Бас тақырып

Тұрмыстық зорлыққа тосқауыл бар

2025 жылдың алғашқы бес айында балаларға қатысты жыныстық қол сұғылмаушылықты бұзу қылмыстарының саны 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,3%-ға азайды. Ауыр қылмыстар – 8%-ға, аса ауыр қылмыстар – 19%-ға қысқарды.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Былтыр Президенттің бастамасымен әйелдердің құқықтарын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң нақты шараларды енгізуге жол ашты.

Заң аясында әйелдер мен балаларға қатысты барлық зорлық-зомбылық актілері үшін жауапкершілікті күшейтетін, отбасы институтын нығайтатын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін арттыратын нормалар енгізілді. Нәтижесінде зорлық-зомбылық пен қатыгездікке қарсы әрекет ету жүйелі сипат алды және алғашқы оң нәтижелер байқала бастады.

Алдын ала ескертусіз тексерулер жүргізу туралы норманың маңызы зор болды. Бір жыл ішінде Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 58 тексеру жүргізіп, 1 500-ден астам баланың құқығын қалпына келтірген. 24 ұйым басшысы әкімшілік, 78 маман тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары ашылып, биылдан бастап, бұл орталықтар 50 мыңнан астам азаматқа, соның ішінде, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен ата-аналарға көмек көрсетті.

– Бұл Заң жекелеген әрекеттерден жүйелі тәсілге көшуге мүмкіндік берді. Бүгінде елімізде балаларды қорғаудың тұрақты моделі қалыптасты. Онда мектептен бастап уәкілетті өкілге дейінгі әрбір буын алдын алу мен көмек көрсету үшін жұмыс істейді, – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Өңірлік уәкілдер институты баланы қорғау жүйесінің маңызды элементіне айналды. Олар тәуелсіз мәртебеге және балалар бар барлық мекемелерге, жабық ұйымдарға да кедергісіз кіру құқығына ие болды. Бүгінде орын алған зорлық-зомбылықтың әрбір фактісі уәкілдердің тікелей бақылауында.

Өткен жылы Қарағанды облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ирина Киселева әйелдер мен балаларға қатысты 260-тан астам өтініш келіп түскенін айтты. Сонымен қатар, балалардың құқықтарын бұзу және қауіпсіздік қатерлері туралы жүздеген қоңыраулар келген. Уәкілдің айтуынша, бұл өтініштердің көпшілігі тек кеңес беруді қажет етеді, бірақ, соған қарамастан барлық құрылымдар мен ведомстволар мәселені шешуге қосылады.

– Бұрын бізде жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар мәселесі болған. Алайда, 2024 жылы көрсеткіштер төмендеді. Бұл екі жыл бұрын проблема еді, қазір бізде Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалаларға қарағанда резонанстық істер аз. Біздің мектептер мен оқу орындарындағы жағдайлар басқа өңірдегідей резонанс деңгейде емес. Дегенмен, мұндай жағдайлар бар. Бұл әдетте мектептерде болады және бұл Қазақстан үшін де, көршілес посткеңестік елдер үшін де тән. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты жайт өңірде аз. Есесіне, соңғы уақытта антисанитариялық жағдайда өмір сүретін отбасылар жиі анықтала бастады. Жұмыс істемейтін ата-аналар үйлеріне қоқыс жинайды немесе үй жиналмайды. Балалар онда өмір сүруге мәжбүр, – дейді Ирина Кисилева.

Бүгінде «111» байланыс орталығы отбасы, әйелдер және балаларды қорғау мәселелері бойынша бірыңғай жүгіну арнасы ретінде заңмен бекітілген. Желіге 2025 жылдың басынан бастап елімізде 88 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Мектептерде QR-код арқылы құпия түрде хабарлама беру жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, «ДОСБОЛLiKe» антибуллингтік бағдарламасы жүзеге асырылуда, мектептегі жәбірлеу үшін әкімшілік жауапкершілік те күшейтілді. Ведомствоаралық жедел әрекет ету алгоритмдері жұмыс істейді.

Облыстағы балаларды қорғау жөніндегі уәкілдің сөзіне сүйенсек, облыс тұрғындары бала құқықтары бұзылған жағдайда балалар мен ересектер көмек сұрай алатын 111 call-орталығына жиі хабарласады. Кейде жалған шағымдар немесе жай еркеліктер болады, бірақ, олар барлық өтініштерге жауап береді. Мұндай жағдайларда көмектесетін QR кодтары мен дағдарыс орталықтары да бар.

Сонымен қатар, уәкілге көптеген өтініштер келіп түседі. Олардың кейбіреулері құқық қорғау органдарымен, психологиялық қолдау орталығымен және басқа құрылымдармен өзара әрекеттесуді талап етсе, кейбір жағдайларда ата-аналарға, балаларға кеңес беру жеткілікті.

Инфографиканы жасаған Арайлым Коктаева

Ал, облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, Қарағандыда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсететін бірыңғай орталық жұмыс істейді. Бұл орталықта құқықтық, әлеуметтік және психологиялық қолдау бір жерден ұсынылады. Құқықтық қолдауда «Право» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, агрессияны басқару және абьюзерлермен жұмыс істеу бойынша семинарлар мен тренингтер өткізілді.
Еңбек құқықтарын қорғауда облыстағы кәсіпорындарда ұжымдық шарттар арқылы еңбекші әйелдердің құқықтары мен кепілдіктері қамтамасыз етіледі. Мысалы, «Qarmet» жұмыс істейтін әйелдерге арналған арнайы бағдарламалар мен жеңілдіктер қарастырған.

Сондай-ақ, облыс мектептерінде қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері бар турникеттер және дауыстық хабарлау жүйелері орнатылуда. Мамандандырылған күзет қызметі де енгізілуде.

Бүгінде облыстағы білім беру мекемелерінде 900-ге жуық психолог жұмыс істейді. Олар балаларға психологиялық көмек көрсетіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады. Балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу мақсатында интерактивті карта әзірленген. Бұл карта арқылы құқық бұзушылықтар туралы ақпараттар жиналып, талдау жүргізіледі.

Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмаға сәйкес, балаларға көмек көрсету, оларды қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша қосымша шаралар «Қазақстан балалары» бағдарламасының тұжырымдамасына жүйелі түрде енгізілетін болады. Алдағы уақытта аталған бағдарлама жайлы кеңірек айтатын боламыз.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button