Тұңғыш генерал
Жан қалауы немесе ынтызарлық – адам жанының ерекше бір күйі. Себебі, оған жету жолындағы әрекет пен еткен еңбектің, төгілген маңдай тердің өз нәтижесін бермей қоймайтыны анық. Табысқа жетсем деген кез келген жан осы бір үштағанды тепе-теңдікте ұстаса, жан қалауын толық қанағаттандырғаны. Сонда ғана адамның өмірі өзі үшін де, өзгелер үшін де құнды бола түспек. Ақтоғай ауданының тумасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Үкіметтік байланыс саласындағы тұңғыш және жалғыз қазақ генералы, талай шәкірт тәрбиелеп, ғибратты ғұмыры өзінен кейінгілерге үлгі болған Сәбет Жақыпбековтің өмірі дәл осындай еді. «Тыңнан түрен салу» әуелден оның маңдайына жазылғандай. Атағынан ат үріккен Ресейдің Новосибирь электротехникалық байланыс институтына сол кезде қазақ баласының оқуға қабылдануының өзі адам айтса сенгісіз жағдай еді…
Ұлағатты ұстаздың шәкірттері оның атын ардақтау мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде Қазақстанның әр қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлері арасында бильярдтан республикалық турнир ұйымдастырып келеді. Биыл – турнир тұңғыш рет Қарағандыда өтеді.
Сәбет Мәлғаждарұлы 1936 жылы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 1954 жылы Балқаш қаласындағы Абай атындағы қазақ орта мектебін үздік бітірді. Сол кездері Ресейдің жоғары оқу орындарына талантты жастарды қабылдау үшін жыл сайын Алматыға комиссия келетін еді. Ол кездің бір ерекшелігі – өндірісте жұмыс істеп ысылған, еңбек өтілі бар жастарға басымдық берілетін. Мектепті үздік аяқтаса да, оқуға түспей қаламын ба деген қорқыныш та жоқ емес. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, Ресейдің қазақтарға қырын қарайтыны тағы бар. Бірақ, жастайынан энергетик болсам деген құлшынысы мен бойдағы буырқанған намысы ауылдан ұзап шықпаған талапшыл жасты Новосибирскіден бір-ақ шығарды… Бұл жерде де намысты қолдан бермеді. Оқу орнын қызыл дипломға бітірді. Бітіріп қана қойған жоқ, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің өзі оқу орнына қолқа сала жүріп, Үкіметтік байланыс бөлімшесіне аға электромеханик ретінде жұмысқа алдыртты. Бұл – жауапты қызметке кадр іріктеуді Мәскеу ғана шешетін уақытта комитетке, оның ішінде байланыс саласына қазақ жігітінің келуі шынында да тыңнан түрен салғанмен бірдей еді.
Бірақ, тағайындалу бір бөлек те, мұндай жерде жұмыс істеудің қиындығы тіпті бөлек. Бәріне төтеп берді. Төтеп беріп қана қойған жоқ, өзін дәлелдеді. Өзін ғана емес, қазақтың қандай екенін көрсетті. Осы саладағы жоғары білімді тұңғыш қазақ Сәбет Мәлғаждарұлы «КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері», «Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Үкіметтік байланыс федералдық агенттігінің құрметті қызметкері», «Құрметті байланысшы» атанды.
Тоқсаныншы жылдардың басында Кеңес одағы тарап, Қауіпсіздік комитетінде талай жыл жұмыс істеген білікті мамандардың дені тарихи отанына қоныс аударды. Қазақстан кадр тапшылығына тап келсе де Сәбет Жақыпбековтің кадр тәрбиелеу жөніндегі шешімі тығырықтан алып шықты. КСРО ыдырай қоймаса да Қазақстанның қауіпсіздік саласы дербес Комитет болып бөлініп шыққанда Сәбет Мәлғаждарұлының іскерлігі мен тәжірибесі осы жерде көрінді. Ал, 1991 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып қайта құрылғанда Үкіметтік байланыс комитеті осы комитеттің құрамында қалды. 1992 жылы осы комитеттің құрамындағы тұңғыш рет Үкіметтік байланыс Бас басқармасы құрылғанда дәл осы істің қыр-сырын жетік меңгерген полковник Сәбет Жақыпбеков басшы ретінде тағайындалып, сын сағатта басқарманы тығырықтан алып шыққан оған генерал-майор әскери шені берілген еді.
Айтуға оңай болғанымен, маңызды міндетті атқаруда Сәбет Жақыпбековтің еңбегі ерен. Кез келген адам түсіне бермейтін криптографиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету, ақпаратты қорғаудың ұлттық құралдарын жасау тәрізді жауапты міндеттерді атқару оңайға соққан жоқ.
– Қазақстан тәуелсіздік алғанымен етекжеңін жия алмай жатқан шақ. Басқарма жаңа болғанымен, құрал-жабдық ескі. Техникалық көрсеткіштері бойынша жоғары сапаны қамтамасыз ете алмады. Оның үстіне қазіргі заманғы электрондық байланыс жүйесімен бірігіп ықпалдасу қиынға соқты. Соған қарамастан, 1992-1995 жылдар арасында оны ұйымдастырудың және үзіліссіз жұмыс істеуге жағдай жасаудың негізгі принциптерін үдете жеделдетілуін қамтамасыз еттік, – деп жазғаны бар генералдың.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Үкіметтік байланыс жүйесін қайта жарақтандыру жөніндегі тұңғыш мемлекеттік бағдарламаны да жасаған осы Сәбет Жақыпбеков. Нәтижесінде, қолданылып жүрген желі жаңғырып, жаңа бағыттар ұйымдастырылды. Хабар тарату қайта құрылды, байланыс құралдарының жаңа техникалық үлгілері өндіріске енді. Хабар-ошарды құпиялау жұмыстарының қарқыны айтарлықтай жақсарды.
…Бүгінде Сәбет Мәлғаждарұлының тәлім-тәрбиесін алған шәкірттерінің алды құрметті демалыста. Олар ұстаздарының көзі тірісінде тұңғыш рет 2020 жылы Астана қаласында алғаш рет ардагерлер арасында бильярдтан генерал Сәбет Жақыпбеков атындағы республикалық турнир ұйымдастырған болатын. Содан бері турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz