Тәуекел табысқа жетелейді
Кәсіпкерлер арасында «Егер тәуекелшіл болмасаңыз, бизнеске тұмсығыңызды сұқпаңыз» дейтін талабы қаталдау қанатты сөз бар. Бизнес еріккеннің ермегі емес. Бұл сала білік пен табандылықты қалайды. Кәсіпкер Арайлым Серікбай жастардың өмір мен ғылымды ұштастыруынан керемет кәсіптік идеялар туындайтынын алға тартады. Өзі биогумус жобасын іске асырып, айтары бар айтулы тұлғаға айналып үлгерді.
– Қазіргі кезде көптеген бизнес трендтер пайда болуда. Бағыт-бағдар беретін мекемелер де баршылық. Мәселен, мен қорғаған биогумус жобасы – ғылыми әдіс арқылы алынған экологиялық таза органикалық тыңайтқыш. Ауызекі тілде өсімдіктерге арналған «нан» десек те жарасады. Пайдасы – орасан. Тұқымның өну уақытын қысқартады. Өсімдіктердің өсуі мен гүлденуін тездетеді. Өсімдік атаулының қолайсыз ауа райына, бактериялық және шірік ауруларға төзімділігін арттырады. Көшеттердің өмір сүруін, гүлдердің оңтайлы өсуін, өнімділігін едәуір арттырады. Жоғары экологиялық таза өнім береді. Осы жоба бойынша атаулы грантты ұтып алды да өрісі кеңейді, – дейді кәсіпкер.
Атап өтерлігі, облыстағы кәсіпкер әйелдердің басымдығы да күн санап артып келеді. Іздегенге – сұраған. Кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерге көмек көрсету орталығы да бар. Қызметтері де тегін. Нәзік жандыларға әрдайым ақпарат, негізгі білім, батыл қадамдар жеткіліксіз. Кез келген әйел мұнда хабарласып, сұрақтар мен күмәнданған мәселелерге қатысты қойылған сауалдарына жауап ала алады. Білікті маман тұрақты негізде жұмыс істейді, жұмыс аптасы барысында қабылдайды. Аталған орталықтан кеңес алып, қанаттанған экологиялық брендті ойлап тапқан стилист Алина Қизатты, ерекше баланың анасы Айгүл Кәріпжанқызын жарқын мысалдардың қатарына жатқызуға болады.
Облыс бұл бағытта қырағылық танытып келеді. Жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтадық. Мәселен, 6 жарым млрд. теңге кепілдік сомасына 685 бизнес жобасының кепілдіктері қамтамасыз етілген. 809 млн. теңге сомасына 663 өтеусіз грант берілді. Барлық гранттардың орташа чегі 1,2 млн. теңгеден асады. Қарағанды облысының барлық өңірлері осы қолдау құралдарымен қамтылған. Шағын және орта бизне[1]спен қамтылғандар саны 6%-ға өсті. Бұл облыстың барлық жұмыспен қамтылған халқының 42%-ы. Бизнесті серік еткендер саны бойынша Қарағанды облысы республика бойынша төртінші орында тұр. Алда Алматы, Астана, Түркістан. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асырудың әсері орасан. Осы жылдың 10 айында ғана облыста тоғыз мыңнан астам жаңа компания қазығын қағып, 29 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылған. Мұның бәрі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы қаржылық қолдауға қатыстысы ғана. Өңірдегі әлеуметтік ахуал да күн санап жақсарып келеді. Әсіресе, аудандардағы жастар кәсіпкерлігін қолдау әлеуметке жәрдем болуда. Мысалға алсақ, бір ғана Ақтоғай ауданында 8 млн.теңгеге 11 жас кәсіпкер қаржылай қолдау алған. Грант иеленгендердің арасында ағаш ұстасы шеберханасы, кондитерлік цехтар, химиялық тазалау, шлак блоктарын шығару цехы, бірнеше қоғамдық монша, шағын тігін цехы сынды тың жобалар да жоқ емес. Ынталандыру жақсы-ау. Мәселенің екінші жағы да бар.
– Бізде бүгінде түрлі қолдау гранттарын «ұтып» алып, соңында «қайда жұмсағанын білмей» масылдық қамтып киіп алған жандар шаш-етектен. Бұлай кете берсек, жақын болашақта, мұндай әлеуметтік гранттар екі жарым пайызбен шағын несиелеу инструментіне айналып кететіндей. Өйткені, қолдау тетіктеріне ие болғандар ақыр соңында кәсібін ашқанымен, дөңгелете алмай жатады. Бизнеске де білікті тұлғалар қажет! Қайталап айтамын, бизнес ырықсыз өздігінен дамуы үшін, құрықсыз басқарылуы қажет. Инновация – заман талабы. Әлқисса, бәріміз бизнес турасындағы әдебиетті бір-бір ақтарып өткендейміз. Бірақ бәріміз бірдей миллионер тұлғаға айналмағанымыз да аян. Бәлкім бірдеңеге еге болуымыз үшін бірнәрседен күдер үзуіміз қажет пе екен. Әйтеуір, сыры мен қыры санқилы шытырман бір әлем бұл да. Алысты көре білгендер табысты боларына күмән жоқ, – деп қорытты сөзін Қарағанды облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлия Жәңгірова.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ