Қарағанды машинажасау колледжіндегі №64 референдум учаскесіне Ә.Ермеков көшесі, 6 ықшамаудан мен Бұқар жырау даңғылының бірқатар тұрғындары келіп дауыс береді.

Жалпы, бұл учаскеде тіркеуде 1784 азамат бар. Учаске төрағасы Берген Асановтың айтуынша, 1784 адамның ішінде 18 жасқа енді толып, дауыс беру құқығын иелегендердің саны – 17-і екен. Учаске ашылғаннан кейін ол азаматтың біреуі келіп дауыс берген. Оған да арнайы сый табысталды. Учаске төрағасы ұсынған мәліметтер сағат 11:00-дегі жағдай бойынша 300-ден астам адам өз дауысын бергенін айтады. Негізінде, мұнда тіркелгендерің басым бөлігі – қаланың байырғы тұрғындары екенін еске сала кеткен жөн. Сол себепті олардың арасында өз бетінше келіп, дауыс беруге мүмкіндігі жоқ тұрғындар да кездеседі. Ал ол азаматтардың дауысы үйлеріне барып алынады.

– 18 адам денсаулығына байланысты үйден дауыс беруге өтініш білдірді. Сағат 12:00-ден кейін сол өтініштер бойынша барамыз. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, барлығы заң аясында жүзеге асуда. Заңбұзушылықтар тіркелмеді. Егер дауыс берушілердің жас мөлшерімен есептер болсақ, әзірге келгендердің басым бөлігі – зейнеткерлер, – деді Берген Асанов.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



