Басты тақырыпРуханият

Тәуелсіздік және Астана

«Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Күні кеше ғана елімізде Астананың 20 жылдығына арналған іс-шаралар бастау алды. Сөз жоқ, еңселі Елорда – елдіктің нышаны, Елбасының қолтаңбасы. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 10 желтоқсандағы Жарлығымен ел астанасы бұрынғы Ақмолаға көшірілді. Ал, 1998 жылы Елорданың атауы Астана болып өзгертілді. Уақыт тарихи шешімнің маңызын айқындап берді.

Бас қаламыз халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Бұған ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттерін қосыңыз. Сондай-ақ, 2011 жылдың басында Есіл бойы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қарсы алды. Дүбірлі доданың алауын тұтатты, жалауын желбіретті.

Жас қала жыл санап түрленді. Мәселен, 1999 жылы «ЮНЕСКО-ның» шешімімен Астана – «Әлем қаласы» деп танылды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Астананың айналасында бірегей «жасыл белдеу» жасалғанын да жұрт жақсы білсе керек. Қала ұлғайған сайын далалық өлкенің ортасындағы шұратқа (оазис) ұқсап келеді.

Астана тарихының биылғы белесі де алтын әріппен жазылады. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жобасы сәтімен жүзеге асты. «EХРО – 2017» Халықаралық көрмесі Жер-жаһанның ортақ мүддесін бір арнаға тоғыстырды. Бұған дейін жазғанымыздай, бағаналы ордада – баламалы қуат көздерін игеру мәселесі қаузалды.

Жалпы, Астананың гүлденуіне қарағандылықтардың да қосқан үлесі қомақты. Өңірлер арасындағы мәдени-­экономикалық байланыс күн өткен сайын дамып келеді. Қарағандылықтардың қолтаңбасын да Астана төрінен анық аңғарасыз. Соның бірі – «Отан-Ана» монументі.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 2000 жылдың 20 мамырында ескерткіштің эскизін сызып, қағазға түсірді. Сәулетшілер мен суретшілер қауымына ұсынды. Бұл бастаманы жерлесіміз, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Мақаш Әлиақпаров бастаған қарағандылық шығармашылық топ қолға алды.

Мазмұны терең нысанның құрылысына қажетті шикізатты, материалдар мен жұмыс күшін біздің өңір қамтамасыз етті. Облыстағы «Испат-Кармет», «Қазақмыс» сияқты ірі өндіріс ошақтары қаржылай көмек көрсетті. Сондай-ақ, балқаштықтар 60 тоннаға жуық қоланы сыйға тартқан.

Астана – Тәуелсіздіктің тартуы! «Есілдің бойы ентоғайға қонған елдің» қарасы да күн санап өсті. Бүгінде елордалық тұрғындардың саны бір миллионнан асып жығылады.

Астана – асқақ рух, азаттықтың бекінісі!

Астана – Отанымыздың жүрегі, бейбіт елдің баға жетпес байлығы!

Көшбасы көрегендігі – елімнің егемендігі. Үйлесті, үндесті.

Мәңгілік Ел – мәуелі «Бәйтерек»! Ақбоз үй – Ақорда! Ырысты еселеген «Бейбітшілік және келісім» сарайы һәм «Хан Шатыр»! Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешіті де осында! Отыз мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі, «Алау» мұз айдыны және бар!

Міне, Қазақ елінің АстанасыІ Көз тояды, көңіл марқаяды.

 

Қуаныш Аманқұлов

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button