Медицина

Тұтынушы құқығы тапталмасын

1 шілдеден бастап Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті таңбалау және қадағалау жүйесі жұмыс істей бастады. Оны енгізудің пайдасы мен қауіп-қатері Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбековтың төрағалығымен өткен кеңесте кеңінен таразыланды.

Коллажды жасаған А.Коктаева

Таңбалау әдісі дәрі-дәрмектің өндірістен сатып алушыға дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік береді. Заңсыз айналымның, соның ішінде, жалған өнімнің алдын алуға септеседі. Ал, тұтынушы медициналық препараттың түпнұсқалығын тексере алады.

Өңірде жүйені енгізу туралы егжей-тегжейлі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ольга Смирнова айтып берді. Ол жеткізушілер мен дәріханалардың өзара әрекеттесуіндегі бірқатар түйткілдерді де атап өтті. Нақтылағанда, бұл тасымалдау мен тиісті құжаттарды рәсімдеу арасындағы мерзімді келісуге барып тіреледі.

Сондай-ақ, жиналыста дәріхана қоймаларының ЖРВИ, тұмау және коронавирус ауруларының маусымдық өсуіне дайындығы туралы айтылды. Мониторингке сәйкес аймақта дәрі-дәрмектер мен медициналық өнімдердің қоры жеткілікті. Маусымдық дәрі-дәрмектерге сұраныстың шамалы өсуі байқалады, бірақ, әл-әзір ешқандай наразылық аңғарылмайды. Кеңес соңында Ораз Тәуірбеков дәрі-дәрмек айналымы саласындағы қауіпсіздік пен ашықтықты бірлескен күш-жігермен ғана қамтамасыз етуге болатынын атап өтті.

Иә, өңірде дәрі-дәрмек атаулысын міндетті таңбалау жүйесінің іске қосылуы – елдегі фармацевтикалық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Отандық фармацевтика айналымын ашық және бақылаулы ету мақсатында жасалған бұл жаңашылдық тұтынушылардың сенімін нығайтып, олардың құқықтарын қорғауға септігін тигізеді. Әсіресе, өнімнің түпнұсқалығын тексерудің іргелі мүмкіндігімен қатар, көлеңкелі бизнестің жолын кесу, жалған дәрмекті нарықтан жою басты міндеттердің бірі болып қала бермек. Келелі басқосуда қарастырылған өзекті мәселелер сала мамандары мен қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ, бизнес өкілдерінің бірлескен әрекетінің қажеттілігін баса көрсетті. Алдағы уақытта жүйенің жетілдірілуімен, әрбір азамат денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерді байқап, сенімді әрі қауіпсіз дәрі-дәрмекке қол жеткізуге болатынына сенім селкеусіз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button