Тұғыры биік тұлға
Қазақ еліміз қалыптаспас бұрын сан кезеңді бастан кешірді. Осы қазақ елінің халық болып қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан төбе биіміздің бірі – Қазыбек би Келдібекұлы. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Халықтың үш ұлы перзенттері, даңқты үш дананың – Төле би Әлібекұлының, Қазыбек би Келдібекұлының және Әйтеке би Байбекұлының есімдері біз үшін ерекше киелі» дей келе, бізге бабаларымыздың орны ерекше екенін, есімдерін ардақтап, құрметтеп отыруымыз міндет екендігін жеткізеді.
Биыл ел өміріндегі айшықты оқиғаларға толы. Алашордаға – 100, Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына – 350 жыл жылдық торқалы тойлармен қатар киелі Балқантау өңірінде дүние есігін ашқан тарихи тұлға, қазақтың ҚАКСР революциялық Трибуналдың (Жоғарғы Соттың) тұңғыш төрағасы, Юстиция халық комиссары, әрі алғашқы прокуроры Нығмет Нұрмақовтың туғанына сәуір айының 25 күні 122 жыл толды.
Нығмет Нұрмақов Қарағанды облысының Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ селосына таяу Қызылшілік елді мекенінде 1895 жылы 25 сәуірінде дүниеге келген. Әкесі, сіңірі шыққан кедей Нұрмақ Ақайдың Хасені ашқан мектепке үйін беріп, баласы Нығметті сол мектепте оқытады. 1906-1907 жылдары жас Нығмет Ақайдың Хасенінің көмекшісі ретінде Қоянды жәрмеңкесіне барып, өлкетанушы Григорий Потанинмен кездеседі. Сол кісінің қолдауымен 1911-1915 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқып, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаевтармен бірге Бірлік жастар ұйымын құрған. 1915-1918 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі болып қызмет атқарды. 1918 жылы ақпан-мамыр айлары жұмысшы шаруа депутаттары Қарқаралы уездік кеңесінің хатшысы болып сайланды. 1918-1919 жылдары Семейде ақгвардияшылар түрмесінде отырды. Көмекке орталықтан келген большевик отряды Ревком мүшелерін босатқан соң Нығмет Нұрмақов Қарқаралы, Қу өңірінде 100 адамдық қарулы әскер ұйымдастырып, осы өңірде ойран салып жүрген Колчактың 300 адамдық отрядын талқандап, Семей губкомының алғысына ие болды.
1920-1921 жылдары Қарқаралы уездік ревкомының, уездік атқару комитетінің, Семей губерниялық әскери ревкомының мүшесі және бөлім меңгерушісі, губкомның бөлім меңгерушісі, Семей губерниялық атқару комитетінің мүшесі, 1921 жылдың қазанынан революциялық Трибуналдың төрағасы, 1923 жылдың 11 сәуірінен РСФСР Жоғарғы Сотының қазақ бөлімінің төрағасы болған Н.Нұрмақовтың Жоғарғы Сот пен губерниялық прокуратураның қалыптасуындағы ролі ерекше зор.
1923-1924 жылдары Юстиция халық комиссары қызметін атқарды.
Осы кезеңде прокуратура мен сот органдарын ұйымдастыру, кәсіби кадрларды даярлау, іс жүргізуге қазақ тілін енгізу жұмыстары аяқталды. Орынборда тұңғыш өлкелік заң курсының ашылуы Нұрмақовтың қызметке келуімен дәл келді. Қысқа мерзімді курстар Семейде, Ақмолада, Қостанайда ашылды. Олардың жанынан еңбек сессиялары ұйымдастырылды. 1922 жылғы 13 шілдеде екінші шақырылған КирЦИК-тің ІІІ сессиясында прокурорлық қадағалау туралы, адвокатура туралы Ережелер қабылданды. 1923 жылғы 28 желтоқсанда КирЦИК жанындағы бас Тәртіптік Кеңес туралы қаулы бекітілді. 1925 жылғы қыркүйек-қазан айлары ВКП(б) Киробкомының бөлім меңгерушісі.
1924 жылғы қазан 1929 жылғы сәуір – ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесінің (Премьер-Министр) төрағасы қызметінде Республиканың өсіп-өркендеуіне мейлінше еңбек сіңірген. Сондай-ақ, Қазақстанның алғашқы Конституциясының жобасы мен Қазақ алфавитін құрастырған комиссияны басқарған. 1928 жылы республиканың өлкелерінде селолық аудандарды құруда зор еңбек жасады. 1929-1931 жылдары – Мәскеуде оқуда.
1931-1937 жылдары Бүкілресейлік ВЦИК хатшысының орынбасары. ВЦИК Президиумының ұлттар бөлімінің меңгерушісі ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің ҚАКСР ОАК мүшесі. Отанының адал перзенті, талантты, әрі іскер басшы Н.Нұрмақов сол кездегі солақай саясат кесірінен 1937 жылы атылып, 1956 жылғы тамыз айында ақталды.
1985 және1995 жылдары Нығмет Нұрмақов туралы алғашқы мақалалар жарық көре бастады. 2005 жылы ғылыми конференция ұйымдастырылды.
Небәрі 42 жыл өмір сүріп, еліне өлшеусіз еңбек сіңірген асыл азаматтың есімі сақталғанымен, келер ұрпақтың жадында мәңгіге қалдыратындай Егіндібұлақ селосының Қарқаралы ауданының №2 аудандық сотының саябағынан Нығмет Нұрмақовқа арналған үлкен сәулетті ескерткіш алаңын абаттандыру жұмысын бастау туралы шешім қабылданды. Ескерткіш жобасы ауыл халқының талқылауына ұсынылып құпталды.
Ал, 1995 жылы сәулетші Ж.Қалиев сомдаған Қазыбек баба ескерткіші ауылымызға көрік беріп тұр. Бабамыздың 350 жылдығын аудан, облыс, республика деңгейінде атап өту қолға алынып жатыр.
К.ИСКАКБАЕВ,
Қарқаралы ауданы №2
аудандық сотының төрағасы.