Қазақстан халқының бірлігі күні

Тағдыр

Алаш баласы самғаған құстың қанаты талатын, бауырын жазған тұлпардың тұяғы тозатын Ұлы Даланы ықылымнан жайлап келеді. Мұң-шері мол заманда осы алтын бесікті «қаралы көші» қалжыраған ондаған ұлыстың өкілдері келіп саялады. Бабалар елінен ажырап, үйірінен адасқан ұлттарға жүрегінің жылуы мен адал асын ұсынды. Тұрмысы тозып тұрса да, жатсынбай төріне шығарды… «Қилы қыспақтар болса да, Қарағандыға ынтымақ ұялады», – дейді көнекөз қариялар.

Бір-біріне жапсарласқан аласа үйлер ауласында түрі мен түсі бөлек көп бала асыр салды. Біздің отбасы да қаланың тар көшелерінің бірінде тұрыпты. Соғыстан кейінгі кез – жұрт тұрмысы жүдеу. Тұрғындардың дені – саяси қуғын-сүргінге ұшырап, еріксіз қоныс аударғандар. Өзге ұлттардың өкілдері тірлік қамы жетегінде жергілікті қазақтармен бір атаның баласындай ұйысып, қарекет қылды. Бұл жайлы көп мағлұматқа осы қалада өсіп, саналы ғұмырын мемлекет қауіпсіздігі қызметіне арнаған ағам, офицер Ел Өтебаевтың әңгімесінен қанықтым.

«Ескі қалаға соғыстан кейін көшіп келдік. Осында мектеп табалдырығын аттадым. Ғимараты – ұзын барак үй. Едені жоқ. Ортасында – беті бұдыр-бұдыр ұзын үстел. Соның екі жағында отырып, сабақ оқимыз. Балалардың кішісі сегізде болса, ересегі – он үштегі жасөспірім. Мұғалімдердің көбі саяси көзқарасы үшін сырттан жер ауып келгендер еді. Ал, қалған жұрт – шахтаның қарапайым жұмыскерлері. Ағылшын тілінен беретін апай есімде қалыпты. Жирен шашты, көк көзді, сұлу жүзді сымбатты кісі болатын. Ағылшын тіліне жүйрік, орысша сөйлеу мәнері – бөлек. Қазақтың балалары тілге алғыр едік. Ағылшын тілінің ыңғайына келетін ө, ү, ң, сынды әріптердің арқасында сөздерді дәл айтатынбыз. Қасымызға келіп: «Молодес малшик» деп, басымыздан сипап еркелететін. Сыныпқа шешеннің балалары әкесінің қанжарын, біз қынаға боялған асық, басқалары да өз болмыстарына тән дүниелер әкелетін. Ұстазымыз мектеп білім алатын орын екенін түсіндіргеннен кейін, бұл әдетті доғардық. Бәтеңкеміз оқу ошағы мен үйдің ортасына қатынайтын көліктің қызметін атқарады. Сабақтан келген соң шешіп қоямыз. Жалаңаяқ жүргеннен қаратабан болып кеткенбіз. Қайыстай болғандықтан, шөгір түгілі шыны да батпайды. Бір күні ойын соғып жүргенімде атам Дүйсек шақырды. Қолдан жасалған былғары допты тастай салып, қасына бардым. Жуынып, киініп келуімді бұйырды. Сонда бірінші рет Қаздрамтеатрға бардым. Хан сарайына барғандай керемет әсер алдым.

Сол кездегі айтулы мерекенің бірі – Құрбан айт. Атам айт намазын аяқтағанша, мешіт шарбағына сүйеніп, тосып тұрамын. Ол кісі шыққан соң, «айтшылап» үй аралаушы едік. Барлық мұсылманның үйіне кіретінбіз. Мейрам күні бір жеркепені айнала өтіп бара жатыр едік, біреу орысша тіл қатып, қол бұлғады. Атамның тамыры кәріс шал екен. Оның да шаңырағына бас сұқтық. Дастархан жасап қойыпты. Астан ауыз тиіп, атам бата қайырды. Сол кездегі адамдардың ниеті түзу еді. Өйткені, оларды дін де, саясат та емес, шынайы сыйластық біріктірді. Оның мысалын талай көрдім.

Қыстың аязды күніндегі бір оқиға есімде. Көшенің басында тұратын Равиль деген татардың үйін жалын шарпыды. Не керек, баспанасы бір демде түгі қалмай өртеніп кетті. Содан атам оларды әйелі, шиеттей бес баласымен үйге ертіп келді. Атамның айтқаны – заң. Бір бөлмені босатып бердік. Екінші бөлмеде – атам, әжем, әкем, апам, мен және екі қарындасым. Көктемде көрші-көлем асарлатып Равильге үй салып берді. Кейін атам қайтыс болғанда, Равиль Қарқаралыға арнайы келіп, топырақ салды. «Аштықта жеген құйқаның дәмін» ұмытпағанын дәлелдеді.

Қауіпсіздік саласында істеп жүргенде көп дүниеге көзім ашылды. Кеңес Үкіметі Қазан жақтағы татарларға құжат бермей, колхоздарда қысастықпен ұстапты. Украиндықтарды – «бандерашылар», Балтық жағалауы халықтарын – «еуропашыл», орыстарды – «кулактың тұқымы», қалғандарын «сенімсіз ұлттар» деп «айдарлап», Қазақстанға жаппай жер аударғанын жұртшылық жақсы біледі» – деген еді, 80 жастағы қарт полковник.

 Осы әңгімеден көкейге түйеріміз көп. Сол заманда Қазақстанда көптеген ұлттардың тағдыры мен мәдениеті тоғысты. Олардың ешқайсысы алауыздыққа бой алдырмай, ынтымақпен күн кешті. Соның бәрі – бабалар пейілінің арқасы. Ендеше, ізгі дәстүрді үзбей жалғау – бізге жүктелген аманат!..

Құрманғазы ӨТЕБАЙ

Басқа материалдар

Back to top button