Тұмауды екпе ғана тұқыртады
Жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың алдын алу үнемі назар аударуды қажет етеді. Деректер бойынша облыста соңғы бес жылда жыл сайын ЖРВИ мен тұмаудың 60 мыңға жуық жағдайы тіркеледі. Ауырғандардың негізгі үлесін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгиннің айтуынша, аймақта былтыр тұмаудың ерте тіркелуі эпидемиолоиялық маусымның ерекшелігі болды.
Асқынған тұмау – қауіпті
– Өткен эпидемиологиялық маусымдағы тұмаудың жиілігі В вирусы (76%) басым болды. Өлім жағдайлары тіркелген жоқ. COVID-19 пандемиясы ЖРВИ мен тұмаудың этиологиялық құрылымын өзгертіп қана қоймай, жылдар бойы қалыптасқан мерзімі мен инфекцияларды анықтау жиілігін бұзды. Сонымен бірге, жас санаттары да өзгерді. Мәселен, ауырған 65 жастан асқан адамдар саны 2018 жылмен салыстырғанда 2,2%-дан 7,5%-ға дейін өсті, – деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша биылғы эпидемиологиялық маусымда: А/Н1N1, А/H3N2 В вирусының қосылуымен және ықтималдығы жоғары басқа тұмау вирустары арасында А/Н1N1/ тұмау вирустарының айналымы күтілуде. Осыған байланысты, елде санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізу жоспарланған. Соның бірі – екпе жүргізу.
– Тұмау және тұмауға ұқсас аурулардан сақтанудың ең тиімді әдісі – жыл сайын 1 қазаннан 1 желтоқсанға дейін жүргізілетін вакцинация. Биыл жергілікті бюджет қаражатынан тәуекел топтарды вакцинациялаумен қамту үшін 173 000 доза мөлшерінде ресейлік «Гриппол» вакцинасы сатып алынды. Тәуекел тобына диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, сәбилер үйлері, қарттар үйлерінің контингенті, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері және екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер кіреді. Уақытылы вакцинация еңбек ұжымында аурудың таралу қаупін және ауруға шалдыққан жұмыс күндерінің санын азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан, ұйымдар мен кәсіпорындар басшыларына жұмыс берушінің қаражаты есебінен қызметкерлерді тұмауға қарсы вакцинациялау мәселесін шешуді ұсынамыз, – деді Юрий Залыгин.
Білім беру ұйымдарында бір инкубациялық кезең ішінде сынып санынан 20-дан 30%-ға дейінгі оқушылар ауырса, білім беру ұйымдарында оқытудың кабинеттік жүйесінен бас тарту, күнтізбелік он күн ішінде сыныптарға жаңа балаларды қабылдауға тыйым салу ұсынылады. Егер ауырған оқушылар саны 30%-дан асса, оқушыларды онлайн оқытуға ауыстыру жүзеге асырылады.
– Тұмау – ауа арқылы таралатын ауыр жіті вирустық ауру. Әсіресе, балалар ұжымдарында тез таралады. Жалпы, тұмау вирустарына барлық жастағы адамдар сезімтал. Сондықтан, адамдар көп жиналатын жерлерде, әсіресе жабық жерлерде ұзақ болмау, ондай жерлерде маска пайдалану, жөтел этикетін сақтау, қолды сабынмен жуу, бөлмені жиі желдету, ылғалды тазалау жүргізу сияқты кеңестерді сақтаңыздар, – департамент басшысы.
Қызылша қамсыздықты көтермейді
Сонымен қатар, спикер аймақтағы қызылша ауруының таралуы жайлы тоқталды. Оның айтуынша, қызылша күдігімен 175 адам тіркелді, оның 150-і зертханалық расталды. Тұрғындардың ең осал тобы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың арасында балалардың үлес салмағы – 81,4%.
– Қызылша – жоғары температура, тыныс жолдарының қабынуы, ауыз қуысының шырышты қабаттары, конъюнктивит және денеде бөртпе пайда болуымен сипатталатын жедел инфекциялық вирустық ауру. Ол ауа-тамшылы жолмен таралады. Дерт пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынуларымен қауіпті. Сонымен қатар, қызылшаны емдеудің тиімді және нақты әдісі жоқ. Аурудан жалғыз сенімді қорғану жолы – вакцинация, –деді Юрий Леонидович.
Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы вакцинация екі рет: біріншісі 12-15 айлығында, екіншісі алты жаста жүргізіледі. Қызылшаға қарсы вакцина қызамық пен паротитке қарсы компонентпен бірге қолданылады.
– Ағымдағы жылдың сегіз айында облыста қызылшаға қарсы жоспарлы екпені бір жастағы 10 736, 6 жастағы 10 849 бала алды. Өкінішке орай, екпеден бас тарту өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Екпені кейінге қалдыру немесе бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жауапкершілікті ата-ана өз мойнына алады, – дейді департамент басшысы.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz