Таңбалау күмәнді дәріден құтқарады
Бірінші шілдеден Қазақстанда барлық дәрі-дәрмектерге міндетті таңбалау енгізілді. Бұл контрафактілік өнім көлемін азайту және есірткіні заңсыз сатуды болдырмау үшін қажет. Міндетті таңбалау 2024 жылғы 1 шілдеден бастап, өндірілген препараттарға ғана енгізілетінін айту керек. Бүгінде облыста дәрілік заттарды өндіретін екі кәсіпорын, атап айтқанда «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС және «Фармация – 2010» ЖШС, одан бөлек, жеті қойма және 452 дәріхана жұмыс істейді. Қазірдің өзінде отандық өндірушілер мен дистрибьюторлар таңбаланған дәрілік заттармен жұмыс істеуге дайын. Препараттарды бөлшек саудада өткізу нысандары жұмысқа 90% дайын. Бұл ретте препараттар бағасының өсуі мүмкін, бірақ, шекті құннан аспайды.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Ольга Смирнованың айтуынша, дәрі-дәрмектерді таңбалау бойынша пилоттық жобаны жүргізу туралы шешім 2018 жылдың желтоқсанында қабылданған. Ал, 2019 жылғы қыркүйектен іске қосылып, әдістемелік ұсынымдар бекітілді әрі пилоттық жобаға қатысушылардың және оның шеңберінде таңбалауға жататын дәрілік препараттардың тізбесі айқындалған.
– Аталған шара фармакологиялық қадағалау мен дәрілік препараттардың сапасын бақылаудың тиімділігін арттыруға, дәрілік заттардың өндіріс кезеңінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі өмірлік циклін мониторингтеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жалған және контрафактілі өнімдерді өткізудің алдын алуға бағытталған. Бұл тетік дәрілік заттарды ұтымды пайдалануға және сатып алуды жоспарлауға, сондай-ақ, пациентке бағдарланған толыққанды және сенімді дәрілік қамтамасыз етуді қалыптастыруға жәрдемдеседі, – дейді Ольга Викторовна.
Басқарма басшысы осы уақыт аралығында екі дайындық кезеңінен өтіп, бүгінде нақты жұмысқа кіріскендерін айтып отыр. Осы екінші кезеңде DataMatrix коды бар 90 түрлі дәрі өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін бақылануы керек болған. Дәрілік заттардың таңбалануы, ең алдымен, тұтынушы үшін пайдалы. Яғни, DataMatrix коды бар препаратты алған тұтынушы денсаулығы үшін қауіптенбесе де болады.
DataMatrix коды екі өлшемді матрицалық штрих-код. Ол ақ-қара түсті элементтерден, әдетте төртбұрышты немесе шаршы топқа орналастырылған квадрат түрінде болады. Матрицалық штрих-код мәтінді немесе басқа типтегі деректерді кодтауға арналған.
DataMatrix кодының әдеттегі QR кодтан ерекшелігі – кескіннің бұрыштарында әдеттегі үш квадрат болмайды және төменгі шекараларда L сызығы болады. Ол дәрілік препараттың қаптамасына салынады.
– Дәрілік препараттардың таңбалануы медициналық көмек көрсететін ұйымдар үшін де тиімді. Бұл қаражатты тиімсіз пайдаланудың алдын алады. Атап айтқанда, тұтынылған және сатылған тауардың көлемін нақты біліп отыру дәрілік заттарды сатып алуды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді, – дейді Ольга Смирнова.
Қазірдің өзінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көмек көрсететін медициналық ұйымдар толық көлемде 2D-сканерлермен және деректерді жинау терминалдарымен жарақтандырылған. Одан бөлек, «Қазақтелеком» АҚ-ның тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесімен ықпалдасу жүргізіліп, міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде қызмет көрсетушілермен жұмыс аяқталуға жақын.
Ольга Викторовна «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС дәрілік препараттарды таңбалау пилоттық жобасына 2021 жылдан бастап қатысқанын айтады. Ал, фармацевтикалық кешен таңбаланған дәрі-дәрмектерді 1 шілдеден толық көлемде шығара бастаған.
– Дәрілік препараттарды таңбалауға байланысты тұрғындар арасында дәрі жетіспеушілігі туындауы мүмкін деген қорқыныш – негізсіз. Себебі, облыста дәрі қоры жеткілікті. Сондықтан, таңбалауға дайындық кезеңдерінен еш кедергісіз өттік. Әлбетте, түрлі пікірлер, қиындықтар болғаны рас. Сол үшін өңірлер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті, қалалар мен аудандар әкімдіктері, кәсіпкерлік бөлімдері өкілдерінің қатысуымен жұмыс топтары құрылды. Фармацевтикалық қызмет субъектілері үшін дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау мәселелерін жариялау мақсатында биыл мүдделі ведомстволар өкілдерінің қатысуымен әртүрлі деңгейдегі кеңестер өткізілді, БАҚ-та түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, таңбалау жөніндегі ақпарат департаменттің ресми сайтында және әлеуметтік желілерде орналастырылды, – дейді Ольга Смирнова.
Таңбаланған, дәрілік препараттарды сату үшін, әлбетте, интернет керегі анық. Басқарма басшысы Қарағандыда бұл мәселе толық шешімін тапқанын айтады. Яғни, облыс дәріханаларының барлығы интернетке қосылған. Егер оларда есепке алу жүйесі болмаса, «Қазақтелеком» АҚ ақпараттық жүйесінде жұмыс істей алады.
Ал, облыстың кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов кәсіпкерлердің дәрі-дәрмек қозғалысын мониторингілеудің жаңа ақпараттық жүйесіне біртіндеп бейімделуіне ықпал ететін бірқатар түзетулер енгізілгенін айтады.
Атап айтқанда, Ұлттық палата тіркеуді қажет ететін препараттар санын қысқартуға қол жеткізді. Бастапқыда Денсаулық сақтау министрлігі 930 препаратты таңбалауға ұсынса, «Атамекен» ҰКП ықпалымен 93 дәрі-дәрмек таңбаланатын болған. Ал, импортталған дәрі-дәрмектер дистрибьюторлық қоймаларда таңбаланады.
– Бүгінде «Атамекен» ҰКП ақпараттық жүйелерді баптаумен және дәрілік заттарды есепке алу, өткізу бойынша бизнес-процестерді жолға қоюмен байланысты таңбалау мен қадағалау ережелерін бұзғаны үшін нарық қатысушыларына айыппұл шараларын қолданбау мәселелерін көтеруде. Бұл бастама – жаңа жүйені енгізуде қиындықтарға тап болған нарық қатысушыларын тығырыққа тіремеудің амалы, – дейді Ернар Дауылұлы.
Ернар Дауылұлы кәсіпкерлер арасындағы таңбалауға қатысты проблемаларды анықтау және оларды шешу бойынша жұмыс жалғасатынын айтады.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz