Білім

Тағдырмен сабақтас тарих

2026 жылдың қараша айында білім басқармасының №2 арнайы мектеп-интернаты өзінің айтулы мерейтойын – 60 жылдығын атап өтеді. Бұл – күнтізбедегі жай ғана дата емес, бұл – талай тағдырды тоғыстырған, қиындықты жеңу тарихына, адам жүрегінің жылуына және қайсар рухқа толы тұтас бір дәуір. Осы жылдар ішінде мектеп мыңдаған бала үшін нағыз үйге айналды. Мұнда кедергілер табысқа апарар баспалдаққа, ал шектеулер даму мүмкіндіктеріне айналды.

Суреттерді түсірген автор

1966 жылдың қарашасын елестетсек, өндірісті Қарағанды қаласында бұрынғы балалар үйінің базасында полиомиелит салдарынан зардап шеккен балаларға арналған шағын мектеп өз жұмысын бастады. Алғашқы директорлар В.Чуркин, О.Гульченко, П.Сим, Г.Зимонның басшылығымен мектеп уақыттың сынына төтеп беріп, тамырын тереңге жайған алып ағаштай қалыптасты. Алпыс жыл ішінде мекеме бірнеше сыныптан заманауи оқу-түзету кешеніне дейін дамыды. Ардагер ұстаздар бұл кезеңді «Аздан бастадық, бірақ әр балаға деген сеніміміз зор еді» деп еске алады.

Мектеп тарихында Нинель Белаяның орны ерекше. Оның іске деген адалдығы мен мекемені нығайтуға қосқан үлесі мектептің бүгінгі жылы да, сенімді ордаға айналуына зор ықпал етті. Ал, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін үміт пен жеңіс мекеніне айналған жарқын кезең Гүлнар Киргизбаеваның есімімен тығыз байланысты.

Бүгінде мектепті сенімді түрде алға бастап келе жатқан директор – Эльмира Амандықова. Оның жетекшілігімен түзете-дамыта оқыту жүйесі жетілдіріліп, қоғаммен байланыс нығайды. Қазіргі таңда мектеп-интернат – әр кабинеті тұтас оңалту жүйесінің бір бөлшегі саналатын заманауи кешен. Соңғы жылдары емдік дене шынықтыру залдары, гидрокинезотерапиясы бар бассейн, массаж кабинеттері жаңартылды. Галатерапия бөлмесі, психолог, логопед, дефектолог кабинеттері мен химия сыныптары жаңа құралдармен жабдықталды. Қыш, слесарь және тігін шеберханалары ашылды. 2025 жылдан бастап, мектеп-интернат инклюзивті білім беруді дамыту бойынша ресурстық орталық мәртебесіне ие болды.

Бүгінде мұнда төрт музей жұмыс істейді: Ұлы Отан соғысының батыры, «Даңқ» орденінің барлық үш дәрежесінің кавалері Мүтәш Сүлейменов атындағы музей, мектептің 60 жылдық тарихын сақтаған мектеп музейі, спорттағы жетістіктерді паш ететін спорт музейі және ұлттық құндылықтарды танытатын этнографиялық музей. Бұл музейлер тек экспозиция емес, тәрбиелік алаңға айналған. Мұнда оқушылар экскурсия өткізіп, ерлік сабақтарын ұйымдастырады, қонақтармен кездесулер өткізеді.

Мектеп-интернат өз жетістіктерін республикалық және халықаралық деңгейде дәлелдеп келеді. 2001 жылы «Білім ұясы – 2001» республикалық байқауында «Үздік жыл интернаты» номинациясы бойынша I дәрежелі дипломмен марапатталды. 2016 жылы «Үздік адамдар. Білім берудегі үздіктер» халықаралық энциклопедиясына енді. 2017 жылы Қазақстанның 100 үздік мектебінің қатарына кіріп, «Білім берудегі көшбасшы – 2017» II Ұлттық сыйлығының лауреаты атанды.

– Біздің мақсатымыз – тек білім беру ғана емес, жан мен тән саулығын қалыптастыру, – дейді мектеп директоры. Мұнда педагогтар мен дефектологтар, логопедтермен қатар педиатрлар, неврологтар, ортопед-дәрігерлер бірлесе еңбек етеді. Күн сайын кішкентай жетістіктер үлкен қуанышқа айналады: бала алғашқы қадамын жасайды, кеше судан қорыққан оқушы бүгін бассейнде еркін жүзеді, тілі шықпаған бүлдіршін алғаш рет «ана» дейді, жасөспірім өз қолымен бұйым жасап, өзіне сенімділік табады. Осындай сәттер үшін бүкіл ұжым аянбай еңбек етеді.

Мектептің басты мақтанышы – тәрбиеленушілері. Олар оқу, өнер, спорт және шығармашылық салаларында белсенділік танытып, халықаралық ареналарда ел намысын қорғап келеді. АҚШ-тағы Дүниежүзілік Олимпиада ойындары, Токиодағы Азия жасөспірімдер Паралимпиадасы, Афиныдағы арнайы Олимпиада, Даниядағы халықаралық жүзу турнирі, Польшадағы чемпионат, Ұлыбританиядағы Паралимпиада, Омбыдағы жарыстар, Грекия мен Бахрейндегі халықаралық турнирлер – осының барлығы мектеп оқушылары жеткен биіктердің дәлелі.

Мектеп ұжымы – жүрегі кең, жаны мейірімге толы жандар. Мұнда 80-ге жуық маман еңбек етеді. Олардың қатарында облыс әкімі сыйлығының иегерлері мен «Жыл мұғалімі» байқауының жүлдегерлері бар.
Мектеп тарихында ардагерлердің орны ерекше. Олар қалыптастырған дәстүр мен тәжірибе бүгінгі ұрпаққа жалғасып келеді. Ал, түлектер – мектептің ең үлкен мақтанышы.

Әлия Нұралина,
ардагер-ұстаз

Басқа материалдар

Back to top button