«Тақылдаған тақпақтардан жалықтым…»
Тақырыптағы бұл сөзді Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ өзінің туған күні (29 наурыз) Қарағанды гуманитарлық колледжі студенттерімен өткізген емен-жарқын кездесуде айтты. Елдің көбі туған күнін шамасынша той қылады. Биыл 67-ге толған ақын болса, қазақ поэзиясының болашағына алаң. Туған күні, той-думанда шаруасы жоқ. Өлең деп емешегі үзілгелі отыр. Ақын деген осындай болса керекті.
«Мен – һас сақтың қара өлеңі» атты ашық отырыста Арқадағы атайы ақын ағынан жарылды. Аталған колледж студенттері ақын өлеңдерін жатқа оқығаны өз алдына. Араларында Ақсұңқарұлының «фейсбук» (әлеуметтік желі) парақшасындағы пікірлерін қалт жібермей қарап отыратындары да бар болып шықты. Қаптаған сұрақ қойған студенттердің ішінен біреуі «фейсбук» парақшаңызда «Ғұмырнама» атты телеграфтық роман жазып жатқаныңызды айттыңыз. Там-тұмдап жариялап та қоясыз. Сонда «Кірпіш өлең» деген тарау бар екен. «Кірпіш өлең» тіркесін түсіндіре кетсеңіз?», – деп қойып қалды. Әуелі бір жымиып алған ақын:
– Қазір «фейсбукті» басып қалсаң, жып-жылтыр «кірпіш өлеңдер»! Тәртіппен қаланған. Газеттерді ашып қалсаң да – сол… Құм, цемент, тағы басқа химиялық заттар араласқан қолдан жасалған кірпіштер! Үлкен цехтардан шыққан. Тонна-тонна. Кірпіштен сарай салуға болар еді. Ал, мына «кірпіш өлеңдерден» қой қора да сала алмайсың. Басыма кірпіш түсіп кетпей тұрғанда бұл құрылыстың маңынан аулақ кеткенім абзал (күліп). Яғни, қазіргі көп ақындардың өлеңдерінде әдемі ой, тың тіркес, аздаған сезім де бар. Бір-ақ нәрсе жоқ. Ол – поэзия құдіреті – рух. Адамзат баласының 99 пайызы поэзияны түсінбейді. Түсінетіндер – 1 пайыз ғана. Менің өмір бойғы жазбаларымның бәрі осы құбылыстар хақында, – деді.
Серік Ақсұңқарұлының туған күнін былтыр да басқа мәдени-рухани орындар емес, дәл осы Қарағанды гуманитарлық колледжі атап өткен. Онда да ақынның өзі қатысқан әдеби кешке куә болғанбыз. Биылғы кездесу барысында аталған оқу орнының екі студенті Ақсұңқарұлы поэзиясына қатысты баяндама жасады. Бірі – «Ақын поэзиясындағы туған жер тақырыбы» болса, екіншісі – «Ақын шығармашылығындағы бөрі тақырыбы» бойынша. Студенттерге мүмкіндік тудырып отырған колледж директоры, сазгер Есжан Әмірдің есімін айта кеткен жөн. Туған күнінде ақынға құрмет көрсетті – бір, студенттер санасына сәуле құяр игі шара өткізді – екі. «Қазақстанның қай бұрышында жүрсек те, Қарағандыдан екенімізді аңғарған көзі ашық азаматтардың көбі міндетті түрде Серік Ақсұңқарұлын сұрайды. Бұған көзім жетіп болды. Біз бұл кісінің қадір-қасиетіне қаншалықты жетіп жүргенімізді білмеймін. Шамамыз келгенше осындай іс-шаралар ұйымдастыруға тырысып бағамыз. Бір қуанарлығы, бұл кездесуге мүдделі болып отырған мен ғана емес. Серік Ақсұңқарұлымен кездесуді осындағы студенттер мен оқытушылардың өздері өтініп сұрайды. Мынадай техниканың, ақпарат пен арзан жарнаманың заманында мұнымыз – жақсылықтың нышаны», – деді сөз арасында Есжан Әмір.
Кездесуге келген филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Қойлыбай Асан Серік ағасын туған күнімен құттықтап қана қоймай, поэзиясы хақында тұщымды пікірімен бөлісті.
– Дүниеге ақынның келуі – жаңа бір әлемнің, рухтың тууымен пара-пар құбылыс қой. Біз қасында құрметтеп жүрсек те, қадірін біле бермейміз. Қазір ақындар көбейгенімен, бір-бірінен аунымайтын өлеңдер қаптап кетті. Салыстырмалы түрде қарағанда, бұдан былай Секең сынды адамзаттық ойды асқақ рухпен жырлаған ақындардың бәсі бұрынғысынан да биіктей беретін сияқты. Кеше ғана әлеуметтік желіде қазақтың үлкен ғалымы Құлбек Ергөбек Серік ағамыздың сиясы кеппеген өлеңін аса жоғары бағалап жатыр. Ағамыз алпыстан асса да, ақындық күш-қуатының арындай түскенін осыдан-ақ пайымдауға болатын шығар.
Жәнібек ӘЛИМАН