Тұрмыс тұралап қалмауы тиіс
Халықтың тұрмыс-тіршілігінің тұтқасы – жылу, су, газ екені мәлім. Осы орайда Қарағанды облысында 2023 жылы жылумен жабдықтауды жаңғыртуда 16 жоба іске асырылған екен. 2024 жылға жоспарланған 14 жоба бар. Мұның бәрі жүзеге асқанда бұқараның түйткілді біраз мәселесі шешімін табары сөзсіз. Тарқаталық…
Қыста қалтырамас үшін
Аймақта жылу жүйесін жаңғырту, жаңадан салу осы күні тоқтаусыз. Көне жүйелер жөндеу көріп жатыр. Одан бөлек, жаңа желілердің құрылысы қолға алынған. Бұған былтыр іске асқан 16 жоба дәлел. Мәселен, өткен жылы Қарағандыда – 5, Теміртауда – 6, Балқашта – 3, Саранда – 2, барлығы 21,5 шақырым жылу желілері қайта жаңартылған. Бұл – былтырғы жылдың межесі.
Биыл бірқатар қалаларда бұл іс өзінің жалғасын табады. Дәлірек айтқанда, 2024 жылға Қарағанды, Теміртау, Балқаш және Саран қалаларында 14 жобаға қаражат бөлінген. Соның нәтижесінде 20,2 шақырым жылу желілері салынып, реконструкцияланады.
Әр үйге ауыз су
Облыста сапалы ауыз су мәселесі алдағы уақытта түбегейлі шешіледі. 2023 жылдың қорытындысына сай облыстың ауыл тұрғындары үшін сапалы сумен жабдықтаудың қолжетімділігі 93,6%-ға жетті. Бүгінде орталық сумен 228 ауыл қамтамасыз етілсе, Бұқар жырау, Ақтоғай, Шет және Нұра аудандарының 13 ауылында су құбыры желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Тағы 8 ауыл үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен.
2024 жылы ауыл тұрғындарын сумен жабдықтауда 29 жоба іске асады. Жұмыс алты ауданда – Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шетте жалғасады. Барлығы 55 шақырым су құбырын салу және қайта жаңарту көзделеді.
Облыста 200-ден аз адам тұратын 93 ауыл бар екен. Алайда, олар да сапалы ауыз сусыз қалмайды. Шағын ауылдар үшін модульдік қондырғылар қарастырылған. 2023 жылы Нұра ауданының Нығман және Айтүбек ауылынан бастау алды. Енді 2024 жылы 36 КБМ орнату межеленіп отыр. Қалаларда сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік жоғары – 98,8%. 2024 жылы бұрын басталған бірқатар жобалар жалғасады. Желілерді қайта құру Балқаш, Саран, Шахтинск және Қарқаралы қалаларында аяқталуы тиіс.
Газдандыру қалай жүріп жатыр?
Аймақты газбен қамтуда да іркіліс жоқ. Ол мақсатта тұрғындар үшін жеңілдіктер де қарастырылған. Бүгінгі таңда көгілдір отынға Қарағанды мен Теміртаудың 3000-ға жуық үйі қосылса, газ тарату желілері жүргізілгендердің саны 8000-нан асады. Қарағанды мен Теміртау тұрғындары үшін газға бөліп төлеу жүйесі іске қосылып, жұртшылыққа біршама көмек болғанын атаған абзал. Бұл мақсатта ТКШ жаңғырту орталығы арқылы 5 жылға пайызсыз несие берілді. Биылғы 2024 жылы газ тарату желілері Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларындағы 2000-нан астам үйге жеткізіледі. Шет және Бұқар жырау аудандарын газдандыру жөніндегі сараптаманың оң қорытындысы шығуы тиіс.
Жедел саты, шатыр мен қасбеттер жөнделеді
Өңірде көпқабатты үйлердегі лифтілер жаңартылуда. Бағдарлама пәтер иелеріне жеңілдікті несие беретін ТКШ жаңғырту орталығының қатысуымен жүзеге асырылады.
2023 жылы Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Балқаш қалаларында 42 лифт қалпына келтірілді. 2024 жылға жоспарда – 50 лифт бар.
Өткен жылы Балқаш, Қарағанды, Абай және Сарандағы 35 көпқабатты үйдің шатыры мен қасбеттері жөнделсе, 2024 жылы Балқаш, Приозерск және Абай ауданындағы 57 үй жөндеу көреді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz