Төртінші өнеркәсіптік революция: адамзатқа берілген мүмкіндік
Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы көрегендікпен қатар, қазақ елінің ұлт ретіндегі бәсекелестігін арттырып, жаңа, үлкен кезеңге жол ашты. Ал, төртінші революция – адамзатқа берілген мүмкіндік, тіпті, жер шарының өзі үлкен бір компьютерге айналады деген болжам жасалғанда, Елбасының айқындап берген жолымен бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу – бүкіл қазақ ұлтына сын болмақ.
«…Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді» делінген Жолдауда. Кез келген төңкерістен ұтатын тұсымыз да, ұтылатын тұсымыз да болатыны сияқты, төртінші революцияның еңбек нарығымен қатар, өмір сүру салтын түбегейлі өзгертетіне дайын болу – біздің міндет.
15 республиканы одақтар астына жиып алып, өзін барлығының бойына қан жүгіртіп отырған алып жүректей сезінген КСРО-ның Қазақстанды шикізат орталығы ретінде ұстауы, қазақты түйеден түсіре сала, индустрияландыруға беттетпейміз деген саясаты «құлдық психология» деген терминді енгізді тілімізге. Уақыттың тезіне төтеп бере алмады десек те, заңдылық болса да «Сенің еркіндігің – менің еркіндігім!» деп, Одақты таратқанда Ресейің де, қалған 15 республиканың да бей-берекет атомдай бір-біріне соқтығыспағаны рас.
Бұл Қазақстанның дербес мемлекет ретінде дамуына берілген үлкен мүмкіндік болып, дамудың даңғыл жолына түсті. Тәуелсіз ел болған 25 жыл аралығында өзіндік бет-бейнесін айқындап, «Мәңгілік ел – қазақ елі» әлем жұртына танылды. Бұл турасында Н.Назарбаев өзінің Жолдауында: «Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды. 2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды. Биыл Астанада «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткіземіз. Алматыда «Универсиада – 2017» спорт ойындары өтіп жатыр. Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы мен делегация мүшелері қатысуда», – деп айтып, енді еліміз үшін жаңа кезең, жаңа дәуірдің басталғанын тілге тиек етті, Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиістігін көрсетті. Ал, осы жылдар аралығындағы қол жеткізген жетістіктер – Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанының және саясатымыздың дұрыстығының көрінісі.
Енді біз төртінші өнеркәсіптік революцияға аяқ бастық. Бәсекелестіктің беделін одан әрі арттыра түсетін бұл кезеңде Жолдаудың бес басым бағыты – жаңа жаһандық болмысты қабылдап, қарқынды өзгерген әлемде шеттеп қалудан алып шығатын бірден-бір жол болмақ.
Жаңа өнеркәсіптік революция кезеңінде кім көшбасшы болмақ? Әрине, дамыған, озық елдің ұтатыны, революциядан пайда көретіні белгілі. Жыбырлаған дүниенің барлығы автоматтандырылатын жаңа кезеңде, автоматты түрде қажеттіліктен шығып қалатын орта және біліктілігі төмен жұмыс күшінінің көптігі – дамыған емес, дамушы елдерді артқа тартатыны мәлім. Елбасымыз Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу сияқты міндеттерді алдыға қойды. Революциялық өзгеріс алдымен адамдарға әсер ететініндей, жаңа перспектива – уақытпен қатар жүруді қалағанға үлкен мүмкіндік. Бұл адам құнды ресурс болудан қалып, дүниені робот пен компьютер билейді деген емес, керісінше, олардың қабілеті құнды ресурс ретінде алдыға шықпақ. Бұл орайда бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуді көздеген екінші басымдық бәсекелестікке кеңінен жол ашады. Орнынан айырылып қалмай, сұранысқа ие болуды көздеген кез келген бәсекелес ақпарат заманындағы жылдамдықпен қатар, зияткер өнімді өндіруді көздейтіні анық. Ал, зияткер өнім өндіруде сол деңгейде ойлай алатын маман қашан да болсын құнды. Төртінші өнеркәсіптік революцияның басты нәтижесі – еңбек өнімділігін арттыру болса, жоғары технология заманындағы «ақылды фабрикалар» шағын және орта бизнеске таралғанда ғана мүмкін болатындығын айта кетпеске болмайды. Барлық машина атаулыны бір тілде ғана сөйлету көзделген жаңа дәуірде мектеп жасынан үш тілде білім беріп, пәннің өзін ағылшын тілінде оқыту – болашақ ұрпаққа жасалған үлкен мүмкіндік. Бұл – алдағы жақсы өмірге салынған үлкен инвестиция. Төртінші революциямен «Математика – ғылымдар атасы» делінген сөздің де дәуірі қайта оралды. Жаппай жаһандану кезеңінде математикалық білімі бар мамандар сұранысқа ие болып қана қоймай, еліміздің жаңа бағдарын жасайтын болады.
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қазақстан КСРО-дағы республикалар арасында металлургия бойынша екінші орынға шықты. Шымкент қорғасын зауыты КСРО-дағы қорытылған қорғасынның 73,9, ал, Балқаш зауыты елімізде балқытылған мыстың 51, Қарағанды бассейні көмірдің 90 пайызын берді. Қазақстан мұнай өндіру бойынша да Ресей мен Әзірбайжаннан кейінгі үшінші орында тұрды. Мұның бәрі, сөз жоқ, жұмысшылардың, соның ішінде қазақ еңбеккерлерінің жақсы жағдай жасауға тырысуы арқасында жеткен жетістіктер еді. Ауыр еңбектің арқасында келген жетістікке бас ие отырып, жаңа дәуірге аяқ басқанда, қол еңбегінің бәрін робот атқаратын кезеңде адам компьютерге бағыт-бағдар беруші ғана. Төртінші өнеркәсіптік революция – осы кезге дейінгі адал еңбектің жемісін көретін кезең.
Адам миымен қатар жұмыс жасай алатын компьютерлер дүниеге келетін кезеңде адам болудың өзі не деген күрделі сұрақты алдыға тартары сөзсіз. Бірақ, жаңа технология алып келетін жаңа дәуірде оның барлығы адамзаттың қолынан шығатынын ұмытпағанымыз абзал. Бұл – еліміздің тағы бір жаңа тарихи кезеңі.
«…Бізде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ. Біздің ұлы халқымыз бірегей тарихи мүмкіндікті толықтай пайдалана алатынына сенемін», – деп сенім артып, басты күшті бірлікке балаған Елбасының Жолдауы да осы кезеңде әр қазақстандыққа ұсынылған жаңа мүмкіндік.
Салтанат ИЛЬЯШОВА