Жаңалықтар

Түпкі меже – халық денсаулығының нығаюы

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында қарапайым халықтың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайын арттыру мәселелерін тағы бір мәрте көтерді. «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады» деген Елбасы медициналық қызмет көрсету саласына бірқатар міндеттерді жүктеді. Аталған тапсырмалардың аймақта жүзеге асырылуы жайлы қаладағы №5 емхана директоры Марал БАЯЗИТОВА айтып берді.

– Учаскелік дәрігерлердің жалақысын көтеруді күн сайынғы еңбекті бағалау, көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру деп білеміз. Түрлі мәселемен келген қарапайым халықты қабылдап, мақтауды да даттауды еститін осы учаскелік дәрігерлер десек – артық айтқандық емес…

– Дұрыс айтасыз, учаскелік дәрігерлердің қызметі ауыр. Қабылдауға келген адамдардан бөлек, үйге шақырту жасағандарға бару міндеті бар. Біздің емхана қаланың 65 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді. Олар 39 учаскеге бөлінген. Оның 34-і жалпы тәжірибелік, ал 5-і педиатрлық учаске. Қазіргі таңда аталған учаскелерде барлығы 32 дәрігер жұмыс жасайды, олардың екі-үштен медбикесі бар. Олардан бөлек үш учаскелік дәрігер бала күтіміне байланысты демалыста болса, бесеуі резидентураға түскен. Сондықтан, қазір учаскелік дәрігерлеріміздің мойнында бірнеше учаске бар. Яғни, бір дәрігер 2500-2700 адамның, 500-600 баланың денсаулығына жауапты деген сөз.

 Учаскелік дәрігерлер еңбекақысынан бөлек, жан басына шаққандағы нормативтен ынталандыратын компоненттік сыйақы алады. Бұл – учаскесіндегі оң көрсеткіштерге байланысты төленетін қосымша ақы. Ол 2011 жылдан бастап төленіп келеді.

– Учаскелік дәрігерлердің жиі ауысатыны жұмыстың ауырлығынан ба? Әлде, басқа да себептері бар ма?

 – Әрине, учаскеде жұмыс жасау қиынырақ. Жыл сайын оқу бітіріп келетін жас мамандар біраз уақыт жұмыс істеп, басқа профильдік мамандық таңдап, кетіп қалады, отбасын құрып, кішкентайлы болады деген сияқты. Жыл сайын біздің Қарағанды мемлекеттік медицина университетін қаншама маман бітіріп жатқанымен, кадр жетіспеушілігі бар. Жан-жақтан жиналған студенттер оқу бітірісімен өз аймақтарына кетіп қалады. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені шешуді қолға алды. Биылғы оқу жылынан бастап жас мамандар бекітілген орындарында үш жыл жұмыс жасауы керектігі туралы министрлік қаулы қабылдады. Біз келісім жасасқан студенттер келесі жылы оқу бітірісімен бізге келетін болады.

– Бұл маман жетіспеушілігі мәселесінің оңтайлы шешімі екен. Жас мамандар жұмыспен қамтылады әрі тәжірибе де жинақтайды емес пе?

– Кәсібилік тәжірибемен келеді. Теориялық білім алып, оны ауруханаларда іс жүзінде қолданып келсе де, науқас адаммен бетпе-бет келгенде сапалы қызмет көрсетіп, өзіңді мәдениетті ұстау мәселесі бірінші орында. Түрлі адам бар, барлығының көңілін таба алу мүмкін емес, дегенмен, тырысу қажет. Кемшіліктерді жоюға ұмтылып, қателіктерді екінші рет қайталамау да тәжірибемен келеді. Мұндайда біліктілік арттыру курстарының берері мол. Мамандарымыздың өзін-өзі үнемі дамытып отыруы біз үшін маңызды. Биылғы жылы барлығы 40-50 маманымыз біліктілік арттыру курстарынан өтті. Ол үшін 10 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Тренинг, шеберлік сағаттарын өткізетін мамандарды емханаға шақыртып отырамыз. Сонымен қатар, тәлімгерлік жұмыстары жолға қойылған. Еңбек өтілі көп, тәжірибесі мол дәрігердің қарамағына екі жас маманнан беріп, оларды дәрігерлік іске баулуды тапсырамыз.

– Елбасы айтқан емдеу ісінің жаңа тәсілдеріне тоқталсаңыз…

– Елбасы Жолдауында айтқан емдеу ісінің жаңа тәсілдеріне келетін болсақ, қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында жаңашылдықтар көп. Мысалға айтсақ, денсаулықты басқару бағдарламасы. Бағдарлама арқылы адамдар өз денсаулықтарын өздері қадағалап отыра алады. Ол үшін емханаларда түрлі денсаулық мектептері жұмыс жасайды. Қан қысымы мектебі, инсульт мектебі, жүктілік мектебі, диабет мектебі және осы сияқты басқа бағыттағы мектептерде адам өз денсаулығына байланысты қажетті әрекеттерге үйренеді, маңызды мәліметтерді игереді. Мұнда біз адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыра отырып, аурудың алдын алуды көздейміз. Осының нәтижесінде бір учаскелік дәрігердің қарамағындағы науқастарды 1700 адамға дейін азайту міндеті тұр.

– Жолдауда айтылғандай, келер жылдан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, толықтай цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Емханада цифрлық жүйеге көшу қандай деңгейде?

– Біздің облыс бойынша дәрігерлер мен медбикелердің жұмысы, барлық медициналық құжаттар 2015 жылдың наурыз айынан бастап цифрлық жүйеге көше бастаған. Аймақ көлемінде кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізілді. Алғашқы кезде қиындықтар мен түсінбеушіліктер болды, әрине. Қандай десеңіз, бұл жүйе бойынша дәрігерге тек алдын ала жазылу арқылы келу керек, бұрынғыдай кез келген уақытта бара салуға болмайды, әрі дәрігерден науқасты жазылған уақытында қабылдауы міндеттеледі. Қазір дәрігерге алдын ала жазылу 100 пайызға орындалып келеді деп айта алмаймын, дегенмен, тұрғындардын менталитеті өзгеріп келеді. Шұғыл жағдайлар үшін барлық уақытта кезекші дәрігер қабылдау жүргізеді.

Цифрлық жүйе енгізгеннен бері оң өзгерістерді байқаймыз. Дәрігер үшін де ем іздеп келгендер үшін де жағымды жақтары баршылық. Мәселен, егер емделуші дәрігерге дейінгі кабинеттен өтпесе, дәрігер оны қабылдай алмайды. Флюорографиядан өту де солай. Емделуші туралы барлық мәліметтер ақпараттық жүйеде орналасқан. Барлық дәрігерлер мен медбикелер жүйенің қыр-сырын үйренді, компьютерлік тұрғыда сауатты. Жүйенің кемшіліктерін байқасақ, ұсыныстарымыз бен тілектерімізді бағдарламаны жасаушыларға айтып тұрамыз.

– Елбасы алдағы бір-екі жылда электронды денсаулық паспортын жасауды тапсырды. Ол цифрлық жүйенің нәтижесі екені сөзсіз. Емхана электронды денсаулық паспортына көшуге қаншалықты дайын?

– Бұл туралы Елбасы «…кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді» деп атап өткен болатын. Электрондық денсаулық паспорты кәдімгі амбулаторлық картаның электронды нұсқасы. Мұндай паспорт болуы үшін әр тұрғын белгілі бір емханада тіркелген болу керек. Сондағы учаске қызметкерлері әр адамның электронды денсаулық паспортын толтырады. Біздің жүйедегі электронды денсаулық паспорты бірнеше бөлімнен тұрады. Әуелгі жалпы деректерге туған жылы, күні, айы, мекен-жайы, телефон номері, қан тобы, әлеуметтік статусы, диспансерлік бақылау группасы, қойылған маркерлер сынды ақпараттар жатады. Одан кейін дәрігерге келу кездері мен көшірмелер, стационар көшір мелері, құжаттар, анамнез, динамикалық мағлұматтар, диспансерлік есепке алу, жыл сайынғы диспансерлік өту қағазы, қорытынды диагноздар тізбесі, профилактикалық екпелер, зертхана талдауларының нәтижелері көрсетіледі. Қазіргі таңда емханада тіркелген барлық емделушілердің 70 пайызының электрондық денсаулық паспорты бар. Елбасы айқындаған межеге дейін толықтай көшеміз деп ойлаймын.

Кезекті азайту мақсатында бірінші қабатта цифрлық пост жұмыс жасайды. Сонымен қатар, электронды үкімет сайты, «Даму мед» мобильдік қосымшасы арқылы алдын ала жазылуға болады. Адамдар көп баратын зертханалар, дәрігерге дейінгі кабинеттерге, флюорография, ем-шара кабинеттеріне электронды кезек орнатылған.

– Сіз айтып отырған электронды денсаулық паспортының маңызды міндеттерінің бірі – сыбайлас жемқорлықты жою. Бұл бағытта қандай шаралар қолға алынған?

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары үнемі жүргізіледі. Түрлі іс-шаралар, ақпараттық сипаттағы кездесулер, түсіндіру жұмыстары жасалады. Барлық ақылы қызметтер касса арқылы жүзеге асады. Касса жанында ақылы қызмет прейскуранты ілінген. Емханада бейне бақылау орнатылған. Медициналық тексерістен өту, еңбекке жарамсыздық парағының берілуі жіті қадағаланады. Оның үстіне осы цифрлық жүйе нәтижесінде сыбайлас жемқорлық болуы мүмкін деген жағдайлар азайды. Кезекке тұру, дәрігерге жазылу барлығы электронды түрде жүзеге асады.

– Жыл сайын өткізілетін емханаға тіркелу жұмысы жүргізіліп жатыр. Емхана емделушілерінің қатары артып келе жатқан болар?

– Тегін тіркелу 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында болады. Күніне жаңадан 20 адам тіркелуде. Бұл әрине, емханамыздың беделін білдірсе, екінші жағынан бізге қарасты емделушілердің санын арттыруда. Бір айта кетерлігі, жаңадан тіркелген емделушілерге емдеу шаралары келесі жылдың басынан бастап жүргізіледі. Біздің учаскемізге жатпайтын емделушілер дәрігерді үйге шақырта алмайды, емханаға келіп қана көмек ала алады.

 – Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Жансая ОМАРБЕКОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button