Бас тақырып

Таңбалаудан тауар құны өспейді

Шілденің бірінен елімізде шығарылатын барлық дәрі-дәрмек таңбалануға жатады. Мұндағы басты мақсат – контрафактілік және көлеңкелі нарықпен күресу. Бұл ретте барлық жеткізушілер мен дәріханалар міндетті таңбалауға дайындығы маңызды. Ал, одан да маңыздысы – «Дәрі-дәрмек бағасы қымбаттай ма?» деген сауал. Бұл өзгеріс тұтынушы үшін не бермек?

Суреттерді түсірген Александр Марченко

Таңбалану процесіне дайындық жыл басынан басталыпты. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаменті басшысы Ольга Смирнованың айтуынша, бұл шара мемлекет тарапынан тұтынушыларды контрафактілік және жалған өнімдерден қорғау мақсатында қолға алынған.

– Таңбалау процесі және оны Қазақстан аумағында жүзеге асырудың маңыздылығы дәрі-дәрмектің өндірістен бастап, соңғы нүктесі – тұтынушыға дейінгі циклін қадағалау мүмкіндігінде. Дәрілер дистрибьюторлардан, қоймалардан өтіп, бөлшек саудаға шығады. Бұл дәрі-дәрмек қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін дәрілік заттардың айналымын жояды және фармакологиялық қадағалау сапасын арттырады, – деп түсіндірді Ольга Смирнова.

Біздің облыста, оның айтуынша, соңғы он жылда жалған дәрі-дәрмек жасау немесе сату дерегі тіркелмеген. Дегенмен, еліміздің оңтүстік өңірлерде мұндай фактілер орын алған. Сондықтан, таңбалау – қазіргі уақыт талабына сай қолға алынған шара, көлеңкелі нарықпен күресудің тиімді әдістерінің бірі.

Департамент басшысы аймақтың фармжүйесі өзгерістерге 85%-ға дайын екенін жеткізді.

– Өзгерістер туралы ақпан айынан айтылды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Дистрибьюторлар мен фармацевттердің қолданысқа енгізілген жаңа ережелерді қабылдау­ға әлі де уақыт бар. Күзге дейін барлық дәріханалар таңбалауға дайын болады деп ойлаймын. Біздің мамандар тиісті бағдарламаны орнатуда кеңес беруге әзір. Бүгінгі таңда елдімекендер бойынша Ақтоғай, Шет аудандары, Балқаш, Приозерск қалаларындағы дәріханалар таңбалау процесіне толығымен дайын, – деді Ольга Смирнова.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінде дәрілік заттарды жеткізу тоқтатылмайды деп сендірді.

– Сіз осы уақытқа дейін аспиринді немесе антигриппинді қалай алып келсеңіз, бұдан кейін де солай ала бересіз. 1 шілдеге дейінгі барлық дәрілік тауар таңбаланбаған болса да сатылымда. Алайда, күзге қарай жағдай өзгеріп, жаңашылдыққа мән бермеген кәсіпкерлер айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Министрлік осы мәселеге қатысты нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізуді қарастырып жатыр, – деді Ольга Смирнова.

Қарағанды фармацевтикалық кешеніндегі болған кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын өз кезегінде таңбалау жүйесіне дәрі-дәрмек айналымына қатысушылардың барлығы кіретінін атап өтті.

– Бүгінгі таңда облыста екі отандық тауар өндіруші – «Қарағанды ​​фармацевтикалық кешені» және «Фармация 2010», 7 дәріхана қоймасы және 464 дәріхана бар. Облыс әкімдігі қалалар мен аудандарға таңбалауды енгізуге барынша көмек көрсетуде. Салада жұмыс істеп жатқан объектілер алдында туған негізгі екі мәселе тұр. Олар – 2D сканерін сатып алу және ақпараттық жүйе­лерге кіріктіру. Бұл процестердің барлығы біздің бақылауымызда. Біз оларды қысқа мерзімде шешуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Ерлан Құсайын.

Кездесуде болған Қарағанды фармацевтикалық кешенінің бас директоры Сергей Барон таңбалау олар шығаратын дәрілердің құнына әсер етпегенін алға тартты.

– Кешенде өндірілетін дәрі-дәрмек құны таңбалаумен өзгерген жоқ. Олар қымбаттаған жоқ. Біз – Қазақстан Республикасындағы үш ірі кәсіпорынның біріміз. Біз ауыр ауруларға – онкологияға, гемофилияға, сирек кездесетін ауруларға арналған гендік-инженерлік препараттарды шығарамыз. Сіз оларды дәріханаларда сирек көресіз. Олар негізінен ауруханаларда, дәрігерлердің қатаң бақылауымен қолданылады, – деп түсіндіреді Сергей Барон.

Ол кәсіпорын дәрі-дәрмекті таңбалауға қатысты пилоттық жоба құрамында 2022 жылдан бері қатысатынын да жеткізді.

– Яғни, пилоттық жоба аясында таңбалау бізде бұрыннан қолданыста. Енді, міне, ресми түрде таңбалау жаппай міндеттелгенде біздің таңбаланған өнімдеріміз 100%-ды құрап, мәліметтерді мемлекеттік есепке алу жүйесіне тапсыра бастадық. Біз пилоттық жобаға бірден енген Қазақстандағы бірнеше кәсіпорынның біріміз. Біз жабдықты сатып алдық, барлық техникалық мәселелерді шештік және жеткізуді еш қиындықсыз жалғастырдық. Препараттың бір қаптамасындағы таңбалау құны – 2,6 теңге. Бұл біздің дәрі-дәрмектің бағасына әсер еткен жоқ, – деп атап өтті бас директор.

Қарағанды ​​фармацевтикалық кешенінің қызметкерлері дәрі-дәрмек өндіру цехына барып, таңбалау процесін жиналғандарға көрсетті. Кешеннің өндіріс бойынша директоры Владимир Фольмер барлық кодтар бірегей және оны қолдан жасауға болмайтынын атап өтті.

– Деректер матрицалық кодымен өнімге сәйкестендірудің арнайы құралын – ақ-қара өріс­тер түріндегі екі өлшемді шаршы кескінімен енгізіледі. Кодта өндіруші, шыққан елі, сериялық нөмірі және қолдан жасауға қарсы қорғау ақпараты бар. Бір код шығарылған бір өнімнің бір партиясына қолданылады. Басқа жолы оның коды өзгереді. Сондықтан, оны қолдан жасау мүмкін емес. Код бір тауарға бір рет қана қолданылады, – деді Владимир Фольмер.

Кешен таңбалауға қажетті құралдарды алуға 40 миллион теңге жұмсапты. Әлбетте, дәріханалар мұндай сома жұмсамасы анық. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті мамандары дәріханалар таңбаланған дәрі-дәрмекті «оқып», сату үшін 2D сканерлер сатып алу қажет екендігін және олардың бағасы 9 мың теңгеден басталатын айтты.

– Құрылғының құны 9 мыңнан 30-40 мыңға жетеді. Біз дәріхана иелеріне 13 мың теңгенікін алуға кеңес береміз. Кәсіпкерлердің бар шығыны осы ғана. Оның орнатылатын бағдарламасы, ортақ ақпараттық жүйеге интеграциялануы барлығы тегін. Кейбір дәріхана иелерінің таңбалау процесіне қарсы шығу себебін түсіне алмадық. Ашық жұмыс жасап, тіркеу жасау­дан бас тартса, жасырын әрекеті бар шығар. Бірақ, біздің департамент нақты шағым болмаса, ешбір дәріханаға тексеріспен барған емес, – деді Ольга Смирнова.

Орталық әмбебап дүкенде орналасқан дәріхана иесі Анара Асан бағдарламаға қосылу аса қиын емес екенін атып берді.

– Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінен сілтеме алдық. Онда нұсқаулық берілген. Мен оны өзім жасадым. Яғни, бағдарламашының да көмегі қажет емес. Бізде екі 2D сканер бар, олардың құны шамамен 30-40 мың теңге тұрады. Бұл – бір реттік шығындар. Біз бұрынғыдай жұмыс істеуге дайынбыз. Күрделі немесе қымбат дейтіндей ештеңе жоқ. Дәрі бағасы да өзгерген жоқ, – деді Анара Асан.

Оңтүстік автобекетте орналасқан тәуліктік дәріхананың меңгерушісі София Чудинович та таңбалау процесіне дайын екендіктерін жеткізді.

– Біз 2023 жылы ашылған болатынбыз. Дайындықты жыл басынан бастадық. 2D сканер ашылған сәттен бастап бар, қосымша шығын шыққан жоқ. Қазірдің өзінде бірқатар таңбаланған дәрі-дәрмек түсіп жатыр. Оларды сату үшін қосымша ешқандай әрекет қажет емес. «Рубус» есептеу жүйесімен жұмыс істейміз, ол ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Неліктен қарсы екенін білмеймін, біреулерде арнайы құралдар жоқ шығар, – дейді ол.

«Таңбалауға байланысты дәрі-дәрмек бағасы қымбаттай ма?» деген сұраққа Ольга Смирнова дәрілік заттардың жоғарғы шегі 10%-дан аспайтын шекті рұқсат етілген үстемелер бар екенін айтты.

– Бір жерде бағаның негізсіз көтеріліп жатқаны анықталса, бақылаушы органдар тарапынан тауар құнын жасанды түрде өсіру фактілерінің жолы кесіледі. Орташа алғанда дәрі-дәрмектің құны тек 4-6% көтерілуі мүмкін, – дейді ол.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button