Медицина

Тағамнан улану демалысты бұзбасын

Жаз  – демалыс уақыты. Жіті ішек инфекцияларын жұқтыру көрсеткішінің артуы  осы мезгілде байқалады. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Юрий Залыгин биыл мұндай инфекция жұқтырғандар былтырғыдан аз екенін айтады. Ол инфекция және одан сақтану, ауырып қалған жағдайдағы ем жайлы сөз қозғады.

Сурет: Юрий Залыгинның жеке мұрағатынан

– Жіті ішек инфекциясының жазда өршіп кететіні неден? 

–  Аталған инфекциялық ауру  мерзімдік болып табылады. Оның шырқау шегі жазғы уақытқа сәйкес келеді. Күн сәулесі жіті ішек инфекциясы қоздырғыштарының ұзақ уақыт сақталып, көбеюіне әсер етеді. Оның  қоздырғыштары қоршаған ортада, суда, тағамдарда, күнделікті үйде пайдаланатын заттарда болуы мүмкін. Инфекцияның таралу көзі науқас адам екенін ұмытпау керек. Ал, оны тарататын шыбын-шіркей немесе кеміргіштер. Сондықтан, уақытылы улау жұмыстарын жүргізіп тұрған дұрыс.

– Биыл инфекция жұқтырғандар көп пе?

– Биылғы жыртыжылдықтағы дерекке сүйенсек, 380 адамның ауырғаны тіркелген. 100 мың адамға шаққанда ауыру көрсеткіші – 31,83. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда инфекция жұқтырғандар 25,6% есе аз. Өткен жылы 512 жағдай анықталған болатын. Осы ретте айта кету керек, ауырғандардың көбісі, 89,4%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар.

– Яғни, жіті ішек инфекциясы бірінші кезекте балалар үшін қауіпті болып тұрғаны ғой?  

– Иә, көбінесе ауыратындар – кішкентай балалар. Инфекция тұрмыстық байланыс кезінде белілуі мүмкін. Ал, үлкендеу балалар тамақтан немесе судан жұқтырады. Жалпы, ауруды жұқтыру инфекция түскен тағамдарды немесе суды тұтыну арқылы және тұрмыстық байланыс кезінде мүмкін.

– Инфекция жұқтырғанын қандай белгілерлен білуге болады?

– Тағамнан улану кезіндегі мән беретін нәрсе –  қысқа уақыт ішінде бір емес, бірнеше адамның ауыруы. Жіті ішек инфекциясының инкубациялық мерзімі жарты сағаттан бір тәулікке дейін созылуы мүмкін. Дегенмен, алғашқы екі-төрт сағат ішінде жүрек айну, құсу, іш өту,  дене қызуының 38-39℃-қа дейін көтерілуі, бастың ауырып, айналуы, дененің құрғауы сияқты белгілер байқалады.

– Мұндайда не істеген дұрыс?

– Жіті ішек инфекциясына күдік туындаған жағдайда бірден медициналық көмекке жүгіну керек. Әсіресе, балаларда осы белгілер байқалса, уақыт оздырмаған абзал. Уақытылы ем көрсетілмей, асқынған жағдайда салдары ауыр болуы мүмкін. Өз бетінше ем жасауға, ауруды басатын дәрілер ішуге, ішке ыстық заттар басуға болмайтынын ескертемін.

– Инфекция жұқтырмас үшін не істеу керек?

– Аурудың алдын алу үшін бірқатар ұсыныстарымыз бар. Бірінші кезекте жеке гигиена талаптарын орындау керек. Жеміс-жидек, көкеністің барлығын жуу қажет. Дайын тағамдарды келесі күнге қалдырмаған жөн. Жазғы уақытта кремі бар тәтті тағамдарды тұтынудан бас тартқан дұрыс. 

– Қандай тағамдарда инфекция қоздырғыштары тез таралады?

– Тағамдардың ішінде, әсіресе, сүт және ет өнімдері, сондай-ақ, кулинарлық өнімдер ішек инфекциясының таратуына ең қолайлы «орта». Осыларды тұтынғанда өндірушінің кім екенін, шыққан және жарамдылық мерзімін, құрамын мұқият оқып алуға кеңес беремін. 

– Жазда сырттан тамақ ұсынатын дүңгіршектер мен  дәмханалардың жұмысы қыза түсетіні рас. Кәуәптің да түр-түрі ұсынылады. Мұндай етті жеуге болады ма? 

– Жалпы, кәуәпті мөлшерімен, майлы емес ет түрлерін және дұрыс пісірілген болса, жеуге болады. Мұндағы негізгі мәселе оны дайындау кезінде пайда болуы мүмкін канцерогендерде. Олар бенз(а)пиреннің жануы кезінде шығатын қытырлақ сыртында болуы мүмкін. Сонымен қатар, толық піспеген ет те денсаулыққа зиян. Піспей қалған жерлерде бактерия, паразиттер, құрттар да қалып қоюуы ықтимал. Олар ағзаға түссе бруцеллезден бастап сальмонеллезге дейін неше түрлі ауру тудыруы ғажап емес. Жеген кезде оның түріне, құрылымына, иісіне мән беру керек. Үйде дайындаса, маринадталған етті жылы жерде ұзақ қалдыруға болмайды.

Жалпы, көшеде әзірленетін донер, шаурма, пицца, сүтті сусындар, зауыттық қаптамасы жоқ балмұздақтарды тұтыну қаупі зор. Ауаның жоғары температурасы, тағамды дайындау мен сақтау талаптарының орындалмауы, тазалықтың болмауы улануға алып келуі мүмкін. Сондықтан, көше бойындағы дүңгіршектерден тамақтанбауға кеңес береміз.

– Сұхбатыңызға рахмет

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button