Тұранның соңғы жолбарысы
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Шақан шері» романындағы ауланатын соңғы жолбарыстың терісі қайда екенін білесіз бе? Ол бүгінде Ақтоғай ауданының археологиялық-этнографиялық мұражайында сақтаулы тұруы мүмкін. Жәдігерге айналған жирен түсті тағының терісін көргенде осындай ойға қаласың.
Тарихи мағлұматтарды ақтарып қарасақ, Балқаш көлінің жағасындағы қалың қамыста Тұран жолбарысы мекендегені айтылады. Сондай-ақ, хронологияда Балқаш көлінің қамысынан соңғы жолбарыс атылған деседі. Ал, бәрінен де маңыздысы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанның өз алдына тың мәліметі. Өлкетанушының айтуынша, Тұран жолбарысы Балқаштағы ну қамысты 1936 жылға дейін мекендеген. Бұл жолбарыс дәл осы жылы атылған. Жолбарыс малдарға шауып, адамды да жаралап, айбат көрсеткен. «Малым – жанымның садағасы» дейтін қазақ, малды қойып, ақыр соңы адамға шапқан аңды аямастан, қырып салған. Тарғыл тағыны жоспарлы түрде аулау 1891 жылдан басталған. Жедел атылатын жойқын қарумен жарақтанған орыс армиясы отарланған жерді жыртқыштардан тазалау үшін арнайы отрядтар ұйымдастырған. Жекелеген аңшылар да түгі құлпырған қымбат терісі үшін жолбарысты қынадай қырған.
Кеңес үкіметі жолбарыстарды аулауға тыйымды 1947 жылы салған. Бұл кеш қабылданған шара болды. Тұран тағылары Балқаштың қамысы тұрмақ, Қазақстанның өзінде жоқ жануарға айналды. Тіпті, «Қызыл кітапқа» еніп үлгермеді. Десе де, Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамы 2020 жылға қарай Тұран жолбарыстары популяциясын жандандырмақ. Бұл үшін Ресейдің Қиыр Шығысынан генетикалық тұрғыдан тұран жолбарысына жақын келетін амур (уссурий) жолбарысын әкеліп, оны табиғи түрде көбейту үшін Балқаш көлінің оңтүстігінен арнайы қорық құру ұсынылды. Жүзеге асып жатса, құба-құп.
Түйін. «Төріне тарғыл жолбарыс ілінбеген үйде найза ұстар ұл тумайды» деген тәмсіл бар. Ең өкініштісі, ешкімнен тайсалмайтын рухы басым, жыртқыш Тұран жұртының айбаты сынды еді. Енді, міне, мұражайдан тамашалап жүрміз. Бір кем дүние.
Нұрдос КӘРІМ.