Тәртіп – бақылауда
Бүгінде ішкі істер ұйымдарының қызметкерлері ел күзетінде. Аймақта төтенше жағдай жарияланған сәттен шаһарлардың шекарасында полиция қызметкерлері бекеттерде. Ішкі істер органдарының барша жүйесі жұмылдырылған күрделі ахуал кезінде әуежай, вокзал, тас жол бойында қырағылық күшейтілгені мәлім. Бұдан желілік полиция қызметкерлері де қалыс қалмағаны тағы аян.
Қарағанды-Сұрыптау станциясының желілік полиция бөлімінің қызметкерлері сол уақыттан бері «Сарыарқа» халықаралық әуежайында тәртіпті қадағалауда.
– Желілік полиция бөлімінің барлық қызметкері де өзге өңірдегі әріптестеріміз секілді тәртіпті қатаң бақылауда. Жолаушыларға жағдайды түсіндіріп, құжаттарын, жүктерін жіті тексеруден өткіземіз. Бұқара да бұған түсіністік танытады. Ең бастысы – елдің бейбіт өмірі, – дейді Қарағанды-Сұрыптау станциясының желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асхат Дүйсембеков.
Өз тілшімізден.