығына орай Ақтоғайда өткен осы күй сайысының салтанатынан соң Тоқырауын өзенінің оң қабағында Жайдақ қыстағы маңындағы көкорай шалғын жерге 10-15 киіз үй тігіліп, үлкен асты да Болат ініміз ұйымдастырған еді.
Әбдіраш ағаның ерекше тебіреніспен, өкінішпен айтқаны Мұхтар Әуезов қайтыс болғандағы қаралы да қайғылы жай еді. Москвадан әкелген самолеттің тарапынан бастап сүйегін жер қойнына бергенше Ілияс Есенберлин екеуі «Қазақфильм» студиясының директорынан көп лента сұрап алып фильмге түсіртеді. Оны өзі былайша жеткізді: «Екі күн, екі түн Мұхаң үйінде болдық. Жөнді ұйқы да болмады. Қайғырған халықтың көптігі үйді айнала қоршап алды деуге болады. Мемлекеттің тарапынан жасалған қамқорлық, ықылас-пейіл ерекше болды. Әсіресе Мұхаң үйінің алдына тігілген киіз үйге түн ішінде Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты қырғыз туыстарымыздан да делегеция келді. Олар жай ғана тоқтау-көңіл айтумен шектелген жоқ. Ақындары кезек кезегімен жоқтау айтып, өлеңмен Мұхаңның өмір жолдарын жырға қосты. Түңгі күзеттегі естіген топтың сай сүйегін сырқыратқан зарлы үн күңірентіп кетті. Сол күні Мұхаңның алғашқы қосылған жары да келіп, екі бүйірін таянып дауыс айтты.
Абайдың дүниеден қайтқанын естіген Нарманбет:
«Заңғар тау оңайлықпен құламайды,
Құласа жер жүзіге ұлы қайғы.
Абайдың құлап түскен дүңкілінен,
Құлағым әлі күнге шуылдайды», – деп, елімізге орны толмас қайғы әкелгенін айқындайды. Мұхтар Әуезовтің өлімі де Абай сияқты ұлтымызға ұлттық қайғыға ұласқанын паш етті. Мұхаңның әдеби-тарихи туындыларымен танысқан көптеген елдердің әдебиетті сүйетін азаматтары да шарасыз күй кешті. Бұл ұлы жазушыға берілген зор баға.
Әбдіраш аға: «Осы екі күнгі фильмнің лентасын студияға өткізгенбіз» – деген еді. Құн жеткісіз осы жәдігер казіргі кезде бар ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ, осыны іздеуді өзіммен жас мөлшері шамалас ғалымдардың біразының есіне салған едім. Бәрі «жарайды, сұрастырайық», деген болатын. Олардікі бос уәдеден аспады. Сол фильм лентасы табылса, Мұхаң жайлы халық құрметінің куәгері болғандардың көзі жоқ болғанымен, артындағы жас ұрпақтар танысар еді, табысар еді. Жәдігерліктің халық тарихын айқындаудағы рөлінің маңызын түсінген болар еді. Өткенді қадірлеу – өзіңді, заманыңды, Отаныңды қадірлеу ұлттық тәрбиеден басталмақшы ғой…
Аманкелді ТУҒАНБАЙ,
нарманбеттанушы.