Тәуелсіздік тірегі
Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Ұлттық кодымызды сақтай білу туралы кемел ой қозғалып, Мемлекет басшысы «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген пікір айтты. Салмақты саяси реформалар мен еңселі экономикалық жаңғырудан кейін қоғамға ерекше серпіліс әкелген рухани жаңғырудың тарихи маңызы мен сөлі осы түйінде жатыр. Ұлттық санаға серпіліс келмейінше, бұл жаңғырудың да жай ғана жаңғырық болып қалуы кәдік екенін қадап айтқан Елбасының емеурін етіп отырған ұлттық-рухани тамыры не? Біз үшін ең әуелі осыны түйсіну керек. Мен айтар едім, рухани жаңғыру үрдісінің бастуында қасиетті тіліміздің тұруы шарт деп…
Иә, тіл – құдірет, тіл – тарихымыздың тамыры. Тіл – Тәуелсіздіктің тірегі. Ендеше, рухани жаңғырудың түпкі нәтижесі Мемлекеттік тіл мәртебесімен өлшенуі керек. Бұл тұрғыда Елбасының осы мақаладағы «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс» деген тұғырлы түйінін жаңғырудың басты талабы ретінде қарауға болады. Өйткені, Президентіміздің парасат-пайымына негіз болып тұрған тарихи тәжірибелер мен ұлттық дәстүрлеріміздің №1-ші көшбасшысы – Тіл!
Мемлекеттік тіл – менің тілім!
Қытайдың данагөйі Конфуций айтады: «Егер, маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі, тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік болмаған елде бірлік болмайды. Сондықтан, бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі – маңызды» деп. Мен айтар едім, біздің билікке де осындай ықылас, осындай жігер керек деп…
Жасыратыны жоқ, мемлекеттік тіл туралы мәселе жауыр тақырыпқа айналды. Аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. Елбасымыз да: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деп қатты айтты. Менің әріптестерім де (журналистер) Президент талабын өз тілінен жерініп жүрген қандастарымызға түсіндірмек ниетпен қаламдарының сиясы таусылғанша жазды. Жазып жатырмыз, жаза береміз. Жарасы жазылып, жаны жадыраған тіліміз жоқ, алайда. Кеңсеге кіре алмай, кемсеңдеген күйі жүр әлі…
Шынымен де, ең көп әрі ашық жазылып жүрген тақырып – тіл мәселесі. Нәтиже шығара алмай жүрміз. Неге? Тіпті, мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның маңыздылығы мен қолдану аясының тарлығы, жарымжан жарнама, ала-құла аударма, ана тіліне шекеден қараған шенеуніктер туралы жазылған мақала, пікірлеріміз халықтың санасын сансыратып жіберді. Оқылмайтын деңгейге жетті. Өйткені, қарапайым халық жазарман қауымның мұнысынан түк шықпайтынын түсіне бастады, білем.
Мемлекеттік тіл көсегесінің көгермей тұрғанында санаулы ғана салдар бар.
Біріншіден, қоғамдағы ықпалды қауымдастық – мемлекеттік аппарат. Қарапайым халық үшін қағбадай қастерлі болып тұрған министрліктер мен әкімдіктер. Ондағылар мемлекеттік тілді менсініп тұрған жоқ. Конституцияның 7-бабындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген талапты оқығаны болмаса, орындағысы жоқ. Заңды да, заңның талабын да белшеден басуға дағдыланып алған. Ана тіліміздің босағада қалып кеткен алтын басын төрге оздырудың бірден-бір жолы – осы мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілде сөйлеп, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге мәжбүрлеу. Біз деген биліктегілер есінесе, мүлгіп кететін халықпыз ғой. Осылай кете берсе, билік басындағылар шалдыққан бейдауа дертке бүкіл ел болып шалдығуымыз мүмкін.
Екіншіден, мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін біз тек өз ана тілімізде ғана дәріптеп, оның қажетілігі мен маңыздылығын өз тілімізде ғана насихаттап жүрміз. Неге орыс тілді басылымдар мен орыс тілді эфирді пайдаланбасқа? Өйткені, қазақ тілінде оқи білетін оқырманға жауыр болған тақырыпты қайта-қайта оқытып опа таппайтынымыз белгілі. Әрине, шовинизмнің шоғын үрлеген ондай басылымдар біздің ұлттық құндылығымызды дәріптеуге мүдделі емес. Ол үшін мемлекеттік тапсырыс орындап отырған БАҚ-тарды міндеттеу керек.
Үшінші салдар – аралас мектептер мен балабақшалар. Тәрбие ошақтарындағы тілдік ерекшеліктерді екшеп, қалыпқа келтіру де – кезек күттірмейтін мәселе.
Төртіншіден, еліміздегі балалар үйінің барлығы тек орыс тілінде тәрбие береді. Бұл дегеніміз – жөргегінде тағдырдың тәлкегіне ұшырап, әртүрлі жағдайларда жетімдік қамытын киген бүлдіршіндердің тауқыметін еселеу. Олардың отбасы – Отан, ата-анасы – мемлекет. Ендеше, мемлекет өз балаларын өз тілінде тәрбиелеуі керек.
Қорыта айтқанда, «мемлекеттік тіл – менің тілім» деген қастерлі ұғымды әрбір қазақстандықтың жүрегіне жөргектемейінше, Тәуелсіздікке тірек болған туған тіліміздің тұғыры биіктемейді.
Үш тұғырлы тіл –
үркетін үрей емес
Елбасы бастамасымен қолға алынған «Үш тұғырлы тіл» идеологиясы – Қазақстандағы тіл саясатына тың серпін беріп, оң нәтижелерге негіз болатын салиқалы ұстаным. Одан сонша үрейленетін ештеңе жоқ. Алғашында бүйі көргендей үрейленіп, үштілділік дегенге үрке қарағанымыз рас. Әсіресе, сыңарезу саясаткерсымақтар мен сары жағал басылымдар екпіндей екіленіп, билік пен халықтың арасын алшақтатып жіберуге тырысты. Ал, Елбасы: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деп, алғашқы сәттен-ақ мәселенің басып ашып тастаған. Оған мән беріп жатпадық. Өзімізге-өзіміз үрей үйіріп, атойлап шыға келгенбіз. Соның салдарынан қарапайым халыққа тың идеяның игілігі мен тиімділігі тыңғылықты түсіндіру мәселесі кешеуілдеп қалды. Біз түсіндіре алмадық, халық дұрыс қабылдай алмады.
Үш тұғырлы тіл саясатын ақтап алатын қарапайым мысалға жүгінейік. Ұлтына қарамай, әрбір қазақстандықтан үш тілді меңгеруді талап ету арқылы біз мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте аламыз. Бұрын балабақшадағы өз балаңның мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін талап еткенің үшін ұлтшыл саналып, «қара тізімге» ілігетін едік қой. Қазір үш тілді бірдей талап ету арқылы, балаңыздың мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде меңгеріп жатқанын бағамдай аласыз. Әрине, ағылшын тілін балабақшада меңгерту деген секілді асығыс жасалған қадамдар бар. Бұл – күрделі мәселе.
Тілді игеру бар да, мектеп бағдарламасы бойынша үлгерім көрсеткіші бар. Бойымызға ана сүтімен дарыған қазақ тілін жетік меңгергендердің өзі оны пән ретінде оқу барысында үлгерімі өте төмен болғанын көзіміз көрді. Үш тілді қанжығалып кету дегеніңіз де – әркімнің қабілетіне байланысты жағдай.
Дегенмен, ағылшын тілін меңгеру – уақыт талабы. Қазір екінің бірі – заңгер, егіздің сыңары – экономист. Мектепті орташа бітіргені де, әрең бітіргені де осы мамандықты таңдаған. Дені – жұмыссыз. Ал, алпауыт компаниялар заңгерлер мен экономистерге зәру. «Пәленшенің баласынан кемсің бе?! Оқисың!» деп, мамандықты әкесі таңдап берген әлгілерді маңына жуытпайды. Неге? Өйткені, оларға ағылшын тілін меңгерген маман қажет. Осы тұрғыдан алғанда, атам қазақтың «Жеті жұрттың тілін біл» деген қағидасының тура бүгінгі күнге арнап айтылғанын аңғарасың.
Ашығын айтайық, үш тұғырлы тіл үрке қарайтын үрейлі құбылыс емес. Десек те, бұл идеяны іс жүзіне асырудың тиімді тетіктерін таңдауымыз керек. Біз бұл саясатты дәріптеу барысында «Мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз, ағылшын тілін үйренеміз» деген қағиданы қазық етуге тиіспіз. Еліміздегі тілдердің үштұғырлылығы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігіне кепіл болады. Яғни, үрей емес, үміт. Елбасы айтқандай, бұл мәселені «оқшауланған саясаткерлер емес, Үкімет өзі реттеуі» керек.
Тығырықтан
шығар жол
Мемлекеттік тілді дамытып, үш тұғырлы тіл саясатын қолдау – әрбір қазақстандықтың (ұлтына қарамай) қастерлі парызы. Байбалам сала бергенше, байыпты бастамаларға қолдау көрсетуге қатысқан абзал деп ойлаймын өз басым. Мемлекеттік тілді менсінбей жүрген отандастарымыздың санасына саңылау болар салмақты ұсыныстар керек.
Мәселен, ана тіліміздің қасиетін қастерлеу, қолдану ауқымын кеңейту мәселесі демографиялық ахуалға тікелей тәуелді. Неге? Аз ұлттың тілі әлжуаз келетінін тарлан тарих дәлелдеп тастаған. Әлемде 6 мыңнан астам тіл бар екен. Жыл сайын оның 10 пайызы жойылып отырады. Сұраныс жоқ, қолдану аясы тар тілдер, әрине. Сондықтан да, біз халқымыздың санын көбейтуге мүдделі болуымыз керек. Тіліміз жойылып кетпес үшін.
Туған тілімізді тығырықтан алып шығудың тағы бірнеше қарапайым жолдарын атауға болады. Мысалы, әлеуметтік желідегі шұбарланған тілге тыйым салу. Ол үшін әр облыстағы тілдерді дамыту басқармалары жанынан тіл инспекциясы деген секілді құзырлы органдар құру қажет. Сол органның функциясына жарнама мен көрнекі ақпараттан бастап, әлеуметтік желідегі сауатсыздықпен күресуді беру керек. «Нестеватырсың», «Ок», «плиз» деген «дәстүрлі» сөз қолданысын пайдаланатындарды жазалап, сауаттыларды телефонына бірлік салып берсек те, ынталандыру қажет.
Сондай-ақ, қазір айналамыздағы кәрі-жастың дені тәулік бойы қалтафонын қолынан тастамайтын болды ғой. Сол ұялы телефонды да мемлекеттік тілді насихаттауға пайдалану керек. Ол үшін қалтафондағы карта секілді құмар ойындардың орнын қазақтың ұлттық ойындарымен алмастырып, оның ережелерін тек мемлекеттік тілде әзірлейтіндей бағдарламалар қажет. Ережені түсіне алмаған дүбәрәларды қызықтыру үшін әлгі ойын жеңімпаздарын марапаттау рәсімін де мемлекет тарапынан ұйымдастыруға болады.
Ол аз десеңіз, ғаламторды мемлекеттік тілде сөйлету, мемлекеттік тапсырыспен ресми сайт әзірлейтіндердің жұмысына талапты күшейту секілді мәселелерді жандандыру қажет. Неге десеңіз, мемлекеттік тапсырыс негізінде әзірленетін сайттардың қазақша нұсқасының сапасы сын көтермейді.
Осындай мазмұндағы қарапайым амалдарды кешіктірмей қолға алсақ, аз уақытта мемлекеттік тілдің ахуалы жақсара түсер еді.
Айналып келгенде, айтарымыз да, жазарымыз да қайран тілдің тағдыры болып тұр. «Қайран, тіл!» деп жыламсырап жазатын күннен де алыстайтын күн жақын. Елбасымыздың дуалы аузынан «2020 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген болады» деген жақсы сөз шықты ғой бұрнағы жылғы Жолдауында. Жақсы сөзді жарым ырысқа балап, үмітімізді үкілеп қоялық. Ал, латын әліпбиі туралы әңгіме – бөлек.
Ерсін МҰСАБЕК
(Сурет ғаламтордан алынды).