ТарихТұлға

Түске кіреді Ягуново

Көзіқарақты оқырман Қаракемерді бүгінде Кемер деп біледі. Сол Кемердің қызыл өкіметтен теперіш көрген бабаларымызға қорған болғанын біреу білсе, біреу біле қоймас.

Ягуново сол Кемерге кірігіп жатқан түскейіндегі шағын бір селосы. Іргетасы сонау он жетінші ғасырда қаланған дейді тарихшылар. Содан бері не өспеген, не өшпеген. Ягуново сөзін естіген есті қазақ бұл сөзді онша тосырқай қоймас деп ойлаймыз. Бұл сөзден анық көрініп тұрған архетип сөзі ғұн, әрине. Әр жағы түсінікті болса керек. Бабаларымыз бұл өлкені атам заманнан жайлап келген.

Осы мекен күні кешеге дейін қазақы ауыл болып келіпті. Қазақ аулалары болған. Қазақ қорымдары болған.

Бүгінде сол қазақ жұртының атауы қалған. Тұрғылықты қазақтар тарихи жұртына көшкен, қалғандары жергілікті халыққа жұтылып кеткен.

Қазақ баласына қорған болды деп отырған осы селоның бізге қатысы қандай?

Өткен ғасырдың жиырмасыншыотызыншы жылдарындағы тарих оқулықтарына шаруалар көтерілісі деген атаумен кірген халық толқуларында қызыл өкіметке басын имеген бабаларымыз аты-жөндерін өзгертіп, осы мекенді паналаған. Солайынша соңдарынан шам алып түскен алғашқы төрт, кейінгі үш әріп жаналғыштарын көз жаздыртып кеткен.

Ягуновоны әулетімен паналағандар да аз болмаған.

Солардың қатарында Көрпелдес әулетін атауға болады.

Көрпелдес баласы Мұсатай Қарқаралы ауданының №16 ауылында тұрған. Бұл он алтыншы ауыл аты шулы ауыл, бүлікшіл ауыл. Ел егерлігінде бастары қызыл ноқтаға сыймаған. Сол отызыншы жылдары бала-шағасымен ат үстінде өмір сүрген ауыл.

Мұсатай бабамыз бақуатты өмір сүріпті. Сол бақуаттылығы өзіне пәле болып жабысады. Отызыншы жылы құлақ болып, баяғы елу сегізінші статьямен сотталып, бес жылға Беломорканал құрылысына жіберіледі. Сөйтіп, мал-мүкәмалынан, үш әйелінен, балаларынан айырылып, артына қарай-қарай кете барады.

Осы каторгалық жұмысқа саяси статьямен сотталғандар жегіледі. Солардың көбісі туған топырағына жете алмайды. Көбісінің сүйегі ақсөңке болып, Ақ теңіз бен Балтық теңізінің жағалауында қалады.

Мұсатай бабамыз да осы кепті бастан кешеді. Жете алмайтыны туған топырағы мінез көрсеткен. Қолдарына қару алып, өкіметке қарсы ақырына дейін тұрған. Боқты көтерілісі деген атаумен тарихқа кірген бұл көтеріліске Мұсатайдың тұңғыш баласы Төлеш те қатысады. Көтеріліс аяусыз басылғаннан кейін Төлеш те бес жылды арқалап кете барады. Ол да каторгалық жұмысқа жегіледі…

Мұсатай бабамыз мұның бәрін сымсыз хабар арқылы біліп отырады. Сондықтан, ат басын киіз туырлықты буряттарға бұрып, бас сауғалай тұруды жөн көреді. Осында жүріп Нұрила әжемізге кездеседі. Елден жырақта кездескен мұңылықтар бастарын құрайды. Естерін жиған бетте Қаракемерді бетке алады. Соңынан Ягуноводағы қазақтарға барып қосылады.

Қаракемерде, әрине, жұмыс бар. Жұмыс болғанда шахта жұмысы.

Осындай жағдайда да жүріп өздерінің адамгершілік бет-бейнесін жоғалтпайды. Көшеге орыс болып шыққанымен, үйге қазақ болып оралады. Сол ғұн топырағы бұл кісілерге үш ұл, бір қыз сыйлайды.

Әкесінің жайынан хабардар Төлеш те ат басын туған топыраққа бұрмай, Ягуновоға бұрады. Солайынша Ягуново Көрпелдес әулетінің кіші Отанына айналады.

Жанкешкен өзін сақтауды білсе керек. Төлеш текесімін өзгертіп, әкесінің бауыры Омар есімін алады. Оның да нәпақа тапқан жері шахта. Осында жүріп Бижамал анамызбен басын құрайды.

Бұл анамыз да мұнда тағдыр тәлкегімен келеді. Ол да басқа текесіммен жүрген. Өйткені, оның әкесі Дәмен Сванбаев та құлақ болып, елу сегізінші статьяны арқалапты. Дәменнің Кәрім, Дәмен, Қанапия үш баласы Сванбаев әулетінің үш діңгегі іспеттес. Ягуново бұл кісілер үшін де екінші Отанына айналады. Дәмен шикі бай болған, дәулетін елге шашып Бесқарағайдың жомарты атанған дейді.

Салпаңқұлақтар да қарап жатпайды. Олар тағы да із алғанда Төлеш әкеміз жан ұшырады. Ұрпағыма қалай көлеңкемді түсірмесем екенмін деп.

Сол кезде… соғыс басталады. Төлеш қызыл өкімет алдында ақталудың мүмкіндігі туғандығын жан-тәнімен түсінеді. Қырық бірдің жазында өз еркімен батысқа аттанады. Сол жылдың күзінде «хабарошарсыз кетті» деген хабар келеді. Қайран ер, орда бұзар отыз бес жасында еді…

Сөйтіп, Көрпелдес әулетінің екі буыны осылайша банды аталды. Сондықтан да, олар басқасын қойғанда өздерінен қашты. Өздері жөнінде жақ ашпады. Кейінгі балаларға залалымыз тиіп кетпесін деп.

Ал, кейінгі балалар кешегі қызыл өкіметтің күндесінде отыра алмады. Кешегі бандылардың ұрпақтары екендігін де жасырмады. Өздерінің түптерін іздеді. Қашақ бабаларын қолдарынан жетелеп, туған топырағымен табыстырды.

Сөйтіп, Мұсатай бабамыз тек 1947 жылы ғана елге орала алды. 1976 жылы 92 жасында бақилыққа озды.

Мұсатай баласы Мұқан Омаров қуғын-сүргінге қарамастан алдымен тау-кен техникумын, кейінде политті де бітірді. Қарағанды шахталарында басшы қызметтерде болып, учаске басшылығына дейін көтерілді. Одан әрі де өсуіне мүмкіндігі болғанымен алдынан үш әріптіктер шықты да отырды. Енді бекіді-ау дегенде әлгілер сыбырлай қоятын. Соған қарамастан «Құрметті шахтер» атағын алды. Спорт саласында үлкен жетістіктерге жетті. Бокс бойынша ел чемпионы атанды. 2005 жылы алпыс жеті жасында бақилыққа озды. Осы Мұқанның тұңғышы Ерғазы Омаров байланыс министрлігінде басшы қызметтерде болды, бүгінде жауапты қызметте отыр.

Мұсатайұлы Рымтай 1938 жылы дүниеге келген. Бұл кісінің де ғұмыры шахтамен қатысты. «Шахта құрылысы» басқармасында озат жұмысшылар санатында болды. Қазірде бала-шағасының ортасында аман-сау жүріп жатыр.

Мұсатай әкеміздің «арпа ішіндегі бір бидайы» – Рымбике есімді қызы Шахтинск қаласында жүріп жатыр. ҚР еңбек сіңірген мұғалімі.

Ал, кенжелері Амантай 1946 жылы туған. Алматы халық шаруашылығы институтын 1975 жылы бітірген. Қудалау салқынына қарамастан біраз басшы қызметтерде болған. Оның ішінде облыстық қаржы басқармасында. 2004 жылы бақилық болды.

Төлеш әкеміздің қызы Тілеужан апайымыз жоғарыда айтқан Ягуновода 1941 жылы дүниеге келген. Медицина саласының ардагері. Астана қаласында тұрып жатыр. Бұл кісі де басшы қызметтер атқарған. Бізге осы әулет тарихын шежірелеген апайымыз осы кісі.

«Әкеге қарап оқ жонған» Амантай ағамыздың бір баласы – Серғазы ініміз Саран қаласының мемлекеттік кіріс басқармасына басшылық жасайды.

Бүгінде осы Серғазы және басқа да бауырлары жоқшы болып шығып отыр. 2008 жылы Тілеужан апайдың балалары интернет арқылы баяғы қырық бірде хабар-ошарсыз кеткен Төлеш әкеміздің ізін шығарды. Ол кісі неміс қолына тұтқын болып түсіп, 1943 жылы концлагерьде қайтыс болыпты. Минск облысындағы «Шталаг 342» концлагерінде жерленген екен. Тілеужан апайымыз бастап барып, туған жерінің топырағын бұйыртты. Сол кешенді мемориалға есімі алтын әріппен жазылыпты. Солайынша Төлеш әкеміздің екінші өмірі басталды. Мәңгілік өмірі.

Атасын іздеп осы әулеттің немерелері, Ерғазы інісі, Маржан шөбересі де барды.

Боқты көтерілісімен қатысты бірқатар бабаларымызға бертінге дейін белгі қойылмағаны белгілі.

Мұсатай мен Смағұл бірге туады. Смағұлдың баласы Кәкімбай соғыс ардагері, көшелі адам еді. Сол кісі Мұсатай бабамызды Ягуноводан Қарағандыға көшіріп әкеледі. Сол Кәкімбай әкеміз бастап, Серғазы інілері қоштап оның да ретін келтіріпті. Келістіріп тұрып бабалары қорымын қоршаулап, белгітас қойыпты.

Бір ғана Көрпелдес әулетінің тарихы осындай. Әрине, таратып жазар болса кітап та жазуға болар. Тіпті, оның қалыңырақ болуы да мүмкін. Өйткені, кейінгі балалар бабатану жұмыстарын жалғастырып жатыр.

 

Төрехан МАЙБАС,

жазушы

Басқа материалдар

Back to top button