Басты тақырып

Түрленген мектеп – гүлденген аула

   Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ аймақ басшысы болып тағайындалған бетте іші-сырты жалтырап, келбеті көз жауын алып тұрған білім ошақтарына емес, төбесінен су сорғалап, еден-терезесі әлденеше жыл жөндеу көрмеген Қарағандыдағы №23 мектепке бас сұққан еді. Өңір дамуына немқұрайлы қарамайтын өңір басшысының бұл қадамы кім-кімді болсын бейжай қалдыра қоймас. Өңі кеткен ғимаратты өз көзімен көріп, жауапты тұлғаларға жөндеу жұмысын жүргізуді жүктегені де белгілі. Сонымен, арада бірнеше ай өтер-өтпес мерзімде аталған мектеп өңі кіріп, өзгеріп шыға келді. Бүгінгі айтпағымыз да сол болмақ…

«Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы» дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында. Алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастыратын кейінгі толқын жастар. Ал, ол жастар бүгінгі мектеп қабырғасында тұлымы желбіреп жүрген – оқушы қауым.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев жан-жақты дамыған білімді, елжанды, еңбекқор, өзінің атқарған ісіне жауапкершілікпен қарауды азаматтық парызы санайтын ұрпақ тәрбиелеуді – білім беру саласы қызметкерлеріне жүктеді. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда.

Сондай мектептердің бірі қаламыздың Оңтүстік-Шығысында орналасқан – №23 жалпы білім беретін орта мектеп. Мектебіміз биылғы оқу жылында 1 сыныпқа 150 оқушыны қабылдауды жоспарлап отыр. Мектеп те, мектеп ұжымы да бұл іс-шараға бел шешіп кірісіп кеткен. Кезекті демалысынан шыққан мектеп мұғалімдері оқулықтардың, әдістемелік нұсқаулықтардың, мемлекеттік құжаттардың, ғаламтор парақшалардың бетін ақтарып, оқушыларымызды қандай жаңалықтармен тәнтті етеміз деп әуре-сарсаңға түсуде.

Ең бастысы, мектебімізге үкімет тарапынан қаржылай көмек көрсетіліп, білім ошағының шатырына, есік-терезелеріне, еденіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Яғни, нысанның екінші қабатындағы едені жөнделіп, линолеум жайылса, бірінші қабат еденіне керамогранит төселді. Бұдан бөлек, бірінші қабаттың төбесі толығымен жөнделіп, осы қабаттағы есіктер ауыстырылды. Кәріз құбырлары да толығымен ауыстырылып, кіреберіс алаң жөнделді. Қазіргі күні мектептің сыртқы қабырғасы сырлануда. Сондай-ақ, білім ошағы ауласында абаттандыру, безендіру жұмыстары жүргізілді. Ал, бұл жұмыстардың барлығына 67 миллион теңге бөлінген еді.

Сөйтіп, мектебіміз айналдырған екі-үш айдың көлемінде адам танымастай өзгеріп шыға келген жайы бар. Әрине, бұл ретте аймақ басшысына алғыс айтпай кетуге болмас. Ал, осы жұмыстардың басы-қасында жүріп, күн демей, түн демей жұмысшылардың кедергісіз жұмыс жасауына ықпал еткен мектеп директоры Нүркен Ашықбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Ұйымдастыру жұмыстарын сауатты орындай алған мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Наталья Петроченкоға да айтар алғысымыз шексіз.

ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі білім беру болып отыр. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалып келеді. Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы да білімге келіп тіреледі. Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» деп тұжырымдаса, заңғар жазушы М.Әуезов «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім болмақ» дейді. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады. Олай болса, алдымыздағы оқушымызға сапалы білім, саналы тәрбие беру, дұрыс жөн сілтеу біз – мұғалімдердің Отан алдындағы, адамдық ар-ождан алдындағы басты міндетіміз. Шәкірт білім негізін оқулық, әдеби кітаптардан ғана алмай, мұғалімінің әр қимыл әрекетінен, үлгі-өнеге алуы керектігі бесенеден белгілі. Оқушының талғамы да осы мектеп қабырғасында қаланады. Ол жүрген ортасы, оқыған мектебі, отырған сыныбы, оқытқан мұғалімінің құзырындағы жайт. Сол себептен де биылғы оқу жылында қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы  Шоқан Уәлиханов пен филология ғылымының докторы Әсет Болғанбаевтың атындағы кабинеттер ашылмақ. Мектеп қызметкерлерінің бұл шешімі оқушыларымызға үлгі-өнеге болатындығына сеніміміз мол.

 

 Данагүл ОМАРОВА,

№23 ЖББОМ мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Суреттер ғаламтордан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button