Бас тақырып

«Тәртіпке бағынған құл болмайды»

Адамның жауы – өзі ғана болып тұр. Себебі, қыс басталғалы ауа райының қолайсыздығына байланысты соңғы екі айда республикалық маңызы бар тасжолдың 13 учаскесінде – 76 рет, облыстық маңызы бар 8 учаскеде – 43 рет көліктің барлық түрі бойынша қозғалыс шектелгеніне қарамастан, далаға тастай алмай жүрген жаны бардай, жолға шығып кететіндерді жөнге салатын амал табылған жоқ әзірге. Ал, өзі үшін емес, өзгенің амандығы үшін «жарғақ құлағы жастыққа тимей» жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары мен полиция қызметкерлері уақытпен санаспай, жұмыстарын тыңғылықты атқарып бақса да, жақсы ат ала алмай жүр.

Сурет: vestnik19.kz сайтынан

Облыстың төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Ақылбек Ахметжановтың айтуынша, жолдар жабылғалы түрлі аумақтарда 5 мыңнан астам техниканың қозғалысы тоқтатылған. Одан бөлек, бақылау-өткізу пункттеріндегі техниканы азайту мақсатында Көлік министрлігінің жол техникасы мен бөлімшелердің күшімен 27 автоколонна ұйымдастырылып, 4 мыңнан астам көлікті діттеген жеріне жеткізген.

Ақылбек Қосманұлының сөзіне сенсек, тұрғындар ақпараттандырудан да кенде қалып жатқан жоқ. Тіпті, ол үшін арнайы іздеп, телефон шұқылаудың да қажеті жоқ. Тек, смартфонға келген SMS хабарламаға бір ауық көз қырын салса болғаны.

– Тұрғындарды ескерту мақсатында ауа райының нашарлауы және жолдардағы көлік қозғалысының шектелуі туралы қыстың алғашқы екі айында 80 SMS хабарлама миллионнан астам абонентке жетті. Ал, Darmen мобильді қосымшасы арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу туралы 47 ақпарат жарияланды. Облыстағы 13 радиостанцияда халықты хабардар ету үшін 21 рет хабарландыру берілді, – дейді Ақылбек Ахметжанов.

Жол учаскелеріне жұмылдырылған көлік те, адам саны да аз емес. Мәселен, 2023 жылғы 29 желтоқсандағы кезеңде 908 адам мен 505 техника жұмылдырылған.

Төтенше жағдайлар күштері, жол полициясы және жол ұйымдарының күшімен 66 авариялық-құтқару, 9 іздестіру-құтқару жұмыстары нәтижесінде 259 адам құтқарылған.

– 259 адамның 36-cы – бала. Сонымен қатар, үш мыңға тарта адам қар құрсауынан шығарылды. 121 техника дрейфтен шығарылды. Жергілікті билікпен бірлесе отырып, 1324 адам, оның ішінде, 150 бала жылыту орталықтарына орналастырылды, – дейді Ақылбек Қосманұлы.

Жалпы, облыста республикалық маңызы бар жол – 1853,5 шақырым. Осының ішінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны, қайта жаңғыртудан өтіп жатқанын қоспағанда 1444 шақырым жолға қарап, күтіп-баптайтын, қардан тазалайтын «КАЖсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұлов аталған компания биылдың өзінде ғана жаңадан 29 қар жинау техникасын сатып алғанын айтады.

 – Жай күндері жолға 50-60 техника шығады. Ал, төтенше жағдайларда, ауа райы нашарлағанда жүзге тарта көлік жолға шығады. Мұндай күндері адамдар демалмастан, екі ауысымда жұмыс істейді, – дейді Ерлан Жұмағұлов.

Жол жайы сөз болғанда тұрғындардың «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға деген наразылығы бар екенін айту керек. «Республикалық маңызы бар жолдарға уақытылы құм немесе тұз себілмейді» дегенге Ерлан Жұмағұлұлы өзінің уәжін жеткізді. Айтуынша, құм мен тұз қоспасын себудің де климаттық тәртібі бар. «Климат жағдайы келетін болса, аталған қоспа тұрақты түрде себіледі», – дейді ол.

Ал, ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдарды жабу бір ғана органның құзырында емес. Облыстың полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Хантеміровтің айтуынша, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, төтенше жағдайлар қызметі және облыстың полиция департаментінің өзара келісімі арқылы жүргізіледі.

– Өткен жылдың желтоқсанының соңы мен биылғы жылдың қаңтарының басында қар қалың жауды. Астана қаласының өзіне ғана жолда қалған 4 мыңға тарта көлікті жеткіздік. Тұрғындар жолға шығар алдында өздерінің қауіпсіздіктері үшін хабарламаларға мән беріп, көліктерін сайлап шыққаны дұрыс, – дейді Бауыржан Андақұлұлы.

Ал, Ақылбек Қосманұлы қала ішіндегі ауа райы жақсы екен деп, ескертуге қарамастан, жолға шығып кету қауіпті екенін айтады.

– Тұрғындар қала сыртындағы ауа райының қандай екенін білмейді. Жол жабу кездейсоқ қабылдана салатын шешім емес. Жол бойында патрульде жүрген қызметкерлер жағдайды бізге бейне және фотоматериалдар арқылы жібереді. Соны басшылыққа ала отырып, жолды жабу шешімі қабылданады. Ал, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін кейінгі кезде радиохабарларды тоқтатып қойып, жолдың жабылғаны туралы хабарландыру береміз. Ал, полиция қызметкерлері өте күрделі жағдайда жандарын шүберекке түйіп, түк көрінбейді деген боран кездерінде ілесіп жүріп, көліктерді қауіпсіз жерге жеткізеді. Оны біреу білсе, біреу білмей жатады, – дейді Ақылбек Ахметжанов.

Ал, Бауыржан Хантеміров «Жол қозғалысында әркімде ішкі тәртіп болуы керек» дейді. Айтуынша, жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Жаңашылдықтан да құралақан емес. «Бірақ, өзіміздің және жақындарымыздың амандығы тікелей өзімізге байланысты екенін ұмытпайық» дейді ол.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button