Тәртіп пен тәрбие тоғысқан
Білім беру жүйесіндегі басым бағыттардың бірі – әскери-патриоттық бағыт. Осы ұранмен Нұркен Әбдіров атындағы мектепте оқушыларды тәрбиелеу мен оқытудың тәсіліне негізделген бағдарлама әзірленген. Бағдарлама Отанымыздың патриот азаматын тәрбиелеуді көздейді.

2013 жылдан бастап, Н.Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектептің 5 сыныптарында «Толық күнді мектеп-кешені» моделін құру тақырыбында тәжірибелік-эксперименттік жұмыс бағдарламасы негізінде сыныптар ашылды. Сол кезден мектепте қазақ және орыс тілдерінде оқытатын екі сынып пайда болды. Онда ұлдар үшін кадет білім беру бағдарламасы және қыздар үшін білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Бүгінде алғашқы кадеттер жоғары оқу орындарының ІІ және ІІІ курс студенттері. Қазір мектебімізде барлығы 18 кадет сыныбы бар. Жалпы мектеп бойынша оқушылардың сандық көрсеткіштері артты.
Эксперимент енгізілген сәттен бастап мектеп контингенті (10 жыл ішінде) орта есеппен 560 адамға ұлғайды. Іс жүзіндегі эксперимент бағдарламасы өзінің оң нәтижесін беруде. Балалардың кадет сыныбында оқуға деген қызығушылығы оларды тәртіпке, ұстамдылыққа үйретеді, рәміздерге, туған өлкенің тарихына, салт-дәстүрлерге құрметпен қарауға тәрбиелейді. Педагогтар жүргізген зерттеулер оқушылардың білім сапасының, физикалық көрсеткіштерінің, әлеуметтік белсенділіктерінің артқанын көрсетті. Эксперимент енгізілген жылмен салыстырғанда білім сапасының 30%-ға өскені байқалды.
Жас сарбаздар үшін маңызды оқиға – салтанатты қабылдау жиындары. Сарбаздар салтанатты түрде Отанға, мектепке адал болуға ант береді. Генералдар мен офицерлердің қолынан атаулы куәлік алады. Кейін оқудағы жеке жетістіктері мен белсенді өмірлік ұстанымдары үшін жас сарбаздарға олардың алғашқы әскери атақтары беріледі. Ата-аналар да жақсы қолдау көрсетеді. Осының нәтижесінде мектеп тәрбиеленушілері облыс көлеміндегі «Үздік кадет сыныбы» байқауында «Орталық» Өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы кубогінің 6 дүркін иегері атанды. «Жас Сарбаз» сынып оқушылары арасында «Менің отбасым» байқауында 1 орын иеленді.
Ерлан РАХИМЖАНОВ,
Н.Әбдіров атындағы мектептің «Жас сарбаз»
әскери-патриоттық сыныбының жетекшісі