«Түнгі сот»
Сот күндіз ғана емес, түнде де істерді қарап, қаулы шығара береді. Анығында, кешкі сағат 18:30-дан 22:00-ге сағатқа дейін. Жыл – айға, ай – сағатқа, сағат – минутқа теңелгендей болған кезде бұл уақытын үнемдеймін дегендер үшін таптырмас шешім болып тұр. Дегенмен, қарапайым адам үшін «Түнгі сот» атауы таңсық көрінгенімен, жобаның қолданысқа енгеніне биыл бесінші жыл. Ал, Қарағанды облысында 2019 жылы пилоттық жоба ретінде қолға алынған. АҚШ пен Сингапурдың озық тәжірибесіне сүйене отырып енгізілген жобаның тиімділігін Қарағанды қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот судьялары да айтуда. Мәселен, биылғы алты айдың өзінде әкімшілік істер, атап айтқанда жол-көлік оқиғалары бойынша 639 іс қаралған.
«Түнгі сот» тәжірибесі кеше ғана пайда болған жоқ. Оны әлемнің бірқатар елдері табысты қолданып келеді. Мәселен, 2016 жылы АҚШ-та түнгі сағат 01:00-ге дейін жұмыс істейтін алғашқы түнгі сот ашылған болатын. Көршілес Ресейде де 2018 жылы қолданысқа енгізілді. Ал, Қазақстан «Түнгі сот» жобасын Жоғарғы сот делегациясы Сингапур сапарынан келгеннен кейін тәжірибеде қолданып көруді қолға алған.
Түнгі соттың негізгі идеясы – әкімшілік құқықбұзушылық істер бойынша процестік рәсімдерді оңайлату. Атап айтқанда, тараптар бұрынғыша бірнеше ай сенделіп, уақыт жоғалтпастан барлық мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік алады.
Бірақ, түнгі сотқа жүгінудің де өзіндік тәртібі бар. Жоғарыда айтқанымыздай, аталған сот әкімшілік істерді, оның ішінде жол-көлік оқиғаларын қарастырады деп айтқан болатынбыз. Іс жедел қаралуы үшін кінәлі жол-көлік оқиғасындағы өзінің кінәсін толық мойындап, жәбірленушімен келісуі қажет. Әлбетте, кінәлі болса ғана және адам шығыны болмауы тиіс. Ал, құқық қорғау қызметкерлері міндетті түрде сотқа дәлелдемелерді ұсынады.
– Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда жол полициясы қызметкерлері екі тарапқа да істің қаралу тәртібін түсіндіреді. Егер келіссе, өтінішхат жазып, түнгі сотқа жүгіне алады. Жалпы, оқыс оқиға орын алған күннің түнінде қызметкерлер кінәліні алып сотқа келуі тиіс. Іс сотқа келіп түскеннен кейін 1-2 күннің ішінде қарастырып, қаулы шығарып береміз, – дейді Қарағанды қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Венера Махабаева.
Мәселен, 2023 жылғы 8 маусымда сағат 8:48-де Қарағанды қаласындағы Тәттімбет көшесінде Ержан (аты өзгертілді) есімді азамат өзінің басқаруындағы Mercedes-Benz маркалы автокөлігімен ара қашықтықты сақтамай, Айжан (аты өзгертілді) есімді азаматшаның басқаруындағы Hyundai маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасында зардап шеккендер жоқ, тек екі көлік те механикалық зақым алып, материалдық шығын келтірілген. Осылайша Mercedes-Benz автокөлігінің иесі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Аталған бап бойынша, көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
Нәтижесінде, Қарағанды қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Л.Рыбалкинаның қаулысымен Mercedes-Benz автокөлігінің иесі кінәлі деп танылып, 48 300 теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал, жүргізуші куәлігі айыппұл төленгеннен кейін қайтарылады. Бұл – бір түнде шешілген іс. Яғни, кінәлі тарап айыппұл төлегеннен кейін жүргізуші куәлігін де жылдам қайтара алады.
Түнгі сот тек Қарағанды қаласы бойынша жол-көлік оқиғаларына қатысты істерді ғана қарайтынын айту керек. Венера Тұрғанбайқызы түнгі судьялардың жұмысы қыста көбейіп, жаз мезгілінде біраз саябырлайтынын айтады.
– Ауа райына байланысты жол-көлік оқиғалары қыста көп болады. Сондықтан, түнгі сот жүргізушілер үшін өте тиімді. Жұмыс кешкі сағат 18:30-дан кейін басталатындықтан, жұмыстан босай алмайтындар өздерінің кінәларын мойындап, істің жедел қаралуы үшін өтінішхат жазады. Кінәлілердің 80 пайызы кінәларын мойындап келеді, – дейді судья.
Іс қаралғаннан кейін тараптар қаулының дереу заңды күшіне енуі туралы өтінішхат беруге құқылы. Заңды күшіне енген сот қаулысы бойынша жәбірленушілер сақтандыру төлемдерін ала алады. Осылайша, жол-көлік оқиғасы болған сәттен сақтандыру төлемдерін алғанға дейінгі уақыт шамамен 5-7 жұмыс күні аралығында ғана.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz