Ресми

«Тәртіпке бағынған құл болмайды»

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің Әдеп кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыста мемлекеттік органдардың тәртіптік тәжірибесіне жүргізілген талдау қорытындылары қаралды. Әрі Қарағанды қаласы мен Қарқаралы ауданы әкімі аппараты әдеп жөніндегі уәкілдерінің есебі тыңдалды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге қатысты қозғалған тәртіптік істерді де назардан тыс қалдырмады.

Суретті түсірген автор

Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында екі тәртіптік іс қаралды. Яғни, әдеп нормаларын сақтамай, әрі мемлекеттік қызметке кір келтіріп, тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін екі мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Одан бөлек, профилактикалық бағыттағы сұрақтарды қарастыру барысында мемлекеттік органдарға заңнама талаптарын бұлжытпай сақтауға қатысты ұсыныстар айтылды. Және әдеп жөніндегі уәкілдерге өз қызметін жетілдіруге тапсырма берілді.

– Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысының негізгі бағыты профилактикаға, яғни, алдын алуға бағытталады. Сондықтан, көп жағдайда болып жатқан құқықбұзушылықтардың талдау қорытындысы бойынша салдарымен емес, себептерімен күресеміз.
Жалпы, Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысының жоспары жылдың соңында бекітіледі. Содан барып жыл бойы бекітілген жоспармен жүреміз. Алдыңғы отырыста қаралған, талқыланған мәселелер қайта қаралмайды. Бірақ, мәселенің күрделілігіне қарай қажет болған жағдайда кезектен тыс жоспарға өзгеріс енгізу арқылы қараймыз, – деді департамент басшысы Жандос Сәрсен.

Қарағанды облысы мемлекеттік органдарының тәртіптік комиссияларының биыл тоғыз айына ұсынған дерегіне сүйенсек, 516 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Оның 346-сы – жергілікті атқарушы органдарда. Ал, қалғаны – мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне тиесілі. Дегенмен, былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 2%-ға азайған.
Сонымен қатар, өткен мерзімде тәртіптік комиссия қарастыруынсыз тәртіптік жауапкершілікке 478 мемлекеттік қызметші тартылған. Оның 325-і жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың бұл кезеңімен салыстырғанда 0,4%-ға төмендеген. Ал, қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша 13 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 2024 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша мерзімінен бұрын алынған тәртіптік жазалардың саны былтырдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 19%-ға өскен. Көш басында Қарағанды облысы, яғни, 33 тәртіп бұзушылықпен тұр. Одан кейінгі орында Қарағанды қаласы – 28, Теміртау қаласы – 10 қызметкер. Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде 16 жағдай тіркелген.
Керісінше, тәртіптік жауапкершілікке ең аз тартылған жергілікті атқару органдары арасында Бұқар жырау ауданы мен Балқаш қаласы тіркелген. Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері бойынша Қарағанды облысының мемлекеттік кірістер департаменті мен Қарағанды облысы бойынша әділет департаментінің көрсеткіштері жақсы.
Дегенмен, департамент мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының ұсынылған материалдарына жүргізген талдаудың қорытындысы бірнеше бұзушылықтарды анықтады.

– Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 27-тармағына сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметшінің ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түрінде алынбаған жазасы болған кезде жасаған теріс қылығы елеулі теріс қылық болып табылады. Ол үшін қызметтік сәйкестіктің толық еместігі туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түрінде жаза қолданылады. Сонымен бірге, Қағидалардың 37-тармағына сәйкес теріс қылық жасағаны үшін лауазымын төмендету, қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту және атқаратын лауазымынан босату түрiнде тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін тәртіптік теріс қылықтар бойынша қызметтiк тергеп-тексеру жүргізу және Комиссияның ұсынымдарының болуы міндетті. Аталған талаптарға қайшы тәртіп бұзушыларды анықтап, тиісті жазалары тағайындалды. Егер, қағиданың 82-тармағына сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметшi жаңа терiс қылық жасамаса, өзiн адал жұмыскер ретiнде көрсетсе, тәртіптік жаза алты ай өткенге дейiн алынуы мүмкiн, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Дина Абаева.

Отырыс барысында Қарқаралы ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Шыңғыс Шәріп мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына мониторинг және бақылауды жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасады. Жалпы, Қарқаралы ауданында 196 мемлекеттік қызметші штаты болса, 176-сы нақты қызмет атқарып отыр. Бүгінде 13 лауазымды орын бос. Жыл басынан бос тұрған 23 әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің орнына конкурс өткізген. Нәтижесінде, 12 мемлекеттік қызметші қызметке қабылданыпты. Бұған қоса, жоғары оқу орындарын жоғары баллмен тәмамдаған 2 адам жауапты лауазымға конкурссыз қызметке қабылданған.

– Қазіргі таңда 13 тұрақты бос жұмыс орны бар десек, оның төртеуі бір жылдан бері бос тұр. Аталған бос орындардың барлығы – есепші лауазымдары. Басты себептердің бірі – ауылдық округтердегі халық санының аздығы. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасы мен тиімділігін анықтау мақсатында әр тоқсан сайын бағалау жүргізіледі. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мен қайта даярлау курстарына биыл 46 маман оқытуға жолданған. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің орындалу барысы жайында жиындар өткізіледі, – деді Шыңғыс Қайратұлы.

Сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Поведа Станислав та мониторинг пен бақылауды жүзеге асырған жұмыстар туралы баяндама жасады. Әдеп жөніндегі уәкіл былтырдан бері осы уақытқа дейін 54 мемлекеттік қызметшіге кеңес берген. 20 азаматты жеке қабылдаған. Әрі әдеп жөніндегі уәкіл жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдеп нормаларын сақтау бойынша 17 семинар өткізген. Әрі электрондық базаға мониторинг жүргізу барысындағы құқық бұзушылықтар жайында айтып берді.

– Үш мемлекеттік қызметшінің жол қозғалысы ережелерін бұзғаны анықталды. Әкімшілік айыппұлдар уақытылы төленген. Сонымен қатар, қызметтік уақытта және қызметтен тыс уақытта заңнама талаптарын сақтауы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қызметтік әдепті сақтау мәселелері жөнінде оқыту жүргізіледі. Осындай шаралардың нәтижесінде биыл мемлекеттік қызметшілердің тәртіп бұзушылықтары мен тәртіптік жазалары едәуір азайған, – деді Поведа Теодорович.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button