Тұмса табиғат мекені

Арқаның алтын тәжі атанған тоны алтын, түгі торқа Қарқаралының көркем табиғатын қорғап, сақтауда Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлерінің атқарып отырған еңбегі ерен. Парк қызметкерлері туған өлке табиғатына құрметпен қарап қана қоймай, Табиғат-Ананың құндылықтарын қаз-қалпында сақтап, көздің қарашығындай қорғауды мақсат етіп қойған.

Биыл құрылғанына жиырма жыл толып отырған мекеменің мерейтойы Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Жақында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан өрбіген «Туған жер» бағдарламасы аясында саябақтар шеруін өткізді.

2004 жылдан бастап жүйелі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан акция биыл «Табиғатты қорғайық, болашақты ойлайық» тақырыбымен Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Аталмыш дәстүрлі шарада «Жануарлар әлемі», «Шеберлер қалашығы» атты көрмелер және «Қазақстан табиғаты» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Парк қызметкерлері, мекеме-кәсіпорын басшылары, мектеп оқушылары қатысқан рухани шара алдымен Жер-Анаға тіршілік нұрын сепкен көрікті көктемнің келгенін көрсететін «Аңыз» үлгілі хореографиялық ансамблінің «Бәйшешек» биімен ашылды. Акция аясында бас қосқан жиынға қатысушыларды алдымен аудан әкімі Х.Мақсұтов құттықтай келе, «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары». Қарқаралы – біздің адалбақан діңгегіміз, ақ босағамыз. Ал, оның бұлтпен таласқан көгілдір тауларын, қарағайлы ну орманын, қасиетті топырағын қорғау біздің перзенттік борышымыз», – дей келе, табиғи парк қызметкерлерінің еңбегіне сәттілік тіледі. Ал, Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің директоры Е.Құтпанбаев тіршілік атаулының құтты қонысы, алтын ұя бесігі – тамаша табиғаттың мол байлығын қорғау аясында ұйымдастырылып отырған ақцияның мақсатына кеңінен тоқталып өтті.

Бір сәт болса да адам мен табиғаттың егіз ұғым екенін, бірінсіз-бірінің күні жоқ екендігі, сол себепті жанға шипа, дертке дауа болатын табиғатты қорғау, тек, парк қызметкерлерінің ғана міндеті емес екендігін ашып берген маңызы мәнді шара жас буынға біраз ой салды. Ж.Ғалы, Ж.Атымтай, А.Әбілқасымова патриоттық әндер орындап, жақында ғана Астана қаласында өткен халықаралық байқаудан жүлдемен оралған Қасым ауылының «Шаттық» би тобы, №44 орта мектеп оқушыларының әдемі билері көрермендер қошеметіне бөленді. Адам мен табиғат арасындағы тығыз байланыс, үнсіз үйлесімді, құдіретті күшті көрсететін М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы негізінде балалар мен жасөспірімдер орталығының «Ер Тарғын» қуыршақ театрының театрландырылған көрінісі көпшіліктің көңілінен шықты.

Ұлттық табиғат паркінің жалпы аумағы 112120 гектар. Бүгінде бұл аумақта өсімдіктердің 700-ден астам, аң-құстардың 190-нан астам түрін кездестіруге болады. Тамаша табиғаты, саф ауасымен ерекшеленетін қарағайлы өлкенің табиғи құндылықтарын қорғауда Кент, Бақты, Тау, Қарқаралы орманшылықтарындағы табиғат қорғаушылары еселі еңбек етеді.

Сағыныш Әбілова.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.