Руханият

Тұғырлы тұлға тағылымы

Ес біле бастағанда әжем де, әке-шешем де Қайырбек деген есімді жиі айтып отыратын. Жәй ғана емес, зор ілтипатпен, үлкен ризашылықпен айтып отырар еді. Қазір әжем де, әке-шешем де жоқ, сол Қайырбек деген есімді бүгін біз де ерекше құрметтеп, қастерлеп айтып отырамыз. Ол кісі қоғам қайраткері, алаштанушы, ақын, жазушы, аудармашы, сазгер, суретші Қайрекең – Қайырбек Сәдуақасов. Шүкір, міне жетпіс өнері бір бойына сыйған Қайрекең сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Кісілігі, еңбекқорлығы мен ұлтқа қызмет етудің үлгісі болған ағамызға деген қошеметіміз қолымызға еріксіз қалам алғызды.

Сурет автордікі

Қайрекеңнің өмір баспалдақтарына көз жіберсек, «Ұлт», «Тіл», «Алаш», «Руханият» деген ұғымдармен сол тағдырдың өзін туған топырағымен байланыстырып қойғандай көрінеді. Көргені мен түйгені мол ақсақалдың бойындағы бекзаттық пен білім, сөз бен өнер, ұстаным мен жол-жосын кешегі сайын даланы дүбірлеткен Жидебай мен Жалаңтөстей баһадүр батыр­лардан, сөз қонып елді аузына қаратқан Қараменде, Шабанбай мен Жанғұттыдай шешен-билерден, Нарманбеттей ақындардан, Әлихан, Әлімхан мен Жақыптай көсемдерден, Дінмұхамедтей (Сұлтанғазин) оқығандардан, Әсет, Күләш пен Манарбектей әнші-бұлбұлдардан, Аққыз бен Мағауиядай дәулескер күйшілерден қалған аманат, адастырмайтын жол болса керек. Қайрекең дүние есігін ашқан Ахметжан қыстағы мен иісі Бұланбайға мекен болған ата-баба қонысы Шылым, Қасабай деген өңірлер көне тұран мәдениетінің әйгілі ошағы Биғазы тауымен жапсарлас жатыр және отыз-қырық ша­қы­рымдай оңтүстікке жүрсеңіз Алаш кө­семі Әлиханның кіндік қаны тамған жері Желтау тұр, яғни Қайрекеңнің аталары хан ұрпағының ордасымен ауылы аралас, қойы қоралас көрші қонып отырған. Осындай ұлттық рух ошағында, тектілік топырағында туған Қайрекеңнің Абайдың «Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылықты сүймектікпен өсер» дегеніндей, құндылықтардың асылы Алаш тақырыбын өмірінің мән-мағынасына айналдырып, сол ұстанымы өзінің қайраткерлік тұлғасын көріктендіріп тұрғанын көреміз. Қазақ руханиятына, өнері мен мәдениетіне үлес қосуға белсене араласуы, кітаптар шығаруы, Әлихан мен Алаш мұрасын насихаттауы және жалпы Бөкейхан әулетінің көзі тірі үлкендерімен, әрі көсемнің өз кіндігінен тараған ұрпақтарымен етене араласып жүруі сол бағзы заманмен байланыс сабақтастығын күшейте түскендей.

Қайрекеңнің әкесі Изатбек марқұм соғыстан кейін қалаға көшіп барғанымен, елуінші жылдардың басында Қарағандыда кәсібі де нәсібі де келісіп отырғанына қарамай, «Балалар орыстанып кетеді» – деп бір күнде «Ақтоғай қайдасың?» деп аудан орталығына көшіп келуі де «Ұлтым!» деп туған азаматтың сол маңдайындағы жазуының тағы бір көрінісі сияқты. Мектеп бітіре салысымен, ерекше аттестаты дайын болмай, ағамызды тағы да сол тағдыр ауылда бір жыл жіпсіз байлайды. О бас­тан алдына биік мақсаттар қоя білген ағамыз сол кездегі бүкіл елдегі жалғыз Мәскеу энергетикалық институтына түсуге бел буады. Бірақ, орыс мектебін «Алтын медальмен» бітірген балаң жігіт ауылдан алыстамады. Бес емтиханды да жақсы тапсырғанмен, Қазақстанға бөлінген орын төртеу ғана екен…

Бұл «Хрущевтің жылымығы» бітіп «Брежневтің тоқырауының» басталған кезі еді. Дәстүрлі тұрмыстың үзілмей, ән мен күйдің жанданып, кешегі тыйым салынған зиялылардың біразымен халық әнші-композиторларының ел арасына қайта оралған шағы, қазақтың «шестидесятниктері» де жеміс беріп қалың жұрт та рухани түлеу үстінде болатын. Қырда ұлттық құндылықтар қайтадан бүр жарған бір жаймашуақ кезеңде ел ішінде болуы ағамыздың елін сүйген азамат болып қалыптасуына өшпестей із қалдырғанына күмән жоқ. Қайрекеңнің абыройлы ғұмырының кілті осында жатса керек.

Келесі жылы оқуға түсе алмаған соң ауылға баруға намыстанып ағамыз Қарағандыдағы «Гипроуглегормаш» ҒЗИ-ның автоматтандыру бөліміне лаборант болып орналасады. Қоғам өміріне араласуы дәл осы жерде, он жеті жасында басталды. 1961 жылы күзде болашақ жары Аманмен көңіл қосып, 1962 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дің физика факультетіне оқуға түседі. Сол жылы тұңғыштары Ақмарал дүниеге келеді. Келер жылы бір жасқа толмаған нәрестені ата-анасына қалдырып, келіншегі Абай Атындағы ҚазПИ-дің орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі.

Кейінгі курстарда оқумен қатар университеттің сол кезде жаңа бағыт болып есептелетін кафедраның лазерлік зерттеулер лабораториясында жұмыс істейді. 1968 жылы оқуды бітіре салысымен, ұсынған аспирантураға, Қарағандының пединститутында қызметке баруға ҚазМУ ректорының берген жолдамасына қарамай, екеуі ауылға оралуды жөн көреді. Тағы да туған топырақта, бірақ басқа сапада, өзі бітірген мектепте, аудандық оқу бөлімінде, кейінірек аудандық партия комитетінде 1975 жылға дейін қызмет атқарады. Сонымен, отызында орда бұзып, әке батасымен туған жерден түлеп ұшып, өзінің қайраткерлік кезеңін бастайды. Облыстық, кейіннен рес­публикалық деңгейдегі саяси-әкімшілік, идеологиялық, мәдениет, баспасөз қызметіне араласы басталады.

Қайрекең жалпы саны жиырма бестен асатын әр түрлі тақырыптағы кітаптың авторы.

Қайрекеңмен сапарлас болу – бір ғанибет. Ұзақ жолда көңіл түпкірінде жүрген, көпшілікке беймәлім талай сырдың тиегі ағытылады… Сондай оңтайы келген тұста әңгіме дәметіп тосын сұрақтар қоя­тын әдетіме басамын. Ағаның айтуынша, оқушы кезінде кітапханада бір газеттен ақын, жазушы, Қазақстан Үкіметін басқарған Сәкен Сейфуллиннің суретін көріп қалады. Ол кісінің бейнесінің ұнағаны сонша, Қарағандыдағы пионерлер слетіне бір топ орыс классиктерімен қоса Сәкеннің қарындашпен салынған портреттер топтамасын алып барады. Ойда-жоқта оның суреттері бірінші орынға лайық деп бағаланады. Мектеп бітіріп, Қарағандыда жұмыс істеп жүрген кезі болатын. Бір жолы күзде «Правда» газетінің бірінші бетінде Сталиннің жеке басына табынуын әшкерелеген қаулысына көзі түседі. Соған байланысты Сталиннің атымен аталған мекемелер, оқу орындары, көшелер атауы ауыстырылсын делінген. Оны оқыған он жеті жасар бозбаланың ойына бірден Сәкен түседі. Содан сол кеште қалалық партия комитетіне төрт бет хат жазады. «Сталин даңғылының орнына және қазақ драма театрына Сәкен Сейфуллиннің атын беру керек!» деген ұсыныс енгізеді. Хаттың аяғына төрт жүзден астам студент пен кеншілердің қолын жинайды. Біраз уақыттан кейін жауап келеді. Онда «Бүкіл Одақ бойынша Сталин көшелері Центральная деп ауыстырылсын деген нұсқау бар, ал енді театрға Сәкен есімі берілетін болды» деп жазылыпты. Одан кейін Жезқазған облысында басшы қызметтер­де жүргенінде облыстық кітапханаға Сәкен Сейфуллин есімін беру, Жезқазған мен Жаңаарқада ескерткіштерін қою, атау­лы музей ашу, тақырыптық мүшәйра өткізу, құсбегілердің республикалық «Сал­буырын» сайысын және басқа шаралар ұйымдастыруға мұрындық болған. Ақынның 100 жылдық мерейтойы туралы республика үкіметінің шешімі шықпай қойған тұста Қайрекең «Сәкенге төрден орын бұйыра ма?» деген мақала жариялаған. Жалпы, ағамыздың Сәкендей алып арысқа шаң жуытпайтын сырын, жаны мұнтаздай тұлғаны Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның да жоғары бағалауының түп тамырын жаңаша сезіне бастадым.

…Жоғарыда айтылғандай, осы екі ортада Қайрекең ҚазМУ-ді бітіріп, өз қалауымен Ақтоғайға оралады. 1969 жылы аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып жүргенде Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің директоры, соғыс ардагері Қасенхан Алтынбековке арнайы барып сәлем береді. Ол кісімен жүздесу ерекше әсер қалдырады. Ойы да, сөзі де, болмысы да таза, мейлінше байыпты, білімі терең тарихшы, ісіне тиянақты, табиғатынан педагог болып жаралғандай тұлға екендігі бірден аңғарылады. Ол кісінің бәйбішесі, төрелерге жиен Күлшатай да – аудандағы алғашқы жоғары білімді ұстаздардың бірі. Екеуі де өз заманының нағыз зиялысы деп атауға тұрарлық жандар екендігі бірден аңғарылады. Қаскеңмен талай күн дидарласып, бір-біріне деген сыйластық орныға бастаған тұста Қайрекең суыртпақтап, Әлихан жайында сұрай бастайды. Қаскең бастапқыда жалпы Шыңғыс хан, Жошы ханнан бергі төрелер шежіресімен ғана шектеліп, біртіндеп Бөкей ұрпағын таратып, олардың қоныстанған жерлерін тізбелеп айтады. Сөз аяғын «Әттең Әлиханның өзіне тете інісі Смахан ақсақалдың қайтыс болып кеткені. Ол кісідей зерделі, әңгімешіл, әділетшіл адам сирек. Ал енді Алматыда Әлиханмен немере Райымжан деген ақсақал тұрады. Біразға келіп қалды. Әлиханның Үгедейімен де араласып, Лизамен де өмір бойы хабарласып, хат жазысып тұрды. Қазіргі қалған көненің көзі – сол кісі. Ол кісімен өзіңе жақсы таныс, белгілі филолог-ғалым Дайырдың Мұқатайынан туған Әнеш араласып тұрады» деп түйеді. Бұдан кейін Қайрекеңнің Қасенхан ағамен байланысы жиілей түседі. Екеуі бір-біріне үзбей хат жазысып тұрады. Қаскең болса Қайрекеңмен дидарласып, әңгімелесіп қайту үшін Жезді-Жезқазған өңіріне бірнеше рет арнайы барып тұрған. Бұл Қаскең әйгілі археолог-реставратор, «Қырым аралы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Қырым Алтынбековтың әкесі.

Қ.Сәдуақасов алғашқы алаштанушылардың бірі ретінде Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков және Жақып Ақпаевтың ұрпақтарын тауып, 1992 жылы олардың туған өлкесі Ақтоғай ауданында өткен ғылыми-практикалық конференцияға, бас­қа шараларға қатыстырған. Оларға Жезқазған-Ұлытау өңірін аралатып, ұлы бабалары Жошы хан, Алаша ханның мазарларына тәу етуді ұйымдастырған. Осы сапардың әсерімен Әлиханның Үгедейінің (Сергейінің) Мәскеуде тұратын тарихшы-ғалым ұлы Евгений Сергеевич ата-бабалары, сайын дала, өмір өткелдері жайында «Потрогать этот странный мир» топтама өлеңдер жинағын шығарған. Қайрекең кезінде оның біраз өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Сол сапардан қуаттанған Сырым Бөкейханов «Нельзя о прошлом позабыть» деген әйгілі әулеті туралы дерекке толы кітабын жазып шығарады. Бес рет толықтырылып шыққан кітаптардың барлығын Қайрекең «Өткен күнде белгі бар» атауымен қазақ тіліне аударған.

Кезекті бір ұзақ жол үстінде Қайрекеңнен «Мәдениет саласына, оның ішінде көне ескерткіштерді қалпына келтіруге қаражат бөлу қашанда оңай шаруа болмаған. Сонау 1990-шы жылдары Жошы хан мен Алаша хан мазарларын жөндеуге қаражатты қалай шештіңіздер?» деп сұраған едім, ол кісі алдымен бір күрсініп алды да, жүзі жадырап ұзақ әңгімесін бастап кетті.

Ағаның адам есімдері мен ерекше деректерге толы қызықты жауабын қысқарта баяндасақ, оқиға желісі былай өрбіген екен. Алаша хан мен Жошы хан мазарларының жай-күйі жайында өткен ғасырда Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан, Карл Байпақов және біраз археологтар жазып кеткен. Одан кейін бұл мазарларда рес­таврация жасауға бірнеше рет талпыныс жасалған. Бірақ қаражат мардымсыздығы қолбайлау бола береді.

1997 жылдың жазында Жезқазған облысының мәдениет саласын басқарып жүрген Қайрекеңе Алматыдан Иманғали Тасмағамбетов телефон шалады. Амандық-саулықтан соң өзінің қысқа да нақты сөйлетін әдетімен бар айтқаны: «Мен басшыдан екі аптаға демалысқа сұрандым. Ондағы ойым қасиетті Ұлытау өңірі мен өзімнің туған өлкем Атырауды асықпай аралап шығу. Ең бастысы – бұл ресми сапар емес. Сондықтан ешкімге дабыра қылмай екеуіміз ғана аралап шықсақ. Сізден сұрайтыным сапар маршруты мен қоныс орнын белгілесеңіз болды. Елді мекендерге соқпаймыз. Айдалаға шығамыз, сенімді көлік, қонатын орын керек болатынын өзіңіз де білесіз ғой». Екі күннен кейін «Менің жоспарымды достарым біліп қойыпты. Сіз танитын өнер адамдары. Ішінде ақын-жазушылар, «Қазақфильмнен» Сергей Азимов бар. Жалпы отыздан астам адам барайық деп отырмыз. Қалай, көтере аласыздар ма?» деп қайта хабарласады. Содан жолаушылар бір апта бойы Ұлытау­Жезді өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап, Едіге тауына шығып, олар туралы көптеген деректер мен аңыздарды тыңдап, әбден риза болады. Имекеңнің өтініші бойынша елді мекендерге соқпай, тау қойнауындағы көгалды бұлақтың басына тігілген киіз үйлерде қонып, жақсы тынығады.

Келген топ Атырауға аттанар алдында Имекең «Ал, Қайреке, бұл сапарымызды біздің іштей күткендегімізден де әлдеқайда мазмұнды, әсерлі, жарасымды оқиғаларға толы рухани шаттыққа айналдырып жібердіңіздер. Барлығымыздың атымыз­дан мың да бір алғыс сіздерге. Енді біз менің туған өлкеме аттанамыз. Күнде келе бермейміз. Бізге айтатын өтініш-тілектеріңіз бар ма?»,– деп сұрайды. Сонда Қайрекең «Біздің буынның мойнында тұрған аса жауапты шаруа – тарихи ескерткіштерді аман алып қалу. Жошы хан мен Алаша ханның мазарларының жайын өздеріңіз көрдіңіздер. Оларға қазір кешенді түрде реставрация жасамасақ, күні ертең айырылып қалуымыз мүмкін. Өйткені, оларды ғылыми терең зерттеп жүрген мамандардың қатары мүлде сиреді. Қысқасы, осы екі мазарды реставрациялауға қаражат мәселесін шешіп берсеңіз, тарих та, халық та батасын береді». Оған Имекең «Сіз жеткізе айттыңыз, мен жетеме құйдым. Алматыға оралған соң өзім хабарласам» деп жауап қатады.

Арада бір айдай уақыт өткенде Имекең хабарласып, Қайрекеңді Алматыға шақырады. Имекең «Сүйінші, Қайреке!» деп қарсы алады. Сөйтсе Имекеңнің өтініші бойынша екі облысқа ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына 100 миллион теңге бөлген, оның 60 миллионы Жезқазған облысына, қалған 40 миллионы Атырау облысына тиесілі деп қаржы министрлігіне тапсырыпты. Алғысын жаудырып, қуанышы қойнына сыймаған Қайрекең дереу қаржы министрлігіне тартады. Ондағы ешнәрсеге жаны аши қоймайтын, көпке танымал әйел вице-министр «Ия, ондай тапсырма болды. Бірақ, ол сома биылғы бюджетте қарастырылмаған. Келесі жылғы бюджетке енгізіп көреміз, бекітсе…» дейді аузын қу шөппен сүртіп. Бастаған ісінде беті қайтып көрмеген Қайрекең сол министрлікте қызмет атқарып жүрген ежелгі танысы қаржыгер-ғалым Алтай Зейнелғабдинге барып, мән-жайды түсіндіреді. Ол басшылыққа жолығып, қаражат ертең облысқа жететін етіп, бар шаруаны бес минутта шешіп береді.

Қаражат бар. Ендігі іс-қимыл ретін Мәдениет министрлігімен үйлестіру қажет. Ондағылар республикалық материалдық мәдениет ескерткіштер институтының бас архитекторы Елена Хорошпен келісіп табыстайды. Сонымен қоса жаңадан Жезқазған археологиялық экспедициясы құрылып, оның ғылыми жетекшісі болып Шет ауданының тумасы, археолог Жұман Смайылов тағайындалады. Оның зерттеуімен Жошы хан мазарының жанында Жошы ұрпағының Орда-Базар атты хан ордасы болғандығы анықталады. Ал Е.Хорош бастаған топ екі мазарды да жан-жақты зерттеп, реставрация жұмысын бастау үшін қажетті кірпіштерді ежелгі технология бойынша сол жердің топырағынан құйып, күйдіру қажет деп шешеді және солай жасауға қол жеткізеді. Ал енді өлшемі де пішіні де әртүрлі, көгілдір-жасыл түстері де құбылмалы, құйып күйдірген күмбез тақталарын жасайтын шеберхана бүкіл Орталық Азиядан табылмайды. Содан Санкт-Петербургте тұратын бүкіл Ресей мен Батыс Еуропаға танымал суретші-реставратор, бертінде сондағы институт профессоры болған Станислав Щигорецтің көмегіне жүгінуге тура келеді. Ол Петербургтегі лабораториясында құйма тақталар мен айшықты шошақ төбесін жасап шығарады. Түр-түстері, формалары түпнұсқа сынықтарымен дәл екендігіне дәлел ретінде материал жібереді. Қайрекең дайын дүниені өз көзімен көріп, елге жеткізу үшін Петербургқа ұшады. Жаңа тақталар түстері жағынан түпнұсқаларға сәйкес екен. Дегенмен, олардың физикалық параметрлерін сынақтан өткізу үшін сондағы лабораторияда сындырып, уатып, ыстық-суыққа төзімділігін қайта тексереді. Бәрі ойдағыдай шыққан соң, тақталарды қалай жеткіземіз деп ойласқанда, ең оңтайлысы, жылдамы және арзаны алып ұшақ болады. Сөйтіп, 30 тоннадан астам жүкті тиеп, сол ұшаққа Қайрекең қоса отырып, Қарағандыға жетеді. Одан түн ортасында жүк машиналарына тиеп, тура Жезқазғанға тартады. Осылай өз істеріне берілген мамандардың арқасында аса жауапты жұмыс сәтімен, уақытылы және сапалы аяқталған болатын. Бірақ Елена Хорош мұнымен тынған жоқ еді. Ол кісінің ұзақ жылдарғы толассыз талаптануының арқасында Жошы хан және Алаша хан мавзолейлері ЮНЕСКО-ның Әлемдік мәдени мұраларының тізіміне енгізілді. Өкініштісі, 2018 жылы Алматыдан жұмысқа берілген, табиғаты адал, мейлінше іскер, мейірі мол Елена Христофоровна кенеттен дүниеден озды деген қайғылы хабар жетті. Бұл деректер Қайрекеңнің «Шедевры степной архитектуры» атты көлемді мақаласында кеңінен баяндалған екен.

Бір жолы «Сіз өмірі қазақ тілін оқымапсыз, бәйбішеңіз де орыс тілі мен әдебиетінің маманы, балаларыңыз да орыс мектептерінде оқыған, соған қарамастан бәріңіз, оның ішінде Германия, Финляндия­да оқып, қызмет атқарған немерелеріңіз де бәрі қазақшаға судай, қазақша сөйлеп, оқып, жаза береді. Осында не сыр жатыр?» деп сұраған едім. Оған ағамыз «Түк те сыр жоқ. Біріншіден, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Екіншіден, ұлттық намыс деген бар. Не Отаны, не туы жоқ сығандар ғасырлар бойы өз тілі мен дәстүрін сақтап келе жатыр емес пе? Балаларым қазақша сөйлемесе, мен «Қазақ тілі» қоғамын басқаруға моральдық құқым болмас еді. Ұлттық тілсіз мемлекет құрдымға кетеді. Міржақып «Оян, қазақ!» деп ұрандаса, Жұбан «Мен қазақпын» деп жігерлендіре мәлімдесе, менің ойымша қазіргі дарынды, еңселі жастар «Мен қазақ ұлтының өкілімін» деген оймен өмір сүруі және әрекет етуі керек. Халқымыз­дың қайталанбас асыл қасиеттері бойына сіңген нағыз ұлтжандылық осында жатыр. Ал енді осы тұрғыдан болашаққа күн салып көз жүгіртсем, алаңым тереңдей түседі. Қазақ тілінің түп тамыры да, бар сөл-мәйегі де ауылда жатыр. Ал ауыл барған сайын қусырылып, жоғалып барады. Сондықтан, ауылдың жағдайы, яғни ұлттық тілдің жағдайы мемлекеттік деңгейде түбегейлі өзгертілуі қазіргі таңдағы ең өзекті мәселеге айналуы керек. Жалпы, мезгілінде айтылмаған сөздің атасы өледі деген. Ертең кеш болуы әбден мүмкін. Бүгін салынбаған құрылыс ертең салынады. Ал бүгін жабылған ауылға ертең жан бітіре алмайсың. Фараби тілін, Абай тілін, Ахмет пен Мағжан тілін сақтай алмасақ, дүбара болып қалған, ұлтжандылықтан ада өз ұрпағымыздың қарғысына ұшыраймыз ба деп үрейленем.

Қ.Сәдуақасовтың ұлттық құндылықты бойына барынша сіңіруі, заманның жетік ғылым-білімін игеруі, ой-өрісінің кеңдігі, екі тілде емін-еркін сөйлеп жазуы, сөз қадірін білуі әрі сол сөзге шешендігі, ондыққа тигізетін орысша юморы мен қалпақтай түсіретін қазақы қалжыңы да оның жоғары интеллектісінің, қай тақырыпқа салсаң да айтатыны бар, жан-жақты энциклопедиялық білім иесі екенінің көрсеткіші. Ғылым-білімді болу Абай айтқан «толық мінездің» бірінші қасиеті. Мамандығы физик бола тұра ақын-жазушылыққа, өнер мен мәдениетке жақын жүруі – әрісі сол алаш қайраткерлерінің жолы болса, берісі академиктер Қаныш Сәтбаев, Евней Букетов, жазушы Ілияс Есенберлин мен өзі тонның ішкі бауындай араласқан ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтардың үлгісі болатын. Оның оқуға деген құмарлығы соншалықты, мектепте жүргенде кітапхана өртеніп, жабылып қалған соң, түнде барып кітапхананың төбесінен түсіп «ұрлап» кітап оқып жүрген кезі де болған.

Сөз басында Абай айтқан толық мінезді адамның үш қасиетінің енді бірі әділет болатын, әділетшіл қоғам қайраткері болып қалыптасқан ол 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысушы жезқазғандық студент жастарды жазықсыз жазадан арашалау ісімен белсене айналысты.

«Адамның жақсы болуының бір шарты – жақсы ата-ана» дейді тағы Абай. Марқұм Изатбек атамыз бен Сара әжеміз өз ортасына, елге сыйлы, еңбекқор, ісі мен сөзі түзу, адал жандар болған. Изатбек атамыздың қолының шеберлігі мен сөз шеберлігі қатар жүріп, қалжыңымен де түйреп отыратынын көзкөргендер әлі айтып отырады. Ағамыздың інісі Нақыпбек: «Қайрекең екеуіміз туғаннан бастап еңбек етумен келеміз» дейді. «Әкең ұрысса ол да махаб­баттан» демекші, ұрпағын еңбекке ерте баулыған, тәрбиенің үлгісін көрсете білген Изатбек атамыз мен Сара әжеміздің рухтары шат болсын дейміз.

Біз ол кісінің бойынан оның замандас-құрдастарынан көріне бермейтін бір нұрланған ақсақалдық келбет көреміз. Сонымен қатар адамның көңілін дөп басатын елгезектігі, салмақ салмайтындығы, заманына қарай бейімделіп отырғыштығы, аз ғана жетістігіңе риза болып, байқап отыратындығы мен қызғаншақтық, көреалмаушылық деген пендешілік сипаттан адалығы.

Қайрекеңнен қазір хал сұрасаң әдеттегідей қалжыңына басып: «Менің ағзам басқалардыкіне қарағанда күрделірек екен, мына дәрігерлер ақауды көп таба беретін болды» дейді. Тәні күрделі болса да, жаны қарапайым, рухы биік ағатайымызға денсаулық пен шығармашылық табыстар тілейміз. Аттан түспей арамызда жүре беруді нәсіп қылсын, Сіздей қазыналы, берері мол ақсақалдың құндылығын бағалай білетін ұрпақ та көбейе берсін!

Сұлтан ЫБЫРАЙ,
алаштанушы
АСТАНА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button