Жаңалықтар

Тәуелсіздік кепілі

Ұлттық тәрбие – әр халықтың рухани өзегі, мәдени мұрасы мен болмысының сақталуын қамтамасыз ететін басты құрал. Ол адам бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастырып, туған жеріне, тіліне, мәдениетіне деген құрметті күшейтеді. Алайда, бүгінгі таңда ұлттық тәрбиенің әлсіреуіне әсер ететін бірқатар факторлар бар.

Сурет anatili.kazgazeta.kz

Қоғамда жаһандану үдерісінен батыстық мәдениет пен тұтынушылық сана басымдық алып барады. Жастар шетелдік идеологияларға еліктеуге бейім. Бұл, ең алдымен, ақпараттық кеңістіктің өзгеруімен байланысты. Әлеуметтік желілер мен шетелдік БАҚ-тың ықпалы ұлттық болмысқа қауіп төндіретін қатер.

Сонымен қатар, білім беру жүйесінде ұлттық тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлінбеуі де үлкен мәселе. Мектеп пен жоғары оқу орындарында патриоттық тәрбие беру көбіне формальды түрде. Тарих, әдебиет, мәдениет сабақтарының маңызын арттырмай, ұлттық сананы нығайту қиын. Ұлттық құндылықтардан алыстаған ұрпақ елдің дамуына жанашырлықпен қарамай, өз болашағын басқа мемлекеттермен байланыстыруы мүмкін.

Ұлттық тәрбиенің әлсіреуіне әсер ететін тағы бір фактор – отбасылық институттың өзгеруі. Бұрын ата-әже тәрбиесі мен үлкендердің ақылы маңызды рөл атқарса, қазір отбасы мүшелерінің көпшілігі жұмысбасты, балалардың рухани тәрбиесіне уақыт тапшы. Бала көбіне гаджеттерден, интернеттен алған ақпаратқа сүйеніп өседі. Ал, ол ақпараттың мазмұны ұлттық құндылықтарға сай келе бермейді.

Патриотизмді дамыту үшін ұлттық идеология жүйелі түрде жүргізілуі керек. Бұл ең алдымен, мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналуы қажет. Ұлттық мерекелер, тарихи оқиғалар, батырлар мен ұлы тұлғалар туралы насихатты күшейту керек. Білім беру мекемелерінде ұлттық сана-сезімді арттыруға бағытталған бағдарламалар енгізіп, жас ұрпаққа қазақ халқының бай тарихын, дәстүрін сіңіру қажет.

Ұлттық тәрбие тек мектепте немесе жоғары оқу орындарында ғана емес, қоғамдық өмірде де жалғасуы тиіс. Ұлттық өнер, әдебиет, кино, музыка жастарға жақын форматта насихатталуы керек. Қазіргі жастар көбіне интернетте уақыт өткізетіндіктен қазақи құндылықтарды дәріптейтін сапалы контент жасау өте маңызды.

Ұлттық тәрбие – қоғамның рухани тірегі. Егер біз ұлттық болмысымызды сақтап, патриоттық рухты нығайтқымыз келсе, отбасынан бастап, білім беру жүйесі мен мемлекеттік саясатқа дейін ұлттық тәрбиені басты назарға алуымыз керек. Ұлттық сана – елдің тәуелсіздігі мен болашағының кепілі.

Ақбота ЕЛЕУБЕК,
Б. Момышұлы атындағы жалпы білім беретін
орта мектептің 11 сынып оқушысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button