Жаңалықтар

Түтіні түзу Талды

Жуырда «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде Шет ауданының 90 жылдық торқалы тойы қарсаңында өскен өңірдің іргелі ауылдарының бірі – Талды ауылының құрылғанына 50 жыл толу мерекесі салтанатты түрде аталып өтті.

Жарты ғасыр толған мерейтой аталмыш елді мекен үшін үлкен мерей, биік белес, маңызды іс екені рас. Тарихын тереңнен тартқан, кеңес дәуірі кезінде берісі республика, әрісі Одақ көлемінде дүрілдеп аты шыққан, бүгінгі Тәуелсіздік тұсында да сол дәстүрді жалғастырып, еңбек майданын қыздырып, халықтың әл-ауқатын, тыныс-тіршілігін көтеруге өзіндік үлес қосып отырған қасиетті Талды ауылының өткен тарихы мен бүгінгі жеткен жетістігі, елдік қасиеті мен елдік шежіресін паш еткен «Тал бесігім – Талды ауылы» атты мерекелік салтанат рухани жаңғырудың айқын бір көрінісі десе де болады.

Осы өлкеде өткен ғасырдың 20-шы жылдарының ортасынан бастап «Жаңажұрт», «Шаруатеңеу», «Ақбауыр» жерлерінде бірнеше серіктестіктер ұйымдастырылған. 1928- 1929 жылдары осы төңіректегі «Мойынсерік» ұйымдары біртіндеп колхозға біріге бастады, олар: «Құрама», «Ақбауыр», «Шаруатеңеу», «Жаңажұрт» колхоздары. Кейін «Құрама» «Ақбауырға» қосылып, «Шаруатеңеу» Тұматайға көшеді.

«Дүниеде ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» десек, алғашқы серіктестікті құрып, шаруашылықты ұйымдастыруда белсенділік танытқан жетекшілерінің бірі, 1926 жылы ҚазЦИК мүшесі болған, Нұраталды ет-сүт совхозында ферма басқарушысы, «Жаңажұртта», «Шаруатеңеуде», Р.Люксембург атындағы колхозда, Ақбауыр ауылында төраға болып істеген, тағдыры тарихи кезеңмен тамырлас Шаян Қойшыбаев жайында ұрпақтары кітап шығарған болатын. Сол арқылы тарихы сырға, табиғаты жырға толы ауылдың өткенінен кейінгі ұрпақ хабардар.

1946-1947 жылдары колхоздар іріленіп, «Ақбауыр», «Жаңажұрт», «Шаруатеңеу» бірігіп, «Роза Люксембург» болып аталады. Оның бірінші басқармасы Қасқатай Ордабаев, кейіннен Қаппар Борнаев болды. Ұлы Отан соғысы жылдары осы мекеннен елім деген азаматтар қолына қару алып майданға аттанды. Олардың көпшілігі майдан даласынан оралмады. Бүгінде округ орталығында майдангерлерге арналып ескерткіш мемориал тұрғызылған. Кейіннен «Р.Люксембург» колхозы негізінде «Путь к коммунизму» кеңшары (совхоз) құрылып, оның жері іргелес Тельман ауданы мен Нұраталды кеңшарының жерінен ұлғайды.

Осы шаруашылық 1962-1968 жылдар аралығында «Путь к коммунизму» кеңшары атанды. Директоры Әлихан Шәйкенов болды. Орталығы Ақбауыр ауылында орналасты. Кеңшар орталығы Ақбауырдың Талды, Комсомол ауылдарын қоса есептегенде үш бөлімшесі бар еді. Облыс орталығы – Қарағандымен қатынасу көктем-күзде, әсіресе, қыста қиын болды. Ақбауыр шалғайда, қалған екі бөлімше аймақ ордасына жақындау. Әуелде сол екі ауыл таласқа түсті. Ақыры Нұраталдыдан 16 шақырым ғана жерде орналасқан Талдыға тоқталды. Бұл ойдағыларға да, қырдағыларға да ұнады. КазЦИК мүшесі, ел ағасы, ауыл ақсақалы Шаян Қойшыбаевтың атынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа ұсыныс хат жазылды. Маржандай жазуымен төгілтіп, қағазға түсірген кеңшардың бас экономисі Төлеген Алдабергенов еді. Шаян ақсақал нәштеп қолын қойды. Ұсыныс хат Шәкеңнің дуалы аузымен көпшіліктің тілегін арқалап Алматыға кетті. Үш жыл үзілістен кейін шешім шықты. 1968 жылдың алтын күзінде кеңшар орталығы Талды ауылына көшті.

Ал, 1977 жылы Шет аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігі болып құрылды. Онда шаруашылықтардан ірі қара малдардың төлдерін сатып алып, өсіріп, бордақылап етке өткізумен шұғылданды. Шаруашылықтың үш бөлімшесінде ірі қара малдары бордақыланып, жоғары салмақпен етке өткізілді. Шаруашылықтың барлық жұмыстары жақсы жүріп, аудандық және облыстық, бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпаздары атанып, ауыспалы Қызыл туды жеңіп алып отырды. Тұрғын халықтың жағдайы жақсарды, коттедж үйлер салынып, жеңіл автомашиналар мен мотоциклдер алды. Шаруашылық барлық салалардан алға шықты. Ауылда жаңа типті орта мектеп, озық үлгідегі жөндеу шеберханасы, мәдениет үйі, балабақша, саябақ, кафе, көпір тағы басқа әлеуметтік зор нысандар салынды. Басты көшелердегі жаңадан салынған үйлер орталықтандырылған жылу жүйесімен, ішкі су құбырларымен қамтамасыз етілді. Ауыл ішіндегі жолдар асфальтталып, күнделікті көлік қатынасы да жүргізілген.

Ауыл келбеті танымастай болып өзгерді. Оны басқарған Дулат Смайылов іскер ұйымдастырушы ретінде көпшіліктің әлі күнге жадында жаңғыруда. Бейнелеп айтсақ, Дукең Талдыны көтерді, Талды Дукеңді көтерді. Ал 1986-1991 жылдары Айтуған Әбеуов, 1991-1994 жылдары ішінде Мағауия Қанапин басшылық жасады. Заман ағымына қарай ауылдар таратылып жатқан кезеңде Мақсұт Сәдуақасов «Талды» серіктестігін құрды.

Бүгінде Талды ауылдық округі аталған елді мекенде 40-тан астам шаруа құрылымдары еңбек етуде.

Тамырын тереңге жайған, тағылымды тарихы бар туған ауылына жиналған ауылдың тумалары мен алыс-жақыннан келген қонақтар бірқыдыру. Орталықтағы Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған мемориалға аудан әкімі Марат Жандәулетов пен ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұхтар Түсіпов гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң Дулат Смайылов атындағы саябақта мерейтой аясында ел ағасына арналған тақтаның ашылу салтанаты болды. Мемориалдық тақтаны ашу құрметін аудан әкімі мен ардақты ағамыздың жұбайы Фатима Базылбекова апайымыз жасап, ескерткіш тақта бетіндегі жамылғыны түсірді.

Наршөккен Арқадағы тау ордасы,

Бұлт құшып, күнді сүйген қыр арқасы.

Жас қайың, сұлу терек, мәуелі гүл,

Жұпардай иісі аңқыған таза ауасы, – деп, осы ғажайып елді мекеннің төл перзенті, халық ақыны Жәкен Байтуұлы жырлағандай, табиғаты тұнған, ел-жұрты еңселі, ұрпақтары ілкі істерді еңсеруге талпынған ауылдағы салтанатты шарада аудан әкімі Марат Жандәулетов ауыл жұртшылығын құттықтады.

Мұнан соң ауылдың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, әлеуметтікэкономикалық дамуына зор үлесін қосып жүрген «Талды-Нұр» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі Руслан Қоңырбаев, ауылдық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Жайбол Сұраған, «Әділет» шаруа қожалығының мүшесі Ерғали Түсжанов, «Бақыт» шаруа қожалығының жетекшісі Кеңесбай Балаубеков, «Байбала» шаруа қожалығының жетекшісі Бейбіт Әбдікеров, «Ақ бұлақ» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Азаматов, Талды мектебінің ұстазы Бауыржан Рысбековке аудан әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ, мектепке 1 млн. теңгенің, Мәдениет үйіне 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Осынау салтанатта Фатима Базылбекова апамыздың иығына камзол жабылды. Ауылдың жартығасырлық тарихы жайында ұзақ жылдар мектепке директор болған Танас Нұғманов мазмұнды баяндама жасады. Ұзақ жылдар шаруашылық басқарған Әлихан Шәйкеновтің баласы, өзі де ел басқарып, ел ағасы атанған, ақын Марат Шәйке өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. Ал, белгілі айтыскер ақын Дидар Қамиев жырдан шашу шашты. Осынау игі шарада ауыл мұғалімі Бауыржан Рысбековтің «Тал бесігім – Талды ауылы» атты ел мен жер тарихы және әулеттер ғұмырнамасы жайындағы кітабының таныстырылымы болды.

«Жомарттың жолы – басқа, жөні – бөлек» демекші, ауылдың мерейтойын өткізуге атсалысып, қолдау көрсетіп, демеуші болған азаматтарға ауыл әкімінің алғыс хаты мен естелік сыйлықтары салтанатты жағдайда табысталды. Шара көңілді мерекелік концертке ұласып, өнерпаздар құлақтың құрышын қандырып, елдің алғысына бөленді. Саябақта қолөнер шебері Сұраған Жайболдың өрнектеп жасаған биіктігі 7 метрлік «Бәйтерек» монументінің көшірмесі көпшілік назарын еріксіз өзіне аударды.

Талдының 50 жылдығына арналған мерейтой салтанаты палуандар күресі мен аламан бәйгеге ұласты. Осынау салтанатқа қатысушылар айшықты мейрам аясындағы ұлағатты істердің ұрпақ сабақтастығына ұласа беретіндігіне деген нық сеніммен аттанды.

Сәбит БЕКСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button