Түсіндіру жұмыстары тоқтамайды
Қазақстанда АЭС құрылысын салу жөніндегі халықтық штаб Абай ауданында да құрылған болатын. Оның құрамында әр партия өкілдері мен әр сала қызметкерлерінен 12 адам бар. Олар осы штаб құрылған күннен бастап ауданның барлық елді мекендерінде болып, ірі кәсіпорындар,шаруа қожалықтары, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарының ұжымдарымен,тұрғындармен жүздесіп, елімізде АЭС салудың қажеттілігі мен маңыздылығын алға тартып, оларды алдағы 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдумға белсене қатысуға шақыруда.
– Бұл түсіндіру, насихат жұмыстарында бізге облыстық халықтық штабтың мүшелері мен сарапшыларының, республикалық халықтық штаб мүшелері, Парламент Мәжілісі депутаттарының да көп көмегі тиюде, – дейді Абай аудандық халықтық штабтың жетекшісі Нұрлан Адашев. – Біз күніне халықпен 5-6 кездесуге дейін өткізіп жүрміз.
Айтқандай, осының алдында Абай ауданына республикалық халықтық штабтың мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ, Тілектес Адамбеков, Бауыржан Смағұлов, Арман Қалықов арнайы келіп, аудан тұрғындарымен кездесулерінде оларға АЭС салудың айрықша маңызын жан-жақты түсіндіріп берген.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы