«Тұмаудан өзге вирустар бар»
Өткен жыл инфекциялық сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай қанағаттанарлық деп бағаланды. Аса қауіпті карантиндік инфекциялар тіркелген жоқ. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің былтырғы жұмысын қорытындылаған департамент басшысы Юрий Залыгин осылай деді.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/WhatsApp-Image-2025-02-07-at-14.44.05-2.jpeg)
Былтыр қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделенгені белгілі. Жүргізілген қосымша жаппай және толықтыра иммундаудың барысында 73 мыңға жуық бала егіліп, өткен жылдың шілдесінен желтоқсанына дейінгі аралықта аурудың тіркелуі бәсеңдеді.
Алайда, қабылданған шараларға қарамастан, көкжөтелмен сырқаттанушылықтың тіркелуі байқалды. Оның себебі – ұжымдық иммунитеттің төмендеуі. Бір жыл ішінде көкжөтелдің 306 жағдайы зертханалық расталды. Ауырғандардың көбі – вакцинацияланбаған балалар. Олардың үлесі 89%-дан асады. Аурудың ең көп тіркелген кезі – жаз мезгілі. Дегенмен, жылдың соңына қарай эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанып, ауырғандар саны екі есе азайды.
– Қазіргі уақытта ЖРВИ, тұмаумен сырқаттанушылық деңгейінің маусымдық өсуі байқалады. Эпидемиялық маусым басталғаннан бері облыста ЖРВИ-дің 54 мыңға жуық жағдайы тіркелді. Оның ішінде балалардың үлес салмағы 58%. Зертханалық расталған тұмаудың 59 жағдайы тіркелген. Оның ішінде А1 – 57 жағдай, А3 және В тұмаулары бір жағдайдан тіркелді, – деді Юрий Залыгин.
Спикердің айтуынша, аймақта тұмауға жатпайтын вирустар да айналымда бар. 2024-2025 жылдары ағымдағы маусымда ЖРВИ белгілері бар науқастардан 799 үлгі зерттелді. Негізінен риновирус (28%), респираторлық-сенцитиалды вирус (17%), парагрипп (10%) анықталды.
Департамент басшысы инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың алдын алу мәселелеріне тоқталды.
– Облыс аумағында 2024 жылы тамақтану объектілерімен байланысты ботулизм және жаппай тамақтан улану жағдайлары тіркелген жоқ. Өнімді сату кезінде оның қауіпсіздігін бақылау мақсатында 2024 жылғы шілдеден бастап күшіне енген заң аясындағы актілерге байланысты профилактикалық бақылаудың жаңа нысаны ретінде бақылаумен сатып алу аясында іс-шаралар басталды. Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкес келмейтін тамақ өнімдерін сату фактілері анықталуда. Бұл барлық анықталған сәйкес келмейтін өнімнің 20%-ын құрайды. Сынамалардың физикалық-химиялық көрсеткіштері таңбалау көрсеткіштеріне сәйкес келмейді. Яғни сауда объектілері қате таңбаланған өнімді қабылдап, сатуды жалғастыратынын көрсетеді. Бұл оның қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді, – деді ол.
Негізінен сәйкес келмейтін өнімдер Қытай, Ресей, Чехия, Өзбекстан, Корея, Қырғызстан, Бангладеш, Ауғанстан немесе шығу тегі белгісіз басқа елдерде өндірілген және әкелінген.
Былтыр микробиологиялық көрсеткіштер бойынша ауызсу сынамаларының гигиеналық талаптарға сәйкес келмеуінің үлес салмағы 0,08%-ды құрады. Бұл республикалық көрсеткіштен 2%-ға төмен. Санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша ауыз судың сәйкес келмейтін сынамаларының үлес салмағы 1,8%. Сонымен қатар, атмосфералық ауаға 62 000-нан астам өлшем жүргізілді. Оның ішінде шекті-реттелген концентрациядан 597-сі (0,9%) асқан.
– Атмосфералық ауаның ластануынан халық денсаулығының бұзылуының қауіп факторларын анықтау үшін Қарағанды және Теміртау қалаларында қауіп-қатерді бағалау жүргізілді. Диоксид, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, формальдегид, фенол, шаңдату заттары және аммиак бойынша тыныс алу органдарына әсер ету бағытында жиынтық тәуекелдер (HI) 0,3-тен 1,0-ге дейін рұқсат етілген норма деңгейінде болды, – деді спикер.
Балалар арасында соматикалық сырқаттанушылықтың алдын алу – департамент қызметінің басым бағыттарының бірі. Былтыр білім алушылардың 98%-ы жыл сайынғы тереңдетілген медициналық тексерумен қамтылды. Медициналық тексерулердің нәтижелері бойынша ең көп жағдай көру органдарының патологиясына тиесілі – 64%, екінші орында – сколиоз, 22,5%, үшінші орында – жүйке жүйесінің патологиясы – 14%.
– 2023 жылмен салыстырғанда сколиозбен сырқаттанушылық 4,5%-ға өскен. Бұл көп жағдайда оқу жиһазының білім алушылардың өсу-жас ерекшелігіне сәйкес келмеуімен байланысты. Былтыр білім беру мекемелерін тексеру барысында оқу жиһазының жүргізілген өлшемдерінің 22%-ы нормативтерге сәйкес келмейтіні анықталды. Олқылықты жою үшін білім беру объектілерінің басшыларына тиісті ұсынымдар берілді, – деді ол.
Департамент басшысы сонымен қатар, облыстық білім басқармасымен бірлесіп, қала сыртындағы балалар сауықтыру ұйымдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету саласындағы нормативтік-құқықтық актілер талаптарының орындалуына бақылау жасайтындығын жеткізді.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»