Тəжірибелі хирург топ жарды
Қарағанды медицина университеті клиникасының бас хирургі, университеттегі хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры Нұрқаси Абатов республикалық «Еңбек жолы» байқауынан жеңімпаз атанып, мерейі тасыды. Білікті хирург байқау дың «Жұмыс істейтін жастардың үздік тəлімгері» аталымында топ жарды.
Нұрқаси Төлепбергенұлы – өзінің еңбек жолында 6 мыңнан аса пациентке ота жасаған жан. Ол елімізде алғаш рет бүйрекке, сондай-ақ механикалық сары ауру кезінде ұйқы безі мен өт жолдарына лапароскопиялық реконструктивті операция жасады. Мұнымен қоса, 1996 жылы Қарағандыда алғашқылардың бірі болып, құрсақ қуысы мүшелерінің əртүрлі ауруларын жедел емдеудің эндовидеохирургиялық əдістерін тəжірибе жүзінде іске асырған маман.
Одан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамаларын, оқытудың жаңа əдіс терін əзірлеуге үнемі қатысады. Кəсіби білімін жетілдіремін деген дəрігерлер мен хирургтарға арнап, 30-ға жуық бейнефильм жасағанын, 100-ден аса ғылыми жарияланымдары барын да қоса кеткеніміз жөн.
Көпжылдық еңбегі бар білікті хирургтің білгенімен бөлісуін азаматтық дер едік. Профессор қосымша студенттер мен резидент дəрігерлерге дəріс оқиды, шеберлік сабағын өткізеді, білгенін үйретеді. Сондай шəкірттерінің бірі – Қарағанды медицина университеті клиникасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Руслан Бадыров.
– Нұрқаси Төлепбергенұлының алғашқы шəкірттерінің бірі болғаныма мақтанамын. Профессордың жетекшілігімен магистратура мен докторантураны бітірдім. Тəлімгерлігімен төрт докторлық жəне сегіз магистрлік жұмыс қорғадым. Білікті хирург – резидент дəрігерлердің тəлімгері. Өз шəкірттерін клиникалық процеске бар ынта-ықыласымен жұмылдырады. Талай жас хирургтардың қасында тұрып, ота жасатты. Үнемі ақылын айтады. Өзінің тəжірибесімен бөлісіп, жанашырлық танытып жүреді. Көптеген ізінен ерген хирургтарға жол көрсеткен жомарт кісі, – дейді шəкірті Руслан.
Нұрқаси Төлепбергенұлының еңбек жолына аз-кем тоқтала кетсек, жөн болар. Медуниверситетті тəмамдаған соң еңбек жолын бұрынғы Торғай облысының Амангелді ауданында дəрігер-хирург болып бастайды. Кейін Қарағандыға қоныс аударып, қызметін облыстық клиникалық ауруханада жалғастырады. 1996 жылы медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дəрежесін алады. 1997-1998 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі болып қызмет етеді. Білікті дəрігердің басшылығымен облыста алғаш рет амбулатория лық хирургия жəне травматология орталығы ашылды.
Хирургиялық оталардың сыныптамасы, емдеу мекемелері тиімділігінің экономикалық есептері, медицина мекемелерінің емдеу қызметі бойынша төлемі əзірленді. Осындай ізгілікті істің бəріне, жалпы Қарағандыдағы денсаулық сақтау саласын жетілдіруге Нұрқаси Абатовтың сіңірген еңбегі мол.
Профессор Нұрқаси Төлепбергенұлының еңбегі ескерусіз емес. Бүгін «Еңбек жолы» байқауында бақ жұлдызы жанса, бұған дейін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Жерлесіміз – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық байқауының да жеңімпазы. 2010 жылы «Үздік хирург» номинациясы бойынша Қарағанды облысы əкімі сыйлығының лауреаты атанды.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz